Аңшының әңгімесі
Әр ортаның өз қызығы болады. Түрлі кәсіп иелерінің арасында, сан саланың қызығына куә бола жүріп, журналистік жолда көбін қаламға арқау еттім. Кейбірі есте қалды, енді бірі көмескіленді. Солардың бірі саятшылық құрып, аң аулайтындар тобы еді. Өз істерін кәсіп емес, ермекке санайтындардан біздің өңірде мекендейтін жан-жануарлар, өсімдіктердің қай-қайсысын сұрасаң да ашық та, анық әңгімелеуге ықыласты. Жаңа жыл қарсаңында құралайды көзге атқан аңшы азаматтың бірімен жолығып, доңыз жануарының беймәлім қыры туралы сұрауды жөн деп таптым.
Дала доңызының еті — дәрумен
—Доңыз — біздің жерді мекендейтін жануардың бірі. Оның қолға үйренгені де, жабайы түрі де болады. Біз, мұсылман халқы, оны харамға санаймыз ғой. Етін қорек ететін халықтар жабайы түрі пайдалы дейді, — деп бастаған сөзін сәл тамағын кенеп алып, жалғастырды. — Қолда бағылған шошқалар не берсең де жей береді. Ал, жабайылары тек шөптің тамырымен қоректенеді екен. Күріштік, жүгерілік алқапта жұмыс істейтін жігіттерден шошқалар астықтарды аударып кетіп жататынын жиі естиміз. Біз көріп жүрген дала доңыздарының аналығы 120-130 келіге дейін тартса, аталығы 180 келіге дейінгі салмақты құрайды. Аналығы 4-10-ға дейін торайлайды. Қазақта «қабандай» деген сөз бар. Бұл доңыздың қазақ жерінде көптеп кездесетінін білдірсе керек.
Олардың мекендері де қызық. Бір жағы қалың нулы, екінші жағы сулы жерді мекендейді. Бірде бір танысым балық аулап жүріп, дөңгелекше келген топырақ үйіндінің үстінде тұрса, аяғының асты жыбырлап кетеді. Сөйтсе, ол шошқалардың тұрағы екен. Әлден уақыттан соң шыңғырған торайлар шұбырып, артқы жағынан қаша жөнеліпті. Сонда ұққаным, олардың апандарының негізгі кірер аузымен бірге, қосалқы шығатын көзі де болады екен.
Жас кезімде бірнеше рет қызық қуып, қабан алғаным бар. Оларды орыс ұлтты азаматтарға сыйға беретінбіз.
Қысқа тұяқтың қауқары көп
Бір қарағанда, доңыздың сыртқы сипаты қызық. Қысқа тұяқтары ауыр денесін көтере алмай тұрғандай. Алайда оның қауқары күшті. Суда жақсы жүзеді, құрлықта да шапшаң жүгіруге беиім. Жылдамдықтары жоғары. Мұзға тайғақтамайды, батпаққа батпайды. Аша тұяғынан бөлек аяғының төменге жақын тұсында шығынқы шағын сүйегі болады. Оларды даралайтын ұзын тістері қорғаныш құралы, мүйіз қызметін атқарады.
Қысы-жазы арымайды. Далалығының түрі көкшолан келеді.
Азулылары 5-6 аналыққа дейін тартып ала береді. Белгілі бір өздерінің шағылысу кезеңі болғанда ғана аналықтары — мегежіндер ертеді. Басқа уақытта қабандар дара жүреді. Олардың иіс сезгіштік, алыстан есту қабілеттері жақсы дамыған. Жүруі қиын жерлерде тірішілік етуге бейімділігі, шыдамдылығы мен «жарақатқа төзімділігі» мықты.
Атып болған соң қашып кеткен олжа
Қабанды нағыз аңшы ауламаса, кез келген адам атып ала-алмайды. Ол тиіспегенге алғаш болып шаппайтын текті жануар. Кейбіреулер қабан терісі қатты, сондықтан оқ өтпейді деп жатады. Олардың жанды жері — жүрегінің тұсы, жұлыны, құлақ түбі, омыртқасы. Иығының төменіндегі қолдау деп аталатын тұсы болады. Сол жердің терісінен оқ өтпейді. Жалпы тек жүрсең тиіспейтін жануардың қауқары жоғары. Олар ауыр ауылшаруашылық техникаларын ұзын тістерімен соға алады. «ГАЗ-66» деген ауыр машинаны аударып салып, радиаторын қақ айырып, үш күн далада қалған. Адамды жарып жібереді.
Екі үш жыл бұрын үш-төрт адам болып далалыққа шыққанымызда, қарсы кездескен қабанды атуды арамыздағы ең жасымыз Сәбитке ұсындық. Ол мылтығының шүріппесін басып, шошқамызды алуға жақындай бергенімізде, олжамыз тұра қашып, бәрімізді қызыққа батырған. Бақсақ, серігіміз бытырамен атқан екен. Қабанды ататын арнайы «қабаноқ» деген оқ түрі болады. Оны білмейтін болып шықты.
Жалпы кәсіби қабан аулаушылардың айтуынша, оларды қолға түсірудің бірнеше түрі болады.
Түйін
Бұрын топталып жүретін дала шошқаларын көптеп кездестіретінбіз. Қазіргі жайсыз ауа райының әсері ме, әлде заңсыз броконерлік жолмен тұзақтау көбейді ме, қабандар қатары кеміген.
Жоғарыда айтып өткендей, табиғат сыйлаған керемет физиологиялық қасиеттері арқасында қабан аулау ең қиын және олжалығы жағынан пайдалы аңшылық саналады. Дегенмен, аң аулап, саят құру — сейілдің бір түрі деп туған табиғатқа орынсыз залал келтірмеу — әрбір табиғат сүйген, туған жерін қастерлейтін жанның парызы болуы тиіс, — деп әңгімесін аяқтады.
А.МЕЙІРХАНОВА.
qazaly.kz