Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы карантинге жабылады
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы карантинге жабылады. Бұл жөнінде аймақ әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың аймақта короновирус індетінен қалыптасқан жағдайға байланысты тұрғындарға үндеуінде айтылды, деп хабарлайды www.inform.kz.
Қазіргі уақытта Қызылорда облысында короновирус індетімен ауырған 18 азамат тіркелді. Жағдай күрделене түсуде. Қазіргі таңда бұл азаматтардың 5-еуі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына, 13-і Жанақорған ауданаралық ауруханасына жатқызылды. Осы науқастармен қарым-қатынаста болған 388 адам анықталды. Оның ішінде 101-і тығыз қарым-қатынаста болған. Барлық азаматтар карантиндік бақылауға алынды. Негізінен ең алғашқы анықталған адаммен қарым-қатынаста болған науқас арқылы 13 адамға вирус жұққан, - деді облыс әкімі.
Атап өтілгендей, бүгін жаңадан тіркелген 9 адамның 8-і бір үйдің тұрғындары. Оның ішінде 3-еуі 14 жасқа дейінгі балалар.
Қазір барлық қажетті іс-шаралар қолға алынуда. Қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, оқшалануда. Індет анықталған жерлер әскерилер мен жергілікті мекемелер арқылы залалсыздандырылады. Қалыптасқан жағдайға байланысты Жаңақорған ауданын карантинге жабу туралы тапсырма берілді. Көліктердің кіріп-шығуына барынша шектеу қойылуы тиіс. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін осындай шаралар қолдануымыз қажет, - деді Г.Әбдіқалықова.
Құрметті қызылордалықтар, короновирус індетінің таралуының алдын алу талаптарын қатаң сақтауға тиіспіз. Қазір кез келген адам вирус жұқтыруы мүмкін. Барлық тұрғындар дерттен оқшауланғаны дұрыс. Елді жөнсіз дүрліктірмес үшін ресми ақпараттарға сүйенуіміз қажет. Төтенше жағдай талаптарын бұзғандарға заң аясында қатаң шаралар қолданылатынын ескертемін, - деді аймақ басшысы.
Өңірдің Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес 2020 жылдың 31 наурызы сағат 00:00-ден бастап, 2020 жылдың 15 сәуірі сағат 07:00-ге дейін Қызылорда қаласында карантин және Қызылорда облысы аумағы бойынша шектеу шаралары енгізіледі.