Короновирус: екеуі – Қызылорда қаласында, біреуі – Жаңақорғанда
Қызылорда қаласында коронавирус жұқтырғандар саны 5-ге жеткеніне байланысты Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов шұғыл түрде науқастардың жағдайын баяндады, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
«Бүгінгі күнде Қызылорда облысында коронавирустың 5 жағдайы тіркелді. Оның 2-уі бұған дейін хабарланған болатын. Бүгін таңертең үш жағдай лаборатиориялық зерттеулер арқылы нақтыланып отыр. Оның біреуі өткендегі екі науқаспен қарым-қатынаста болған азамат. Қазіргі таңда Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылды. Кеше анализдер алынып, бүгін таңертең дәлелденіп отыр. Екінші пациент 20 наурызда Америкадан Қызылорда қаласына келген. Ол 1 «Б» санатына жататын елден келгендіктен үйдегі карантинге алынған болатын. Кеше дене қызуының көтерілуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, анализі алынып, оң дәлелденді. Үшінші азамат осы Қызылорда қаласының тұрғыны. Дене қызуының көтерілуіне және денесінде бөртпе пайда болуына байланысты шағымданып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында зерттемесі алынды. Оның да анализдері оң дәлелденіп отыр. Ол осы уақытқа дейінші қызылша ауруына күдіктелген», – деді Жақсылық Абдусаметов.
Басқарма басшысы науқастардың жағдайына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, АҚШ-тан келген азаматтың жағдайы қанағаттанарлық, шағымы тек дене қызуының көтерілуіне болып отыр. Жаңақорған ауданаралық ауруханасында жатқан науқастың жағдайы орташа ауыр деп айтуға болады. Оның шағымы жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілуі.
Ал үшінші науқаста улану сиптомдары және қосымша қызылша дерті бар екені анықталды. Сондықтан оның да жағдайы орташа аурылықта деп баға берілді.
«Қазіргі таңда бекітілген хаттамаға сәйкес, емі жүргізілуде. Қызылшамен ауырып түскен науқастың жағдайы кешегі күнге қарағанда жақсаруда», – дейді басқарма басшысы.