Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Төлепберген молданың тағдыры

Төлепберген молданың тағдыры

Қаймана қазақтың маңдайында Құдай жолын насихаттайтын, көненің көзін өзіне аманат санап, халықты ағарту жолында ғұмырын сарп ете білген ұлылар болған. Олардың көпшілігін бүгінгі ұрпақ оқып, танып жүргенмен, тағы бір парасының есімі тарих беттерінде тұмшаланып, айтусыз қалып жүргені жасырын емес. Біз әңгіме еткелі отырған Төлепберген Бегалиев молда патша үкіметі тұсындағы тиым-шектеуге қарамастан өздерін әлмисақтан мұсылман санаған жұртшылықтың дінге бір қадам жақын болуына, Құдайды таныту жолында орасан еңбек еткен.
Оны қызы Айша әжейдің үйіндегі XIX ғасырға тиесілі көне Құран кітаптары мен Төлепберген молданың қолжазбаларынан анық байқауға болады. Онда бұдан бөлек құрма мен адыраспан дәндерінен жасалған тасбих пен  құранның бірнеше түрі сақталған. Ал осынша құнды дүниені келешекке мұра етіп, саналы ғұмырын дін ғылымына арнаған молданың өмір жолы әркімді қызықтыратыны анық.
Төлепберген Бегалиев 1900 жылы Қазалы ауданында, шаруа отбасында дүниеге келген. Оң-солын танығаннан кейін әкесі молдаға сауат аштырады. Сегіз жылдық қазақ мектебіндегі оқуын тәмамдаған соң дін жолына түскен жас жігіт Ташкент қаласындағы медреседе білімін жетілдірген. Жастайынан жаңашыл дүниеге жаны құмар ол бұнымен де тоқтамай теміржол техникумын бітіріп, жол бойына жұмысқа орналасқан. Теміржол депосында жұмыс жасай жүріп діни сауатын жетілдірумен қатар айналысқан. Айша әжейдің айтуынша, әкесінің бойындағы құдайшылыққа деген ізгі қасиет нағашы жұртынан берілген көрінеді.
Төлепберген Бегалиев жастайынан көп жерде білім алған. Ұстаздары да айтарлықтай көп болған. Бірақ Айша апаның есінде қалғаны ұлты татар молда ғана екен. Теміржолдағы 40 жылғы қызметтен соң зейнетке шыққан молда әрі қарайғы білімін осы кісіден алған. Сонымен бірге әкесінің шәкірт тәрбиелеуді жаны сүйген көрінеді. Кеңес үкіметінің азуы батып тұрған шақта Сапар ата есімді қария арнайылап үйіне келіп, сабақ алатын болған. Бұдан бөлек ауданда жауапты қызметте істеген тұлғаларға дейін діни сауатын жетілдірген екен.
– Бірде жақын туыстарымыз қонаққа шақырды. Жиналғандардың арасынан жасы жиырмадан асқан болуы керек, медресе бітірген бала маған қарап отырғанын байқадым. Сәлден соң: “Апа-ау, Құран кітаптың ортасында отырсыз ғой”, – деді. Мен әкемнен қалған қорап-қорап көне кітаптар бар екенін айтып, оны қайдан біліп отырғанын сұрадым. Ол сезетінін айтты. Діни сауаты бар екеніне көз жеткізген соң үйге ертіп келдім. Жәдігерді көргенде таңданысын жасырмады. Біріне-бірі араласып жатқан кітаптарды қасиетіне қарай сорттап, түсіндіріп берді, – дейді Айша әжей.
Байырғы молдалардың Құдайдан медет сұрап, адам емдейтін қасиеті болғанын білеміз. Бұндай істі әсіресе мешіт имамдары қолға алатын. Бір жылдары қазіргі «Қожаназар ишан» мешітінде Әбдірауық Жанқылыш есімді имам болған. Төлепберген молда осы кісіден кейін мешіттің имамы қызметін қабылдапты. Осындай бір күні тал түсте молда үйінің алдына көне көліктен өзбек ұлтына ұқсайтын 3 адам түседі. Айша әжей қонақтардың арасындағы 14-15 жасар бала айрықша көзге түскенін айтады. Кейінірек жөн сұраса келе жасөспірім баланың ауруға ұшырап, көзінен нұры тайғаны белгілі болады. Адаммен сөйлескені былай тұрсын, айналасына қарамайтын кеселге шалдыққан. Өзбекстандағы білікті емшіге апарып, кітап аштырса, ол Оңтүстік бағытта бір мешітте сары өңді, көк көзді имам барын, баланы соған апару керектігін айтады. Сапарға шыққандар Сыр өңіріне келіп, кездескендерден әлгі имам туралы сұрайды. Ал жөн сілтеушілер Төлепберген молда болса керек деп тұспалдайды. Аздаған уақыттан кейін молда келіп, жолаушыларға адам емдемейтінін айтып, кері қайтарғысы келеді. Бірақ үкілеген үмітін үзгісі келмегендер қолқалап тұрып алады. Молданың келіспеске амалы болмай, бес уақыт намазын түгел мешітте оқитындықтан, сонда алып кетеді. Кетерінде науқастың жанашырларына: “5 уақыт намазымды осында оқимын. Мен келер бұрын баланы алдыма алып шығасыңдар”, – деп тапсырады. Сөйтіп он күн бойы алдынан шыққан балаға дем салып, Құран сүрелерін оқиды. Бұдан қандай нәтиже болғаны белгісіз, жолаушылар келген жолдарымен кері қайтады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін молда үйіне ер жетіп қалған жігіт пен туыстары қайта келген. Әлгі балақай ауруынан құлан таза айығып, отау құрмақ ниетпен молдадан батасын алып кетуге келген деседі. Бұл оқиғаны Айша әжейге анасы айтып берген екен. Төлепберген молда бұдан басқа талай сырқаттанған жандарды Құран көмегімен аяқтарына тұрғызған көрінеді.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
22 қазан 2019 ж. 1 052 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930