Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройы асқақ азамат

Абыройы асқақ азамат


Бүгінгі әлеуеті мен келбеті келіскен Қазалы ауданы қас қағым сәтте осындай дәрежеге жетті деп айта алмаймыз. Ол үшін қаншама жайсаң жандар туған жердің дамуы үшін аянбай еңбек етіп, бар күштерін, жастық жалынын сарп етті. Есесіне бүгінгі ұрпақ алдыңғы буын жасаған кешенді істің кереметін көріп жатыр. Саналы ғұмырын жанына жақын ауылын гүлдендіруге арнаған бірқатар ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың өмір жолы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында көпшілікке насихатталуда. Ал бүгін сексеннің сеңгіріне шыққан еңбек ардагері Кеңесбай Иманбай туралы айтатын боламыз.

Аудан тарихында ойып тұрып орын алатын Кеңесбай Иманбайұлы 1939 жылы бұрынғы №8 Қаракөл ауыл советінде дүниеге келген. Сондағы Андреев атындағы жеті жылдық мектепті аяқтаған. 1955-1956 жылы №67 мектептің оныншы сыныбын тәмамдады. Жастайынан қара жұмыстан беті қайтпайтын еңбекқор жігіт болып қалыптасты. Бұдан бөлек есеп-қисапты ойша шешіп, логикалық сұрақтарға оңай жауап беруге дағдыланған. 1957 жылы ұжымшар есепшілерін дайындайтын курсқа қабылданып, бітірген соң Бозкөл совхозында екі жылдан аса мамандығы бойынша еңбек етеді.

Осы сәтте Кеңесбайға әскерден шақырту қағазы келеді. Отан алдындағы борышты өтеу әрбір ер азаматтың қасиетті парызы екенін жете түсіне білген азамат 1959 жылы екі жылдық әскерге аттанады. Кеңес әскері қатарында жүріп, міндетін өтеген теңіз флоты жас жігіттің одан әрі ізденуіне, білімін жетілдіруіне ерекше әсер еткен. Елге оралғаннан кейін Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономикалық ұйымдастыру мамандығын даярлайтын факультетке қабылданады. Білім ала жүріп, өмірлік жары Зәрумен кездесіп, отау құрады. Диплом алған бойда 1967-1972 жылдары Қызылқұм кеңшарында бас экономист, бұдан кейін бес жыл бойы Бөзкөл кеңшарында бас есепші қызметін атқарған.

Ерінбей еткен еңбек қашанда жоғары бағаланатыны белгілі. Оның үстіне Кәкеңнің бойында жиған біліміне сай ұжымды ұйымдастыру мен басшылық қабілеті қатар үндесетін. Сондықтан 1977-1995 жылдар аралығында РайПО, АПО атанған мекемелерде басқарма басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Біраз жылғы тынымсыз қызметтен кейін 1995 жылы еңбек демалысына шықты.
Алайда туған жердегі тұралап қалған шаруалар мен зейнеткердің еңбекке деген сүйіспеншілігі оның алаңсыз отыруына мұрша бермеді. Бар ғұмырын ауданның экономикасы мен ауылшаруашылығына арнап, егістік жерлерді күрделі тегістеу, инженерлік жүйе қалыптастыру және топырақтың көп бөлігін құнарландыруға өз үлесін қоса білген азамат кәнігі ісіне қайта кірісті.

Осылайша 1997 жылы өзі туған ауылда орналасқан “Бозкөл” серіктестігінің төрағасы болып тағайындалады. Бұл жерде де жылдар бойы жиған тәжірибесін қолданып, ауыл төңірегіндегі тың жерлерді игерудің барлық мүмкіндігін қарастырды. 300 гектар алқапқа күріш егіп, мұндағы қойдың санын мыңға жеткізген. Бұдан бөлек балықшылар бригадасын құрып, «Ақкөл» мен «Мәриям» көлдерінен балық аулап, ұзақ жылдар бойы ауылдас­тарын азықпен қамтамасыз етті.

Осындай қарбалас жұмыстарды атқара жүріп, ауыл шаруашылығы саласы бастауыш партия комитетінің төрағасы, аудандық, облыстық партия конференцияларының делегаты болды. Сонымен қатар бірнеше рет аудандық, облыстық Кеңестің, 1999 және 2003 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Серіктестік басшылығын 2008 жылдың сәуір айына дейін атқарып, бейнеттің зейнетін көрмек ниетте демалысқа шықты.

“Ердің атын еңбек шығарады” деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Мұндай үлгілі адамдар марапатсыз қалмайтыны анық. Кеңесбай Иманбайұлы жемісті еңбектері үшін 2001 жылы “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 – жыл”, 2004 жылы “Тыңға – 50 жыл”, 2009 жылы “Қызылорда облысына – 70 жыл” және 2017 жылы “Ардагерлер ұйымына – 30 жыл” мемлекеттік медальдарымен марапатталды. Бұған дейінгі басшылық тарапынан, басқармадан алған Алғыс хаттары өз алдына бөлек әңгіме.
Қазіргі таңда Кеңесбай ақсақал он бала тәрбиелеп, олардан 30 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Есепсіз еткен еңбегінің арқасында, ел-жұртының ыстық ықыласына бөленген азаматтың абыройы асқақ, мәртебесі биік.
 
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
01 маусым 2019 ж. 1 289 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930