Құмалақшы салған сарсаң
Той жақсы өткенімен, Сәуленің көңіл-күйі жоқ еді. Жақын ағайынның бірі кешкі дастарқан басында «Той өз шығынын жапты» десе, екіншісі Сәуленің қадамы құтты болдыға санап, маңдайынан мейірлене иіскеді. Расында тойға түскен қаржы жағы қомақты.
Түркістанның «мен» деген тойханасындағы қызықты думанға алыс-жақындағылар түгелге жуық жиналды. Тек мұның көңіліне кірбің ұялатқан жағдай мазалайды. Ол тойханада ерлі-зайыптыларға тарту етілген бір уыс алтынның ізім-қайым жоқ болғаны. Біреуден көрейін десе, бөлмеде ешкім күтпеген амал жасауға әркеттенбеген сияқты. Өзі «осы жерге қойдым-ау», «осында қалдырған болармын» деген орындарды бірнеше қайтара қарап шықты. Күйеуі Мақсаттан сұрағанында қысқа ғана: «Білмеймін, бір жерде тұрған шығар», – деп ұйқыға басты. «Қалай тұрады?.. Менің әпкем таққан жауһар тасты қалың алқа, ата-анам сыйлаған жүзік-сырға, құрбы, туыстарым алып келген бірнеше алтынды мен уайымдап әлек болсам, мұның мүлде ісі жоқ», – деп іштей алай-дүлей күйге енді.
Таңертеңгі шайды құйып отырғанда Сәуленің мазасыз кейпін байқаған енесі: «Саған не болған?» – деді. Бұл: «Жай, шаршаған болуым керек», – дей салды. «Мақсаттың тарапынан бірдеңе болмады ма?» – деген Бибіжамал апа келінінің қас-қабағынан мәселе онда еместігін аңғарды. Әңгімесін жалғап: «Сәулежан, шүкір, той жаман өткен жоқ. Келгендер әлі де телефон шалып, жақсы болғанын айтып жатыр. Айтайын дегенім, қазақта ертеректе «Шарғы» деген салт болған. Ұзатылар қыз сіңлісіне орамал сыйға тартады. Шарғыны келін түскен үйінде де жасайды. Сондықтан екеуіңнің тілегіңді тілеп, той аяқталғанша жар құлағы жастыққа тимеген жалғыз Манзурама алтындарыңның бірін сыйласаң, дұрыс болар еді. Қанша дегенмен, оның да құрбы-құрдастары, ұжымдастары бар дегендей...», – деп әңгімесінің соңын күмілжи аяқтады. Сәуле құдды жасырған құпиясы әшкере болғандай, жүзі алабұртып кетсе де, басын төмен салып: «Жарайды, апа, өзім де солай еткім келіп жүрген. Тек адамдар аяғы басылсын. Кенже қалағанын алар», – дегенді айтса да даусына діріл араласып кеткенін сезді.
Арада бір аптаға жуық уақыт өткенде құрбысы Үміт хал-жайын білмекке хабарласқанында, сырын кімге ақтарарын білмей жүрген Сәуле өксіп жылап жіберді. Мұнысына таң қалған дос қызы мәселенің мән-жайын қайталай сұрап, шешудің бір амалын табатынын айтты.
Кешкілік қалта телефонынан «Құрбың Түркістандағы ең мықты палшыны тапты. Барлығы мақтап жатыр. Барған адамдар жоғалтқанын табады екен. Сосын жолыңды ашатын көрінеді. Қайдан білесің, қазір «көре алмаушылық» көп. Саған да біреудің қастығы шығар» деген мәтіндегі хабарлама алды.
Үміт жіберген мекенжайға барудың да орайы туды. Екі күннен соң мұны жұмысындағылар тексеру қағаздарына байланысты шұғыл шақыртты. Мектептегі ісін бітіре салысымен, асығыс Зулья есімді болжамшы әйелдің үйіне бет алды.
Орта жастағы аса көрікті болмаса да, өзіне тән нәзіктігі бар қараторы келіншек алдындағы ақ жаймаға құмалағын шашып жіберді де, басын бір шайқап алып: «Қызым, үлкен уайымның үстінде жүр екенсің. Оныңды не жақының, не күйеуің ұғынбайды. «Екі оттың ортасында қалған» деген осы...», – деп алдындағы шайын ұрттап алғанда, күткені айнымай келгендей Сәуле көз жасы көл болып отырып, өзінің сырын жайып салды. Құмалақшы да алдындағы суық шайын ұсынып: «Жылап ал, жеңілдейсің», – деп асықпай бетіне бір қарап алып, сөзін жалғастыра түсті.
– Қатты қуанып тұрып, ренжігенің санаңа салмақ салыпты. Бұлай жүре берсең, ауруға шалдығасың. Қорықпа, әрбір нәрсенің шешімі табылады... – деді жұмбақтап.
Сәуле:
– Қандай шешімі болуы мүмкін? Қанша байлық. Енем болса жұмыртқалайтын тауыққа ұқсап: «Қайын сіңліңе бір алтыныңды бер» дей берсе, күйеуім: «Қайдағы бір тас үшін ағайыннан шығар жайым жоқ» дейді, – деді ағынан ақтарыла.
– Мына құмалақты көрдің бе? – деп әйел әрі қарай айлаға көше бастады. – Жатысы жайсыз. Ол кездейсоқ емес. Сенің бағыңды көре алмайтын үйіңнің шығыс жақ бетінде тұратын бір көршің бар екен. Түсі қара, арық келген келіншек. Сол жақ бетінде меңі бар екен. Қысастық содан келіп тұр.
– Мен не істей аламын?
– Менің құмалағым бойынша ол сенің бұйымдарыңды алғанымен, әзірге ешқайда жібермеген. Мүмкін, ойланып әкеліп берер. Әлде сонда алтынды қайда, қай ретпен жұмсардың амалын таба алмай тұрғаны анық, – деді де тастарын жинап тастады.
Садақаға берген ақшаны алған құмалақшы келіншек телефон нөмірі жазылған есімхатын беріп жатып: «Тұзың – жеңіл, қаның – тұщы екен. Тағы бірде хабарласып келерсің, жолыңды ашып берейін», – деді.
Бұрын-соңды «Сәуегейлер – Алланың әміріне қарсы келушілер» деп ойлайтын Сәуле сол жолы пікірінен бір рет болса да айнығанына қуанды.
Сосын шығыс жақ беттегі көршілерді түгендей бастады.
Тапты. Ұлжалғас! Иә, қараторы жас келіншек, шығыс жақ беткейде тұрады. Бетінің әр жерінде меңдері бар. Сәуегейге солардың бірі көрінген шығар.
Ұлжалғас – Сәуле мен Мақсатты таныстырып, табыстырған жан. Сәулемен оқу орнында қатар оқыған қыздың Мақсат туыс ағасы болып келеді. Үйлерінің аралары да жақын. Келін болып түскен күннен келіннің өзіне «Гугл» деп ат қойған осы қайын сіңлісінен мұның үйренгені көп. Бір нәрсе жасарда міндетті түрде екеуі ақылдасады. Қажетті ұсақ-түйекті сұрап алады. Ұлжалғас та ата-ене, үш баласына қарамай, қолы қалт етсе, Сәулеге көмектесуден аянған емес. Тіпті қонақ күтер болса да барлық дәмді тағамды пісірісіп көмектесетін.
Осындай жанашыр деген жанның өзіне «қастық» жасағанына Сәуле іштей қатты күйінді. Үйге келсе, Манзураның біреумен сөйлесіп отырған дауысын естіді. Жақындап барса, Ұлжалғас екен. Шай ішіп отырған қос қыз жеңгелеріне ілтипат білдірді.
Киімін ауыстырып келген соң дастарқан басына жайғасқан Сәуленің түрін көрген Гугл қайын сіңлісі: «Ау, жеңеше, саған не болған? Өрт сөндіріп келген адамға ұқсап...» – деді. Бұл:
– Иә, дұрыс таптың. Өрттің қайдан шыққанын біліп келдім. Енді сөндірмекпін, – деді қызына. Не болғанын түсінбеген екеуі бір-бірінің бетіне қарады. Ары қарай шай үнсіз ішілді.
Сәуленің Ұлжалғасқа деген өшпенділігі өрши түсті. Істеген ісі, оған қатысты естеліктердің бәрін жек көрді. Кездессе, тұспалдап әңгіме айтса да, Ұлжалғастың түсінер түрі жоқ. Соңғы күндері ол да мұнан бойын аулақ ұстай бастады. Олай етпегенде қайтсін. Келсе, тыжырына қалады, бір нәрсе сұрай қалса, бар болса да, «жоқ» дейді. Бұрынғыдай емен-жарқын қатынас жоғын көршісі де ұғынса керек. Алғашында ауырлау болса да, қазір Сәуле шығыс жақ беттегі үйге аттап баспайтын болған. Онысын «Тауықсыз да таңым атқан» деп қояды өзінше.
Жақында құмалақшы әйелге тағы жолы түскен. Сонда ол: «Мына қатын алтындарыңа бауыр басып қалғаны сонша, иесіне беру туралы ойынан мүлдем бас тартыпты. Саспа, оңай пайда ешкімге опа бермейді. Жақында үлкен шығынға ұшырайын деп тұр екен. Алтындарыңды қайтара алмайсың. «Басымның садақасы» дей бер, – дегенді айтқанына бұл да көндікті.
Арада бір апта өтер-өтпестен Ұлжалғастың үйінен алау тұтанды. Балалар бөлмесінде қосылып тұрған үй шамнан шыққан от жарқылы ортаншы ұлының сентифон көрпесіне, жанындағы жұмсақ ойыншығына шашырап, үйдің іші түтіндеген. Салдарынан үлкен өрт болса да, кішкентайлар иісінен уланып, екеуі аналарымен ауруханаға жатып шықты. «Көңілін сұрап барып қайт» деп қолқалағанымен, онысынан түк шықпасын білді ме, енесі қызын ертіп ауруханаға тамақ апарып берді. Сәуленің жүрегіне шемен болып қатып қалған ызысы балаларға да жібімеді. Қайта бәрін өзіне жасалған іске қайтарым деп ұғынып, жаны жайланғандай болды.
Бірде нағашы ағасының қызы үйленбек болып, Мақсат екеуі тойға дайындалды. Күйеуі үйлену тойында киген костюм-шалбарын кигелі жатып: «Мынау не?» – деді қалтасындағы қомақты затты көрсетіп. Алып қараса, бет орамалға түйілген іздеп жүрген алтындары. Есіне енді түсті. Тойханадан шыққан соң жастар қала шетіндегі су өткеліне барып, аққайнар атып, суретке түскен. Сонда денесі суықтан тоңа бастаған қалыңдыққа күйеуі үстіндегі сырт киімін шешіп берген. Тойда сыйланған бағалы бұйымдарды ішкі қалтаға бұл өз қолымен салған.
Не қуанарын, не өкінерін білмеген Сәуле ораманы қатты қысып тұрды да, жерге лақтырып жіберді. Ары мазалады ма екен, жанары жасқа булығып, үйінің ауласынан сыртқа қарай жүгіре берді. Не мақсаты бары өзіне де беймәлім еді.
Алыстан үш сәбиін жетектеген Ұлжалғасты жазбай таныды. Жақын барып, кешірім сұрамаққа оқталып еді, ол бұрылып кете барды.
Сол сәт барлық нәрсе адамның пейілінде екенін ұғынғанды. Ұлжалғастың берекелі тұрмысы көңілінің жайлылығына берген тағдыр тартуындай көрінді.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА