Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Барлық адамды ойлантқан оқиға

Барлық адамды ойлантқан оқиға

"Бұл да өтер..."
Қайбір күні осы сөзді жазып едім, кей кісілер "сол өтетін не нәрсе өзі, не өтеді?" деп сұрап қалды. Мүмкін сіздерге бұл сөз қарапайым болуы мүмкін бірақ мен үшін бұл сөз өте терең сөз. Қарақұрдым секілді жанына келгеннің бәрін жұтып жіберетіндей сөз. Сонымен бұл сөз қайдан шықты дейсіздер ғой.
Ілгері өткен заманда әлгі біздің жерден кетіп шалғайға барып алып ел болған османдықтардың жерінде бір дәуріш өмір сүріпті. Сол диуана дәуріш бір күні жолаушылап келе жатып бір ауылға кез болады. Ол кезіккенге "Құдайы қонақпын" десе де ешкім үйіне қонақ ете қоймайды. Олар бар болғаны жөн сілтеп: «Осы ауылдың жоғарғы жағында бір Шәкір деген бай бар соған бар. Сол кісі бай болса да өте қонақжай» деп шығарып салады. Әлгі біздің дәуріш сол байға барса расында бай десе бай екен. Ат шаптырым егістік жері, түстік жердей мал жайылым жайлауы бар екен. Қора-қора мал, байлағаны бір басқа, байламағаны бір басқа санауға икемі әрең келіп тұр екен. Десек те сол Шәкір бай осы дәурішті құшақ жая қарсы алып, мал сойып қонақ етіп, әбден күтеді. Кетерінде әлгі дәуріш насихатын айта келе: «Е, байеке, қонақжайлылығыңа рақмет, Алладан қайтсын. Алла берген бақ та байлық та бар екен. Осы Алланың берген ырыс-несібесіне шүкіршілік қылғайсың» дейді. Сонда әлгі пәлен демей бар болғаны: «Бұл да өтер» деп қалыпты. Дәуріш оның осы сөзінің байыбына бара алмай қоштасса да көп ойланыпты.
Әлқисса, содан бірнеше жылдан соң ат басқан жерін қайта басар болып сол дәуріш бір күні сол ауылға қайта соғыпты. Бұл жолы ол «қонақпын» демей-ақ бірден әлгі Шәкір байды сұрайды ғой. Кезіккен ел-жұрт: «Е, әлгі жомарт Шәкір ме? Ол қазір бұрынғыдай бай емес, сіңірі шыққан қу кедей. Өзімен түйдей құрдас Шәддә деген бай досының үйінде бала-шағасымен жалшылық қылып, өлмес күнін көріп жүр, қайтерсің. Е, бай бір жұттық деген осы. Қайбір жылы қыс қатты болып, бір қыста малы түгел қырылса болар ма?! Көктем де ерте келіп күн аяқ астынан жылынып оның ақыры таудан аққан сел сол байдың жайлауын да егістіқ алқабын да шайып кетіп мал жайылмас сортаңға егін шықпас тақырға айналып шыға келді ғой» деп қайғырғандай шырай танытады. Біздің дәуріш үйін іздеп барса расында бұрынғы он екі қанаттай тігілген үйі жоқ не күйі жоқ бір қоржын тамда барға қанағат етіп отыр екен. Әйтсе де дәурішті танып қонақ қылып, сүр еттен қара сорпасын қайнатып, құрт езіп, дастарханын жайып бәйек болады. Кетерінде дәуріш тағы да қарап қалмай сіңірі шығып, жілігі көрінген әлгі Шәкір танысына: «Е, Шәкір барға қанағат қылғайсың» дейді. Шәкір бар жоғы: «Бұл да өтер» дейді. Біздің дәуріш оның осы сөзін тағы естіп таңырқап басын шайқап іштей «не өтуі мүмкін?» деп ойланып ойға батып кете барады.
Әлқисса, жеті жылдан соң сол ауылға қайта барса жөн сұрасып, ұшырасқан ел-жұрт: «Е, әлгі Шәкір ме? Ол қазір осы елдің ең байы. Айы оңынан туған, төрт құбыласы тең. Шәддә деген байдың жалшысы еді. Кейіннен сол бай өлерінде артында қалар қалар тұяғы қалмаған соң ескі досы осы Шәкірге бар дүниесін мирас етіп тастап кетті» деп ауыздарынан суы құри айтысады. Расында барса шалқыған бай болып, асығы алшысынан түсіп тұр екен. Бұл жолы алғашқыдай мал сойып, әбден күтеді. Кетерінде дәуріш: «Ал, Шәкір, Алла қайта бақ берген екен, қадірін біл» десе ол баяғы сол сөзін қайталап: «Бұл да өтер» дейді. Дәуріш тағы да «не өтуі мүмкін?» деп ойланып кете барады. Бірнеше жылдан кейін әлгі ауылға барса сол бай Шәкір қайтыс болып, жаназасын бір төбенің басына жерлепті. Қабірінің басына Құран оқымақ болып барса құлып тасына: «Бұл да өтер» деп жазып қойыпты. Әлгі дәуріш әлгі біздің адамдай: «Не өтуі мүмкін, бәрі өтті ғой?» деп таңырқап қайтып кетеді. Әлқисса бірнеше жылдан кейін сол ауылға тағы да жолай соғып, Құран оқымақ болып сол төбеге шықса қабір тұрмақ ізін де таба алмай қалыпты. Қайбір жылы қатты сел болып әлгі төбені қабірімен қоса жұлып алып кетіп, тып-типыл етіп кетіпті. Сонда ойланып қараса кеше ғана осы елде дүркіріп жүрген сол бай, сол адам жоқ. Кеше ғана осы төңіректе «шыр» етіп дүниеге келген еді, одан азамат болып, ұлан-асыр той жасаған еді. Бәрі, бәрі өте шығыпты. Тіпті енді қараса оның орны да жоқ. Қара жер ғана қалыпты. Байдың сөзін енді ғана түсінген дәуріш ұзақ ойланып еліне қайтыпты.
Әлқисса, көп ұзамай сол алып елдің патшасы бір күні уәзірлерін жинап алып: «Маған бір жүзік жасап беріңдер. Бірақ қарағанда ғибрат болсын» деп үкімін қысқа кесіпті. Олай-ойлай келе әлгі дәурішке жүгініпті. Дәуріш көп созбай өте қарапайым бір жүзік беріп: «Осыны патша беріңдер, уайымдамаңдар ұнатады» депті. Уәзірлер патшаға алып барып ұсыныпты. Патша өте қарапайым жүзікті қолына алып қараса ешқандай нақышталмаған екен. Уәзірлерде ес жоқ, іштей демін алған. Патшаның көзі бір кезде сол жүзіктегі бір ұсақ жазуға түсіп ұзақ қарап қалып артынан күлімдеп уәзірлеріне қарап: «Ойымнан шықтыңдар» депті. Сол жүзікте бар болғаны «Бұл да өтер» деп жазылған екен. Аяз бидей сол патша есіріп бара жатса сол жүзікке қарап тәубасына түсіп жүреді екен. Әлқисса ақырында сол жүзікті таққан патша да бұл дүниеден өтіпті, дәуріш те өтіпті. Бірақ сол дәуріштің мурид-мұрттары сол сөздің алдына «Я, Һу» сөзін қосып «бұл да өтер» деп медреселердің қабырғаларына іліп қоятын болыпты.
Міне, бауырым солай. Сен де маған «не өтеді, өтетін не нәрсе?» дедің. Енді түсінген боларсың деймін. Сен де кеше бала едің, бүгін міне келдің пәлен жасқа. Сен өсерсің, өнерсің, бай боларың бірақ та өмір қысқа. Ертең күн мансапты боларсың, даңқты боларсың бірақ бәрібір олар да өтеді. Өтпесе кешегілер қайда кеткен? Күн келеді сен де мен де өтерміз бірақ сонда не қалады дейсің ғой. Өтпейтін бір нәрсе бар. Ол жұмыр басты пенденің амал дәптері. Сол ғана қалып қояды да ғарасат майданында алдымызға келіп ашылады. Құранда Алла Тағала бір ай ауыз бекітер рамазанды «Санаулы күндер» дейді. Ауыз бекіткенде шыдасаң болды өтеді де кетеді бірақ артыңда сауабы қалып, ақыретте алдыңнан шығады. Ал ұстай алмағандар, әдейі ұстамағандардың алдына күнәсі шығады. Ендеше осы бес күндік жалған дүние сол ораза айы секілді өтеді де кетеді. Бірақ кімге қалай өтеді? Иә, солай. Ұшбу хатымды ұзақ екен деме «бұл да өтер»...
12 ақпан 2018 ж. 1 818 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031