Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көрші бақытының құпиясы

Көрші бақытының құпиясы

Бір шағын қалада көрші ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Мына бір жұп ерлі-зайыпты үнемі ренжісіп, отбасында тыныштық болмайды екен де, ал ана екеуі бал жаласып, тату-тәтті өтіп жатыпты. Олардың бал жаласқан махаббатына тәнті болып мына екеуі жүреді. Бір күні әйелі күйеуіне: «Сен көршіміздің үйіне ұрланып барып көріп келші, олар не үшін тып-тыныш, берекелі өмір сүреді екен?» дейді. Сонымен күйеуі көрші үйдің маңына келіп, ашық тұрған терезенің жанынан сығалайды.
Көршінің әйелі үйін жинастырып жатыр екен... Ол қонақ бөлмеде өте сақтықпен бір әдемі гүл тұғырын сүртіп тұрған еді, кенет телефон шыр ете қалғаны. Көрші әйел дереу телефон алмақшы болып гүл тұғырын үстел үстіне қоя салады да, кете береді. Сол кезде бірдеңесін іздеп қонақ бөлмеге шыққан күйеуі абайсызда гүл тұғырын қағып кетеді де, қыш тұғыр жерге түсіп быт-шыты шығады. Енді қызық көретін болдым деп терезе сыртында сығалап тұрған көршісі мәз. Алайда, шалдыр еткен дауысты ести сала жетіп келген әйелі күйеуіне көмектесіп, шағылған қыш тұғырды жинасып жатып, күрсіне: «Сүйіктім, бәрі менің қателігім, дұрыс бір жерге қоймаппын ғой!» десе, күйеуі: «Жоқ, мен сасқалақтап жүріп, байқамай қағып кеттім, бастан құлақ садақа, пәле-жала осымен кетсін...» дегені. Терезе сыртындағы көрші бұл жағдайды көріп, көңілі көлдей толқып, аяғын санап басып үйіне беттеді.
«Сен неге ұзақ жоғалдың, нелерді көрдің?» деп әйелі әрең оралған күйеуінен бастырмалата сұрап жатыр. «Ештеңе жоқ, олар ағаттық өткізгенде әркім өз басынан қателік іздесе, ал біз мұндай істе қателігімізге себеп-салдар дайындап әуре болады екенбіз» деді күйеуі.

06 мамыр 2019 ж. 1 964 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031