Жұбайлық өмір белестері
1 ЖЫЛ. Шыт той. Бұл күні күнделікті тірлікке бойлары үйренгенінің белгісі ретінде жас жұбайлар бір-біріне шыт орамалдар сыйлайды. (Әрине, отбасылық мерекеге бір аптадай қалғанда жас отау иелері жұптарын жазбай киноға немесе кафеге барып келсе артық емес).
5 ЖЫЛ. Ағаш той. Бұл күні бір-біріне ағаштан бұйымдар сыйлайды. («Қызыл ағаштан жасаған югослав жиһазын сыйлаймын» деп уәде беріп қоюға да болады).
6,5 ЖЫЛ. Мырыш той. Бұл – мырыштан жасалған ыдысты әлсін-әлсін жылтыратып сүртіп тұру қандай қажет болса, некеге де сондай ұқыптылықпен қарау керек дегенді еске салады. (Бұған қарсы дау айтудың өзі қиын).
7 ЖЫЛ. Мыс той. Ерлі-зайыптылар ұзаққа созылар бақытты күндерінің кепілі ретінде бір-бірімен мыстан жасалған бұйымдар, мысалы мыс тиындар алмасады. (Бұл – белгілі ертегідегідей жас жұбайлар күйбең тірліктің от пен суын кешіп өтіп, мыс мұржаларға келіп жетті дегенді аңғартады).
8 ЖЫЛ. Қаңылтыр той. Бұл күні бір-біріне ас үйде ұсталатын жылтыр бұйымдар сыйға ұсынылады. (Күйеуі сыйлаған бұйымның әйел еңбегін жеңілдетуге себі тисе құба-құп).
10 ЖЫЛ. Райхан гүлдер күні. Бұл күні мерекелі дастарқан басында отбасының жақын достары жиналып, әдемі әзіл, әсем әнге кең жол ашылады. Би билегенжұптардың қолында райхан гүлдері болу – тойдың міндетті шартының бірі.
12,5 ЖЫЛ. Никель тойы. Бұл тойдың «Өздеріңнің әсем өңдеріңді никельдей жарқыратып, сақтаңдар!» деген астыртын ишарасы бар. (Тойды бірге өткізер жарыңның сырт келбеті мен көңіл-күйін де естен шығармаған абзал, әрине).
15 ЖЫЛ. Шыны той. Сыйға ұсынылар шыны ыдыстар ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас шыныдай мөлдір болу керек деген ұғымды білдіреді. (Шыныдай шытынап, тез сынбау үшін бір-біріңді аялай біліңдер деген де мағынасы бар).
20 ЖЫЛ. Фарфор той. Қонақтарға арналған ас-су жаңа фарфор ыдыстарға салынып беріледі. (Бұл ыдысты той алдында сатып алсаңыздар да оқасы жоқ. Ең бас¬тысы, жиырма жыл отасқанда фарфор ыдыстарын сатып алатын қаржы жинай алғандарыңыз дұрыс).
25 ЖЫЛ. Күміс той. Бұл күні барлық ағайын-туыс, дос-жаран жиналып, келіншектің басына күміспен зерленген желек кигізеді. Алтын неке жүзігінің қасына күміс жүзік салынады.
30 ЖЫЛ. Інжу той. Күйеуі бірге өткізген 30 жыл інжудей әсем болды деген мағынамен әйеліне інжу моншақ сыйлайды. (Шынында, мәрттік танытудың реті келіп тұр емес пе? Біздіңше мұндай сыйлық ошақ отын маздатып, үпір-шүпір бала өсірген әр әйелге лайықты).
35 ЖЫЛ. Мата той. Бұл күні мата дастарқандар сыйға ұсынылады. (Бала өсіріп, немере сүйіп отырған үйдің жиын-тойы көп болып, дастарқан да дүркін-дүркін жайылады емес пе?)
37,5 ЖЫЛ. Алюминий той. Бұл – ерлі-зайыптылардың ұзақ та берік жұбайлық ғұмырының айғағы.
40 ЖЫЛ. Лағыл той. Махаббат пен отты бейнелейтін лағыл тасты алтын жүзік сыйға ұсынылады.
50 ЖЫЛ. Алтын той. Алтын неке жүзіктері жаңа жүзіктермен алмастырылады.
60 ЖЫЛ. Гауһар той. Некені бұзар ешбір күш жоқ деген ұғымды білдіреді.
65 ЖЫЛ. Темір той.
70 ЖЫЛ. Нұрлы той.
75 ЖЫЛ. Ең басты, тәжді той. Бұл тойға дейін бірге жасаған жұбайларды қалай мадақтап, ардақтаса да артық емес!
Дайындаған
Сахи БАХИҰЛЫ