Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Анасының аруағымен тілдескен жігіт

Анасының аруағымен тілдескен жігіт

Кішкентай кезімде өзімнен бір-ақ жас үлкен әпкеммен ойыншыққа таласып, жиі ұрысып қалатынмын. Сонда әжем «Құлыным, адам баласы бұл өмірге қонақ болып келген. Жер бетіне мәңгі тұрақтау ешкімнің маңдайына жазылмаған. Араларында сыйластық болсын. Бір-біріңді ренжітпеңдер!» деп айтатын.
Бірақ ол кезде баламыз ғой, бәрін шолақ түсінеміз. Өсе келе небір оқиғаларды естисің, кейде көріп те жатасың. Біреуді көлік қағып кетіпті, түгенше жүріп кетіпті т.б. Осындайда әжемнің сөздері еріксіз есіме түсіп, «Ол кісі біліп айтқан ғой, мына жалғанда ешкім мәңгі тұрмайды» деп қаласың. Жақында оқыған мына бір шынайы оқиға сенімімді нығымдай түсті. Авторы есімде емес. Осы бір жайды "Алаш айнасы" оқырмандырымен бөліссем деймін.
Жасұлан - жан дегенде жалғыз бала. Арқа сүйейтін ағасы, артынан ерген іні-қарындасы да жоқ. Бар сүйеніші, тірегі - анасы болатын. Басында қандай қиындық тап болса да қолдауды анасынан іздейтін еді. Бірақ бүгін анасынан да мәңгілікке қол үзді. Жападан жалғыз қалды....
Анасының қазасы Жасұланды біржолата есеңгіретіп кетті. Бұрындары жүзінен күлкі кетпейтін оның қабағын мұң шалған. Ешкімге ләм-мим деп тіл қатпайды. Түннің бір уақытына дейін басы ауған жаққа мең-зең болып жүре беретінді шығарды. Тек таңға жуық үйіне оралады. Бірақ анасыз үй қаңырап бос қалғандай. Табалдырықтан аттай бере, анасы есіне түсіп егіліп қоя береді. Құдды қара түнекке енгендей күй кешеді. Осындайда дос-жаранның үйін жағалап кететін болды...
Арада біраз күндер де өтті. «Уақыт - ұлы емші» дейді ғой. Қайғылы күндер алыстап, Жасұланның да жарасы жазылып, ел қатарлы өмір сүре бастады. Күнделікті тамағын өзі даярлап, үйдің де жұмысын өз мойына алған. Кейде жұмыстан кейін достарымен бас қосып біраз сергіп қалады. Енді ғана қанатын қайта жазып, самғай бастағанда, мынадай бір сұмдық жағдайға тап болады. Кешкі асын ішіп болған Жасұлан, дастарқанның бетін жауып, жуыну бөлмесіне кіріп кетеді. Қайтіп келсе, ыдыс жуылған, дастарқан жиналған, бәрі өз орнында. Таң қалады. Алайда өзім істеген болармын деп аса мән бермейді. Келесі күні жұмыстан оралғанда үйінің, төсек орнының таза тұрғанын көріп қорқа бастайды. «Бұл қалай? Мұны кім істеген?» деген ой маза бермеді. Ары ойланып, бері ойланып түсінбей дал болады. Үйдің кілті болса өзінде ғана. Ақыры болған жайды достарына баяндап береді, бірақ олардан еш қолдау болмады, қайта «есің ауған сенің» деп мазаққа айналдырды. Қайғымен тағы да бетпе бет қалған Жасұлан бұл жолы жұбанышты арақтан іздей бастады.
Тәлтіректеп, екі аяғын кезек-кезек сырғып басып, Жасұлан пәтерінің алдына келіп тоқтады. Алба-жұлбасы шыққан шалбарының қалтасына қолын сұқты. Бармағына ілінген сымды жұлып алып, есікке қарай беттеді. Кілтті тұтқаға салып, есікті ашты. Әбден діңкесі құрған ол бірден диванға құлай түсті.
Көзі ілініп бара жатыр екен, кенет сыңсыған дауыс естілгендей болды. Бара-бара әлгі дауыс жақындай түсті. Орнынан атып тұрған Жасұлан жан-жағына қарайлады. Өзінен басқа тірі жан жоқ. Жылаған дауыс біресе теледидар жақтан, біресе іргеден, ал дәл қазір терезе жақтан шығып тұр. Жасұланның денесін үрей билеп, қатты қорыққаннан мастығы да тарап кетті. Кенет әлгі дауыс сап тиылып, «Балам» деген сөз анық шықты. Бұл қайтыс болған анасының дауысы еді. «Қарағым-ау, күн сайын солып барасың ғой. Мен өлгенмен, әлі екі ортада жүрмін. Қиналдын-ау, құлыным! Келші бауырыма қысайын!» деп тіл қатты. Анасының әлі тірі екеніне таң қалған Жасұлан балаша қуанып, көзіне еріксіз жас алды. Осылай анасымен қайта қауышқан Жасұлан, күн сайын анасының бейнесін көре алмаса да, дауысын естіп сөйлесіп жүрді. Кейде еркелеп, кейде бір сәт ыстық құшағына бөленіп жүргендей болады. Бірақ іштей қорқатын. «Мен осы не істеп жүрмін? Анам болса баяғыда о дүниелік болған. Қалай сөйлесіп жүрмін?» деп өз-өзін жегідей жеді. Қайтадан араққа салына бастады. Мұндайда ана байғұс баласының мүжіліп бара жатқанына шыдамады. Дауыс көтеріп ұрыспаса да «түзу жолға түс, балам!» деп қайғырады. Әбден төзімі таусылған Жасұлан қолындағы бөтелкені сөйлеп тұрған шешесіне қарай лақтырып жіберді. «Сен өлген адамсың! Еркін өмір сүруіме мұрсат бер! Естисің бе? Кет!!!» деп еңіреп қоя берді. Үйді басына көтерген дауыс, көршілерді бірден осында алып келді. Жасұлан басындағы жайды айтып берді. Көршілері «біржолата есінен адасайын деген екен» деп, тез арада дәрігер шақыртады. Бірақ медициналық сараптама Жасұланның дін-аман екенін көрсетіп, дәрігерлер үйіне қайтарады.
Жаз уақыты болғандықтан, Жасұлан ыстық үйде тыпыршықтап ұйықтай алмай шықты. Жамылғысын алып, балконға барып қисайды. Самал желдің лебімен тәтті ұйқыға батып кетіпті. Бір кезде қолы ұйып, мазасы қашып оянып кетеді. Қараса, анасы екен қимай қолынан ұстап тұрған. «Қош бол, шырағым! О дүниеде кездесерміз!» деп күрсіне шыққан анасының дауысы бірте-бірте алыстап кетті. Бұл жолы мәңгілікке кеткен еді...
Міне, содан бері Жасұланның оң қолы жансызданып, сал болып қалды. Сол бір анасына жасаған опасыз әрекеті бүгінде жанын жегідей жеп, өзегін өртеп барады. Бірақ тым кеш еді...
14 ақпан 2018 ж. 1 895 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031