Кент келбеті көріктене береді
Белгіленген кестеге сәйкес, өткен сейсенбіде Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиевтің халық алдындағы есеп беру жиыны болып өтті. Жұртшылық көптеп жиналған алқалы басқосуда кенттің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы кезек күткен міндеттер таратылып,баяндалды.
Кент басшысы Әліби Берікұлының мәлімдеуінше, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және шағын кәсіпкерлікті өрістету бағытында мемлекет тарапынан тұрғындарға бірқатар қаржы-несиелік қолдаулар көрсетілген. Қазіргі таңда, ауылшаруашылық саласын дамыту мақсатында Әйтеке би кентінде 15 кооператив тіркелді.
Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан «Береке» бағдарламасымен «Қонай» өндірістік кооперативі 307 млн теңге несие алып, мал бордақылау жұмыстарымен айналысуда. Сонымен бірге осы аталған қор арқылы 38 адам тағы да 153,4 млн теңгенің несиесіне қол жеткізіп, өз кәсіптерін жүргізудің жолдары шешілді.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 294 адам қайта даярлау курстарынан өткізілді. Сөйтіп жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы» арқылы 62,4 млн теңгенің несиесін алуларына мүмкіндік жасалды.Сондай-ақ, «Бизнес бастау» бағдарламасымен кәсіпкерлік негізде оқытуға жолданған 149 адам сертификаттармен қамтамасыз етілді.
2017 жылы Әйтеке би – Басықара автожолы бағытынан көлемі 56 гектар жер учаскесін инфрақұрылыммен қамту (жол, электр желісі) жұмыстары жүргізіліп, кезектегі 200-ге жуық тұрғынға табыстау басталды. Алдағы уақытта аталған аймақты толықтай инженерлік инфрақұрылыммен жабдықтап ауыз су, газ құбырын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге өтінім тапсырылды.
Әйтеке би кентінің бас жоспарына сәйкес 5 квартал аумағынан көлемі 210 гектар жер учаскесіне түбегейлі жұмыстар жүргізілу үстінде. Яғни жаңа тұрғын аймаққа кірме жолдар, электр желісі тартылып, 800-ге жуық тұрғын үй секторы және бірқатар әлеуметтік нысандар орналасатын болады. Бұл жоба құны 472,952 млн теңге құрайды.
Сонымен бірге келешекте Әйтеке би кенті-Қазалы қаласы аралығын игеру мақсатында көлемі 180 гектар жер учаскесі бойынша әзірленген даму сызбасына сәйкес, халық игілігіне арналған үшін көптеген құрылыс нысандары бой көтереді. Жақында ғана пайдалануға берілген 150 орындық аудандық аурухана мен аудандық сот үйінен бөлек, болашақта 600 орындық аудандық мәдениет үйі, аудан әкімдігі, емхана, Қаз-Транс-ГазАймақ мекемелерінің ғимараттары салынады. Бұдан басқа да бірқатар әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік субьектілері осы аумақта орын тебеді.
Бүгінгі таңда кент аумағында 8048 тұрғын үй болса, оның 4500-ге жуығы табиғи газға қосылған. Солармен қатар, 147 мекеме мен кәсіпкерлік нысандары да көгілдір газ игілігін көріп келеді.
Газ құбырларлары тартылмаған көшелер, жаңа тұрғын аймақтар, кварталдар, кент әкімдігі мен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан есепке алынып, тиісті жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджетке ұсыну көзделуде.
Бүгіндері, кенттегі 185 көшенің 42-сі асфальтталған, 90 көше қиыршықтасты, 53 көше топырақ қабатында. 2017 жылы 21 көшенің, 10 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 11 көшеге қиыршық тас қабаты төселді. Жанқожа батыр көшесінің екі жақ бетіне барьдюрлер орнатылды. Қ.Пірімов-С.Сүлейменов, Жанқожа батыр көшелерінің қиылыстарына бағдаршамдар қойылды. Жанқожа батыр, Қарасақал Ерімбет және Әйтеке би кентіне кіре беріс бас қақпадан бастап, теміржол өткеліне дейін түнгі жарықшамдар орнатылып іске қосылды. Электр қуаты төмен тұрғын аймақтарға жаңадан 7 дана КТПН трансформаторлары орнатылды.
2018 жылы барлығы 49 көшенің, 29 көшесін асфальттауға, 20 көшеге қиыршық тас қабатын төсеуге сметалық құжаттары дайындалып, облыстық салалық басқармалар мен тиісті министрліктерге ұсынылуда.
Өткен жылы мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген 2 млрд 415 млн теңге қаржыға кенттегі 121 көшеге 60128 км шақырымдық су құбыры жүргізіліп, сервистік желілер тартылды. «Ка-Строй-ЛТД» ЖШС осы шаруаларды атқару кезінде 200-ге жуық тұрғын үйлерге су кіргізілмей қалды. Аталған жұмыстарды аяғына дейін жеткізу үшін тапсырыс беруші мекемелерге қатынас жолданып, 2018 жылдың мамыр айына дейін толық қамтылатындығы және бұзылған жолдар мен көшелердің қалпына келтірілетіндігі жөнінде кепіл хат алынды.
Бұдан соң кент әкімі тұрғындарды аяқсумен қамту, кент аумағының тазалығын сақтау мен тұрғындардың талап-тілектерінің орындалу барысы, кент төңірегіндегі қорымдардың күтімі жағдайларын да назардан тыс қалдырмады.
Есепті кездесу үстінде аудандық ішкі істер бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Тәжібай Мырзабек аудан орталығы-Әйтеке би кентіндегі қоғамдық тәртіптің Ұсыныс-пікірлерге кезек берілгенде мінбер төріне көтерілген аймақтық «Тұран Қазалы» газеті бас редакторының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Ғазиз Әліш:
-Аудандық мәслихаттағы 15 халық қалаулыларының 8-і Әйтеке би кентінен сайланған. Мен бүгін солардың атынан сөз алып тұрмын.
Елу мыңға жуық халық тұратын кент көлемінде қолға алынып, атқарылып жатқан игі жұмыстар баршылық. Болашақта елуден астам көшені жөндеп, асфальттау жоспарланып отыр.
Тазалық мәселесіне мықтап көңіл бөлуіміз қажет. Жалпы қай жағынан болса да қолдау көрсетіп, ортақ істі жұмыла атқаруға шақырамын. Кент әкімінің 2017 жылғы жұмыстарын жақсы деп бағалаймын, - деді.
Бұдан соң Қадырбек Бекетов, Жақсылық Көрпебаев, Ұлдай Рашова, Амангелді, Айбек Тәңірбергенов тағы басқалары шығып сөйлеп, көшелерге тас төсеп, жарықтандыру, Счастнов көшесіндегі үйлердің жағдайын жақсарту, 5 кварталдағы Жетес би алаңын ұлғайту, банкомат құрылғысын орнату, мүгедек балалардың денсаулығын жақсартумен айналысатын «Рауан» инклюзивті орталығының жұмысын жандандыру жөніндегі ой-пікірлерін жеткізді. «Қазалы Көркем Сервис» ЖШС директоры Даулет Тұяқбаев тазалық мәселесіне байланысты көкейінде жүрген түйткілді орта салды.
Әйтеке би кенті әкімінің есеп беру жиынын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қорытындылап, бірлесе атқарылған істердің берекелі де табысты болатындығына мән берді.
Сахи ҚАПАР.
Фото:
Ғалымжан АЛДАМЖАРОВ.