Мәуелі бақтың бағбаны
Ақтан батыр ауылындағы Мәлік бағбанның бақшасына барған адам оның ерінбей еткен еңбегіне еріксіз таңдай қағады. Аула ішіндегі өз қолымен жасаған қалың жүзім шоғырымен жабылған киіз үй пішіндес демалыс орнын көргенде жаның жадырап, тынысың кеңейеді. Бұл ұлдары Ерік пен Ақылбектің қолынан шыққан дүние.
Бұдан бөлек бақшада жасыл желек, түйнек салған жеміс ағаштары, алуан гүлдер, жапырағын самал тербеген саялы талдар, түрлі өскіндер бәрі жайқалып тұр. Жүзім мен алманың бірнеше сұрпын кездестіресің. Мезгілі жеткенде алмұрттан ауыз тиіп, шие мен өріктің де тіл үйірер тәтті дәмін татасың. Бақшада грек жаңғағы, сәбіз, қызанақ, қызылша, тағы басқа көкөністер егілген.
«Баптай білсең, жер жомарт» деген нақыл сөзді ұстаным еткен Мәлік Махамбетов ерте көктемнен кетпен-күрегін алып, жер аудару қамына кіріседі. Арықтарды аршып, талдардың күтімін бақылауға алады. Еңбекқор жанның балалары да бағбандықтың қыр-сырына қанығып қалған. Жаз айларында әкелеріне қолғабыс болып, жеміс-жидек, көкөніс егіп, тыным таппайды. Табиғи өнімге деген тұрғындардың да ықыласы бөлек.
Бағбанның ұсталық өнері өз алдына. Оның қолынан шыққан горелка, әсем жабдықталған шатыр (палатка), қазан-ошақ, титан, жер үстелдер, киіз үйлерге сұраныс жоғары. «Мен Ресейдің Магнитогорск қаласында дүниеге келіппін. Әкем Балтабек пен анам Набат туыстарының шақыртуымен сонда қоныс аударған. Бала кезімде елге қайта оралдық. Осы ауылдан мектеп бітірдім, әскери борышымды өтеуге Түркіменстанға аттандым. Елге оралған соң күрішші болдым. Бақ егу, бақша баптау менің бала күннен бейім ісім», – дейді бағбан.
«Еңбек еткенге бақыт басын иеді». Ұста әрі бағбан Мәлік бақытты жан. Үлгілі әке, құрметті жар. Бір бойына бірнеше өнер тоғыстырған абыройлы азамат. Оның жауапкершілік жүгінің салмағын ерекше сезінетінін ауылдастары мақтанышпен айтып отырады.
– Ауылда Мәлік ағаның ауласына қызықпайтын жан жоқ. Жаз шықса, жайқалып кетеді. Барлығы тынымсыз еңбегінің арқасы. Өзгелердің де бау-бақша өсіруіне септігі тиді. Ол кісінің ісін үлгі етеміз, – дейді ауыл тұрғындары.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА