Бағбанның берекелі бастамасы
Әсілінде, еңбек еткен адамға алынбайтын асу жоқ екенін білсек те нақты іске келгенде қорқа-соқтап қалатынымыз жасырын емес. Кейбіреулер қолға алған істен түк шықпайтынын айтып кері шегіне берсе, енді біреулері қара аспанды қапылтып, оңай жұмыс іздеуге кірісіп кетеді. Ал, бала күнінен шаруаның ыңғайын білген Әйтеке би кентінің тұрғыны Нәби Жидебай болса бірден тәуекелге бел буып, Басықара ауылынан бес шақырым жердегі ескі дарияның орнынан алма бақ өсіруді қолға алған. Осылайша 5 гектар жерге алма, алмұрт және жүзімнің көшеттерін егіп тастады.
– Өткен жылы аукцион арқылы Басықара ауылдық округінен 50 гектар жер алып, көптен ойда жүрген істі бастадым. Мезгілінде үй іргесіне түрлі жеміс-жидектер отырғыздым. Тіпті қайбір жылы 15 түптей жүзімнен бір тоннаға жуық жүзім жинағаным бар. Кейін шарбақтан үй тұрғызатын болып, бәрін кесіп тастауға тура келді. Сонымен сырттан жер алып, жеміс-жидек өсіруді қолға алдым, – дейді Нәби Жұмабайұлы.
Иә, арман-мақсаты асқақ адам кез келген қиындыққа қарамастан өз дегеніне жетпей қоймайды. Нәкең былтыр бес гектар алқапқа 200 түп алма, алмұрт, 300 түп жүзім және 20 түп қызыл шие көшеттерін отырғызған. Күш-қайраты мен еңбегіне сенген азамат көшеттерді Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан алдырды. Оның айтуынша, алма, алмұрттың бұл сорты қысқа төзімді. Биыл күн жылыған соң тағы да 10 гектарға жуық жерге көшет отырғызуды жоспарлап отыр.
Нәбидің ендігі мақсаты – сол алма, алмұрттан мол өнім алу. Қазір ол әр ағашты жеке-жеке қарап, баптап, күтіп жүр. Аталған алма, алмұрт сортының толық жеміс беруіне біршама уақыт керек.
– Қанша еңбек етсең сонша өнім аласың. Барлығы «алма мен алмұртты егіп қойсаң, өзі өсіп, өнім береді» деп ойлайды. Алайда ол олай емес. Әр түп жеміс ағашын балаңа қарағандай күні-түні аялауың керек. Түбін жұмсартып, уақытылы дәрі-дәрмек пен дәруменін бересің. Түрлі кеселден қорғайсың. Минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті өлшемімен бермесең, қуратып, өлтіріп алуың мүмкін. Сөйткенде ғана бейнетіңнің зейнетін көріп, табысқа кенелесің, – дейді бағбан.
Бағбан жеміс ағашына аяқсуды Сырдария өзенінен насос арқылы алып, тамшылату әдісімен суарады. Бұл үшін арнайы аппарат пен қажетті құрал-жабдықтарын алдырды.
“Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды” демекші, еңбекқор бағбанның алға қойған мақсаты көп. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болатын болса, жылыжайда көкөніс өсірумен де айналысу ойында бар.
– Дәл қазір базардағы көкөніс бағалары барлық тұтынушыға қолжетімді емес. Себебі оның барлығы сырттан, өзге елден алынады немесе көршілес облыстардан келеді. Ал, егер мен жылыжай салып, қияр мен қызанақ егіп, базарға өткізер болсам әлдеқайда арзан бағалар едім. Өйткені оның барлығы өзіміздің жерде, өз қолыммен өсіріледі.
Өткен жылы мемлекеттен қаржы алуға құжаттарды тапсырып қойғанмын. Соның бір сәті түспеді. “Шешінген судан тайынбас” дегендей, биыл тағы да жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант алуға құжат дайындап жатырмын. Ақша жағы шешілсе межелеген жоспар аз емес. Менің 4-5 жылыжай салуға мүмкіндігім бар, – дейді ол алдағы күнге үлкен үмітпен қарап.
Нәби Жидебайдың еңбекқорлығына ауылдастары сүйсіне қарайды. Балалары Мұстафа мен оның інілері қасында үнемі қолғабыс етіп жүреді. Маңдай терінің арқасында еңбегінің жемісін көргісі келетін мінезі ақжарқын, еңбекқор бағбанның кәсібіне біз де толағай табыс тіледік.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ