Сарбұлақтағы сәтті сапар

Осы мәйекті сөзді аудандық жастар ресурстық орталығына қаратып айтсақ жарасады. Себебі олар аудан көлемінде көптеген келелі іске мұрындық болып жүр. Өткен аптада осы орталықтың белсенді жастары Сарбұлақ ауылдық округінде болып, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жастардың шабытын шыңдады.
Тұрғындар орталықтан келген жастарды үлкен қошеметпен қарсы алды. Ауылдық клубта кофе-брейк ұйымдастырып, қолөнер көрмелерімен таныстырды. Көнекөздер ауыл атауының шығу тарихы туралы әңгіме қозғады. Қонақтар қазақы этноауылдағы киіз үй ішінде ақ жаулықты әжелердің көне кәсіптерін тамашалады. Кезінде қазақ әйелдерінің басты ермегі және еңбегі саналған жүн түту, жіп иіру, құрақ тоқу сияқты дүниелердің қалай жасалатынын білді. Әжелер жас өрендерге келіде дән ақтап, диірменнен өткізіп, нәтижесінде қалай ұн өнімін алуға болатынын көрсетті. Талант иелерінің қолынан шыққан өнер туындылары көпшіліктің таңданысын тудырып, керемет әсер қалдырды. Бұдан кейін жиналғандар мешітке барып, бабалар рухына құран бағыштады.
Қазіргі таңда ауданда бұқаралық спорт деңгейін көтеру басты назарда. Осыны қаперге алған белсенділер ауыл жастары арасында футболдан жолдастық кездесу өткізді. Оған Сарбұлақ құрамасы мен жақын орналасқан тағы үш ауылдың командасы қатысты. Тартысқа толы сайыста жергілікті жастар бірінші орынды жеңіп алды. Футболды тамашалауға келгендер теңбіл доп додасынан тамаша әсер алғандарын айтып, мұндай шаралар көптеп ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді.
Сапар барысында жастар ресурстық орталығының мамандары ауыл тұрғындарына ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізуді де ұмыт қалдырмады. Кездесу барысында өрендерге жан-жақты қолдау жасау, жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне басымдық берілді. Әсіресе, жастардың жарқын болашаққа ұмтылуына, білім алып, жұмысқа орналасуына зор мүмкіндік туғызатын «Нәтижелі жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021” жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ «Дипломмен ауылға», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға», «Серпін-2050», «Жасыл ел» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары жайында кеңейтілген форматта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында толықтыруды қажет ететін тұстарына байланысты жиналғандардың пікірі тыңдалды. Кездесу аяқталған соң, мамандар ауыл жастарын жеке қабылдады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып, көрермен көңілін сергітті. Жергілікті талантты жастар да өз кезегінде жарасымды әзілден қойылым қойып, күлкіге қарық қылды. Кеш соңында жастарға қолдау көрсетіп, олардың оң бастамаларына көмегін көрсетіп жүрген Сарбұлақ ауылдық округінің әкімі Алмат Қылышбаев «Жастар жанашыры» номинациясымен марапатталды.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ