Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жастар қандай қылыққа құмар?

Жастар қандай қылыққа құмар?

Биылғы жыл келешектің тұтқасын ұстар қоғамның жас буыны үшін үлкен мүмкіндіктер кезеңі десек қателеспейміз. Себебі Елбасы Н.Назарбаев ағымдағы жылды «Жастар жылы» деп атап, оларға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сондықтан аудан жастарының қолға алған істері мен оларды жандандыруға кедергі келтіретін мәселелерді бір пысықтап алу артық болмайтыны белгілі. Бұл жөнінде аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Олжас Ахметовпен сұхбаттасудың орайы келген еді.

– Әңгімені оң өзгерістен бастасақ. Қазіргі таңда аудан жастары арасында мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетуі жағы жақсарып келеді. Осы жайында тарқатып айтып берсеңіз...

– Дұрыс айтасыз, өскелең ұрпақтың бұл бағыттағы бет алысы көңіл қуантады. Олар жалғызбасты ана, зейнеткер қария, жағдайы төмен отбасыларға көмек беруді парыз санайды. Ота жасауды қажет ететін балақайға көмек көрсету үшін де қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының бастамасымен құрылған «Жаныңда жүр жақсы адам» атты жоба жұмыс істейді. Осы бағдарламаның шеңберінде 50-ге жуық қайырымдылық шарасы өткізілді. Көмекке мұқтаж жандардың үлкен сеніммен қарап, ниетімізге білдірген алғысы – бізді одан әрі құлшындыра түседі. Жастардың шын ықыласпен жасап жатқан істеріне қарап, көз жасына ерік беретін кездер де болады. Ел жастарының айналасындағы жағдайларға бейжай қарамайтындығы, оларға қол ұшын созуға дайын тұратындығы басты артықшылықтардың бірі. Алдағы уақытта да жүрегі жылы жандардың бұл бағыттағы жарқын істер жалғаса бермек.

– Көп жастар қалаға кетіп, сонда тұрақтап қалуда. Оған не себеп болып отыр?

– Мұның ең бірінші себебі жұмыссыздық мәселесі екені сөзсіз. Бұдан бөлек, қалаға білім алу үшін аттанатын жастардың саны көп. Олардың дип­лом алғаннан кейін сонда қызметке орналасып, қалып қояды. Қаланың ауылдан артықшылығына үйренісіп, елге оралғысы келмейтіндер де жолығады.

Керісінше, отбасын сонда көшіріп алған жағдайлар да кездеседі. Мұны дұрыс немесе бұрыс деп айта алмаймыз. Алайда ауданда жас мамандар үшін тиімді жағдай тудырудың мүмкіндіктері қарастырылуда.

– Жұмыссыздықты жою елдегі күрмеуі қиын мәселе екені анық. Бізде жұмыспен қамту, кәсіпкер жастарды қолдау қаншалықты жолға қойылған?

– Аудандық жұмыспен қамту орталығы мен жастар ресурстық орталығы бірлесіп, «Бос орындар жәрмеңкесін» ұйымдастырғанын білесіз. 2017 жылы бұл шара айына бір мәрте өтетін. Қазіргі таңда 12 айда 24 рет ұйымдастырылады. Осы жоба аясында көптеген жастар әр түрлі негізде жұмысқа қабылдануда. Соңғы уақытта бос орны бар мекемелердің жұмыспен қамту орталығына дер кезінде ақпар бермеуі қиындық тудырып отыр. Бұл өз кезегінде жәрмеңкеде көрсетілетін жұмыс орындарының санына кері әсерін тигізеді. Сұраныста жоқ мамандық иелерін де уақытша жұмысқа тарту үшін жаңа жоба жоспарлайтын боламыз.
Кәсіпкерлік жөнінен аудан облыс бойынша үздік үштіктің қатарына енгендіктен бұл салада жүрген жастардың қатары баршылық. Жақында өткен «Zhas Project» жобасы жастарға жаңа серпін берді. Біз белсенді қыз-жігіттердің идеяларын біріктіріп, жобаға отызға жуық бизнес-жоспар ұсындық. Сөйтіп, 11 жұмыс қайтарымсыз 1 миллион теңге жеңіп алып, бүгінде кәсіптерін дамыту үстінде. Әр бизнес жоспар бірнеше адамды қамтитындықтан, 150-ге жуық жас жоба аясында тұрақты жұмыс көзін тапты.
Сонымен қатар, жыл сайын «Жасыл ел» және «Құрылысшылар жасағына» кадр жинақталады. Бұл бағдарламалар аясында олар уақытша болса да жұмыс істейді. Осы тұста құрылыс компанияларына байланысты қиындықтар жиі кездеседі. Өйткені мердігерлер құрылысқа шетел азаматтарын ала келеді. Бұл бағдарламаның іске асуына кедергі келтіреді. Дегенмен, алдағы уақытта оларға алдын ала түсіндірме жұмысын жүргізіп, оған жергілікті тұрғындарды тартуды үйлестіреміз.

– Қай қоғамда да маргинал жастар кездеседі. Бұл топтағы қазалылық жастарды мәдени шараларға тарту қалай жүруде? Топтық төбелестер жайы қалай?

– Біздегі мәліметтер бойынша маргинал жастардың саны айтарлықтай көп емес. Мұндай санаттағы жастарды қайырымдылық шаралары, КТА сияқты топтық ойындарға тарту жұмыстары белсенді атқарылуда. Екі жыл қатарынан жергілікті полициямен бірлесіп, «Жастар.Қоғам.Болашақ назарында» атты жоба жүргізіп отырғандықтан, бейресми топқа қосылған азаматтарды білемін. Уақытылы өткен шаралар арқасында басым бөлігі қазір қызметке орналасып, мінез-құлықтарын жөндеген. Зиянды әрекеттерден бойларын аулақ ұстайды.
Топтық төбелес, көбінесе жаз мезгілінде жиілейді. Оның басым бөлігі оқудан оралған жастар болып отыр. Түнгі клубтар алдында да тәртіп бұзушылық жиі анықталады. Жастар ресурстық орталығының мамандары мектеп оқушылары және колледж студенттерімен кездесіп, топтық төбелестің алдын алу шараларын ұйымдастыруда. Мінезі қиын жастарды ортаға қосып, қоғамға кіріктіруге арналған «Достар алаңы» деген жобамыз да іске қосылған. Бұл жерде жастар жаңа дос тауып, көптеген мәдени шаралар жүзеге асты. Бірақ, олардың «үлкендерімен» байланысу, оларға түсіндірме жүргізу қиынға соғып отыр. Дей тұрғанмен алдағы уақытта әрбір бейресми топтардың «жетекшілерімен» кездесіп, жастарды теріс әрекеттен тыю, қоғамға етене жақындыстыру жайын талқылап, заңсыз топтарды таратуға күш сала береміз. Мұндай шаралар оң нәтижесін береді деп сенеміз.

– Алда қандай жоспарлар бар?

– Аудан жастарының басын біріктіріп, туған жерді өркендету, дамыту бағытындағы жаңа жобалар жасау – жастар орталығының басты міндеті. Осы бағытта орталық жанынан “Жас кеңесші” жобасы даярланып жатыр. Бұл бастама жастарға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына септігін тигізеді. Мәселен, “Дипломмен ауылға”, “Zhas Project” сияқты “Жастар жылына” байланысты жарық көретін жобаларды насихаттау, түсіндіру жұмысына ден қойылады.
Бұдан бөлек ресурстық орталық шеңберінде жастар кеңесін құрдық. Қаңтар айында алғашқы отырысы өтеді. Бұл жерде де жастар арасындағы өзекті мәселелер мен атқарылуға тиісті шаруалар талқыға салынады. Жиынға ауылдық округтердің белсенді жастары арасынан да кеңес мүшесі тағайындалды. Сондықтан, бұл аудан жастары арасындағы кездесетін қиындықтарды толықтай бақылауға алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аудандық жастар парламентін құру мәселесі де күн тәртібінде тұр.

– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

19 қаңтар 2019 ж. 1 779 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 74

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930