Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағыты айқын басылым

Бағыты айқын басылым

Биыл аудандық “Қазалы” газетінің алғашқы санының шыға бастағанына – 10 жыл. Бұл қуанышты жаңалық туралы жыл басында-ақ қалың жұртшылыққа сүйіншілеп жеткізген едік. Осыған орай 24 сәуір күні мерейтой аясында Жанқожа батыр ауылындағы №94 орта мектепте оқырмандармен кездесу өткізілді.

Басқосуда аудандық “Қазалы” газетінің бас редакторы Есет Табынбаев сөз алып:

– Аудан айнасына баланатын басылым 2009 жылдың қаңтар айынан бастап бұқараны ел көлеміндегі жағымды жаңалықтар мен туған жер аумағындағы атқарылған ауқымды жұмыстар туралы дер кезінде ақпараттандырып келеді. Сонымен қатар, түрлі тағылымдық, тарихи мақалалар, денсаулық, білім салаларындағы өзгерістер, спорт саңлақтары мен мәдениет майталмандары, еңбек озаттары да назардан тыс қалған емес.

Бүгінгі таңда басылым редакциясында елуден астам адам еңбек етеді. Шығармашылық қызметкерлердің дені жастар. Арамызда аға буын қатарында Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, бас редактордың орынбасары Сахи Қапар бар. Сіздермен дидарласуға бізбен бірге бөлім меңгерушілері Жеңісбек Айымқұлов, Ұлболсын Талапбаева, тілші Ринат Әбдіхалық келіп отыр. Бұрын бұл журналистердің жазғандарын күнделікті газет бетінен оқып жүрген боларсыздар. Ал бүгін өздерімен бетпе-бет жүздесу мүмкіндігіне ие болып отырсыздар. Шығармашылық ұжымда бұлардан бөлек, жауапты хатшы Алтын Қосбармақова, тілші Айнұр Қазмағамбетова қызмет атқаруда, – деді. Бұдан әрі ол аудандық газеттің осы кезге дейінгі қол жеткізген жетістіктері, алдағы бағыт-бағдары жайына тоқталды.
Мұнан соң аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев онжылдығы тойланып жатқан басылымның бүгінгі таңдағы қоғамдағы алар орнын тілге тиек етіп, мектепте қабырға газетін шығару жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орны мен маңызы туралы толғамды ойларымен бөлісті.

“Сыр бойы”, “Халық” газеттерінің Арал, Қазалы аудандарындағы меншікті тілшісі Жұмабек Табынбаев мерейтойдың алғашқы шарасы Жанқожа батыр ауылынан бастау алып жатқандығы тегін емес екендігін атап өтті. Бұл батыр баба ауылы тұрғындары ауызбіршілігінің молдығын көрсететінін айтып, сол үшін де білім ордасы ұжымына алғысын жеткізді. Шәкірттердің алдағы сындарлы сынақ – Ұлттық бірыңғай тестілеуден абыроймен өтуіне тілектестігін білдірді.

Ал, “Қазалы” газеті бас редак­торының орынбасары Сахи Қапар әңгімені әріден бастады. Оның айтуынша, туған өңірдегі үнпарақ 1934 жылдан бастап шығып, еліміз нарықтық экономикаға бет бұрған жылдары тоқтап қалған. Бүгіндері көпшілік қызыға оқып, асыға күтетін – “Қазалы” басылымы бұрындағы “Болшевиктік колхоз үшін”, “Социалистік жол”, “Ленин туы” газетінің заңды жалғасы екендігі туралы пайымды пікірін ортаға салды. 2009 жылы аудан әкімі Айтбай Көшербаевтың қолдауымен жарыққа шыға бастаған газеттің қызметкерлері мен авторлары, қоғамдық негіздегі тілшілері алдағы уақытта да оқырман қауымның талғамынан шыға беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында №94 орта мектептің журналистика саласына қызы­ғушылығы бар бір топ шәкірттері сахна төріне шақырылды. Олар бүгінгі таңдағы танымал тілшілерге еліктеп шығармашылықпен айналысып жүрген­дерін айта келе, “Қазалы” газеті журналистеріне көкейдегі сауалдарын қойды. Білім ордасының 7-9 сынып оқушылары Зина Ақбөкен, Ринат Нұралы, Мақсат Жалғасбай, Манзура Ұлмамбет, Алтын Қуатбай, Аяжан Өмірзақ, Ғалинұр Аманғали қиындығы мен қызығы мол мамандықты меңгеру үшін қандай қасиеттер қажет екенін сұрап, жолдаған мақалалары газет бетінде жарияланып тұрса деген тілектерін жеткізді. Тіпті кейбіреулері басылым бетінен қандай айдарлар ашылатынын білгісі келетіндігі жөнінде сұрады.

Шәкірттердің шынайы көңілден шыққан ұсыныс-тілектері мен сұрақ­тарына журналистер жан-жақты жауап беріп, армандарына жетулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта оқушылардың шығармашылығын көрсету мақсатында арнайы бет ашу да жоспарда бар екендігі айтылып қалды.

Кездесуге сондай-ақ Жанқожа батыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Шайқұл шығармашылық шырақшыларына деген жылы лебізін арнады. Мерейтой иелерін №94 орта мектептің директоры Алик Тілеумбетов, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айзада Тасым құттықтап, газет редакциясына шығармашылық табыс тіледі.

Мектептегі кәсіподақ ұйымының төрағасы Думан Төкеш бүгінгі кештің жоғары дәрежеде өтуіне ұйытқы болған мектеп кітапханашысы Айжан Сәндібекті туған күнімен құттықтап, ұжымдастары атынан сый-сияпатын табыс етті. Жоғары деңгейде өткен шара соңында журналист болуды армандап жүрген жас таланттар аға-апаларымен бірге суретке түсіп, олардан ақыл-кеңес сұрап тұру үшін байланыс телефондарын жазып алып жатты.
* * *
Батыр ауылындағы өткен жылы пайдалануға берілген спорт кешені ауласына таңертеңнен бастап тұрғындар ағылып келе бастады. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер тартысты волейбол жарысын тамашалады.

Аудандық “Қазалы” газетінің 10 жылдығына орай өткізілген волейболдан ашық турнирді ұйымдастыруға “Қазалы – Жомарт” қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды. Оған аталған спорт түрі жақсы дамыған Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр, Бекарыстан би, Қожабақы, Жанқожа батыр ауылдары мен Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің командалары қатысты.

Арықбалық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Жұбаныш Барақбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетов, волейболдан аудан құрамасының аға жаттықтырушысы Марат Мамай құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жер-жерден келген командалар жеребе бойынша екі топқа бөлініп, өзара кім мықтыны анықтады. Қарсыластарына қарағанда ұпайды көп жинаған Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов, Ақтан батыр және Қожабақы ауылының командалары жартылай финалға жолдама алды. Тегеурінді ойын өрнегін көрсеткен Жалаңтөс батыр ауылының командасы турнир жеңімпазы атанды.

– Волейбол қызықты ойын ғой. Команда болып бөлініп, бәсекелескен жастардың епті қимылы жиналғандардың делебесін қоздырды. Өздеріңіз байқағандай, шын жүйрікке тұсау жоқ. Жалаңтөс батыр ауылының спортшылары өздерінің мықты екендіктерін тағы дәлелдеді. Олар жақында ғана Қожабақы ауылында өткен турнирде де топ жарған болатын, – дейді Жанқожа батыр ауылдық спорт кешенінің директоры Ғанибек Рзабай.

Шындығында Ғазиз Тұлғабаев бастаған жалаңтөсбатырлық волейболшылар ақ­тық сында байырғы қарсыластарының бірі Қ.Пірімов ауылының спортшыларымен кездесуде шеберлік танытты. Бәсекелестерінің қателігін ұтымды пайдалана білді. Шиеленісті ойын қорытын­дысымен олар қарсыластарын 2:0 есебімен ұтып, турнир жеңімпазы тұғырына көтерілді. Сәйкесінше финалда ұтылған Қ.Пірімов ауылы екінші орынға жайғасты. Ал, үшінші орын үшін болған таласта Қожабақы ауылының асығы алшысынан түсті. Ақтан батыр ауылының командасын тізе бүктірген олар қола медальді місе тұтты.

Ашық турнир қорытындысымен Әділет Өмірбеков “Үздік ойыншы”, Әлішер Ахмет “Үздік шабуылшы”, Ғазиз Тұлғабаев “Үздік байланыстырушы”, Рахат Кемали “Ең жас ойыншы” номинациясына ие болып, бағалы сыйлық иемденді.

Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар кубок, медаль, дипломдармен қатар, “Қазалы – Жомарт” қоғамдық бірлестігінің атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды. Оны қоғамдық бірлестік төрайымы Гүлдәрі Иманалиева және тағы басқалары табыс етті.

Тағылымдық шараны өткізуге мұрын­дық болған №94 мектеп пен ауылдық спорт кешенінің ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ,
Суреттерді түсірген Серік АҚМЫРЗА


27 сәуір 2019 ж. 1 507 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 83

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930