Басылыммен бірге болыңыздар
Ақпарат айдынында желкенін керіп, бүгінге дейін еркін жүзіп келе жатқан «Қазалы» газетіне биыл 10 жыл толып отыр. Тарих үшін теңізге құйған тамшыдай уақыт болғанымен, аталмыш басылым ұжымы үшін үлкен мерзім екендігі рас.
Тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы ауданының айнасына айналған басылымның алғашқы саны 2009 жылдың қаңтар айында оқырман қолына тиген еді. Қазалы ауданы әкімі қызметін атқарған Айтбай Көшербайдың бастамасымен ашылған газет сонан бері оқырмандарына тынымсыз қызмет етіп келеді. Шығармашылық ұжым әрбір нөмірге асқан жауапкершілікпен қарап, оқырман талғамынан табылатын сараптамалық, өзге де мәйекті мақалалар дайындап, жарық көруіне зор үлестерін қосуда. Олардың ерен еңбегі жеміссіз де емес. Бұған алғаш ашылған кезде небары 1000 данамен жарық көрген басылымның таралымы қазіргі таңда 6500 данаға жетуі нақты дәлел.
Газет шығарыла бастағанда бас редактордың міндетін бүгінде «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан атқарды. Алғашқы бас редакторы ҚР Мәдениет қайраткері Жетіскен Мәкеналы болса, мұнан соң ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шамша Айтуғанов, қазіргі таңда облыстық «Kyzylorda-news.kz» интернет сайтының бас редакторы Дәурен Омаров «Қазалы» газеті редакциясы ұжымына басшылық етті.
2014 жылдан бастап облыс көлеміндегі аудандық газеттер «Сыр медиа» ЖШС-нің құрамына біріктірілді. Солардың қатарындағы «Қазалы» газеті жаңа жүйеге сай форматы үлкейіп, аптасына екі рет түрлі-түсті бояумен безендіріліп, басылып шыға бастады. Осылайша газеттің көркемделу жағы бұрынғыдан әлдеқайда әрленіп, оқырмандар талғамына сай шығып жүр. Алғашқыда 18 маманды қызметпен қамтыған басылымда бұл күндері 52 адам жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, «Сыр медиа» ЖШС-нің баспаханасында басылатын газет кідіріссіз арнайы көлікпен ауданға жеткізіліп, серіктестіктің өз таратушылары арқылы оқырман қолына дер мезгілінде тиеді. Бұл кент, қала аумағына қоса аудан көлеміндегі барша елді мекендерде де қалыптасқан жайт екенін айта кеткен жөн.
Басылым бетінде уақыт ағымына ілесіп, заман тынысын дөп басатын «Кәсіп пен нәсіп», «Адам және заң», «Елбасы Жолдауы – ел өмірінде», «Ел есіндегі есімдер», «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» секілді айдарлар ашылды. Оған қоса «Иман», «Қазына», «Ару – ана», «Мәслихат тынысы», «Ауылым – алтын бесігім» секілді беттерді әзірлеу жолға қойылды. Бұлардың қатарына өткен жылдан бастап ауданның ақын-жазушыларының шығармашылығына арналған «Aqberen», өңір өнерпаздары мен сахна саңлақтарын насихаттайтын «Shabyt», спортшылардың жоғарғы жетістіктерін сүйіншілейтін «Muzbalaq» тәрізді арнаулы беттер қосылды. Алдағы уақытта аудан кәсіпкерлері мен ұстаздарының мәртебесін көтеруге арналған тұрақты бет ашу жоспарда бар. Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбегін көпшілікке тереңірек танытуды міндет санаймыз. «Қазалы» газетінің бетінде ел ішіндегі түрлі сала мамандарымен, тұрғындармен қатар, республикамыздың түкпір-түкпірінде жүрген жерлестерді, шет мемлекетте білім алып жатқан қазалылықтарды да тауып, олар туралы түрлі сұхбат пен форумдар ұйымдастыру қолға алынған. Атап айтқанда, Англия, Жапония, Түркия, Ресей, Қырғызстан сынды бірқатар шет мемлекетте жүрген жастарды аудан жұртшылығына таныстыруда «Қазалы» газетінің тілшілері біршама тер төкті. Бұл іргелі ұжымның тынымсыз ізденісінің жемісі екендігі сөзсіз.
Бүгінгі жер-жаһандағы ақпараттар ағымына ілесіп, бәсекеге қабілетті болу мақсатында 2016 жылдан бастап аудандық «Қазалы» газетінің ресми «qazaly.kz» сайты жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар, түрлі әлеуметтік желіде аккаунттары ашылып, жастар арасында да танымалдылыққа ие.
Құрметті патша көңілді оқырман!
Бүгін Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің шежіресіне аз-кем тоқталдық. Алдағы уақытта басылымның мерейлі 10 жылдық мерекесіне орай аудан, облыс көлемінде түрлі шаралар өткізіп, газет бетінде арнайы мақала ұйымдастыруды межелеп отырмыз. Сүйікті басылымыңыз «Қазалы» газетімен бірге болыңыздар.
Есет ТАБЫНБАЕВ,
Қазалы аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы