Үлкен мүмкіндіктер, асқақ армандар
Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал сіңірген еңбек. Туған жердің суын ішіп, дәмін татып, жерін басып жүрген әрбір азамат Отанына борышкер, қарыздар. Сол себепті аянбай тер төгіп, мемлекетінің болашағы үшін, айналасындағы қоғамның игілігі үшін аянбай еңбек етуі тиіс. Алдымен әрбір істі бастамас бұрын оның мән-мазмұнын, талаптары мен жауаптылығын білу шарт.
Біз, жастар, еліміздің келешегін ұстайтын адал да саналы ұрпақпыз. Біздің қызметтерімізге байланысты еліміздің даму бағыты айқындалады. Жастарға, яғни бізге артылған жүк салмағы ауыр.
Қазір бой салыстыратын емес, ой таластыратын заман. Адамзат биікті білекпен емес, біліммен бағындыратын заман болып отырғаны баршамызға айқын. Бүгінгі жас ұрпақ мұны анық сезініп, білім бұлағынан молынан сусындауға зейін қоюда. Жастар өз күш-жігерлерін, білімдерін тәуелсіз елінің гүлденуіне жұмсамақ.
Өзім қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша 4 курс студентімін. Бала шағымнан армандағанымдай, ірі мемлекет қайраткері болу, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосу, қазіргі таңдағы басты мақсатым болып отыр. Осы арманыма жетуге алғашқы қадам ретінде де осы мамандықты жүрек қалауыммен таңдадым, оған еш өкінбеймін. Өндірістік іс-тәжірибемді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде өткердім. Бұл Департаментті таңдау себебін де айта кеткен жөн болар. 2018 жылдың қараша айында Департамент бастамасымен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында өткізілген «Жастар таңдауы - мемлекеттік қызмет» тақырыбында 24 сағаттық қысқа оқыту курсына қатысып, одан соң Қызылорда облысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының әкімшілік бөлімінде 10 күндік іс-тәжірибеден өттім. Басқармада өткен іс-тәжірибем менің одан әрі мемлекеттік қызметке деген қызығушылығымды арттыра түсті. Сол себепті 3 айлық өндірістік іс-тәжірибемді де осы Департаментте өткеріп жатырмын. Департаменттің атқарып отырған жұмысының ел игілігіне әсері де өте зор. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын түсініп, мол тәжірибе жинауыма үлкен септігін тигізді.
Осы тәжірибеде жинаған білімім мен алған тәжірибелік өтілім алдағы уақыттағы мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруыма үлкен үлесін тигізетініне кәміл сенімдімін. Мемлекеттік қызметті таңдаудағы алғашқы басымдылық патриотизм мен абыройлық, тұрақты да жайлы жұмыс орны мен әлеуметтік кепілдіктер. Жоғары оқу орнындарының түлектері алғашқы еңбек жолын мемлекеттік органдардан бастаса, бұл мансаптық өсуге сапалы негіз болары айқын.
Менің ойым мемлекеттік қызметкер - елдің мүддесі үшін өз күшін, уақытын аямай ел қамы үшін еңбек етіп,тер төгетін тұлға. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы баянды болуы үшін аянбай еңбек ету әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті. Мен мемлекеттік қызметкер болуды армандаймын. Тек сол арманымды жүзеге асыру басты мақсат. Ол үшін қазіргі уақытта аянбай білім алып, тәжірибе жинау үстіндемін.
Мен үшін мемлекеттік қызметкер болу - атақ-даңқ жинау емес, қызу қайнаған заманда Қазақстан халқының қамы үшін аянбай еңбек ету. Мемлекеттік қызмет бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Қазіргі уақыт талабы дүниелік көзқарас тұрғысынан жаңаша ойлап, шешім қабылдай алатын, креативті ойлау қабілеті дамыған тұлғаны, өз елі мен жерінің, туған тілінің жанашырын дайындауды міндеттеп отыр. Осы тұрғыда жаңа уақыт талаптарына және бәсекеге қарсы төтеп бере алатын, кәсіби білікті жас мамандар мемлекеттік қызметте ел дамуына қызмет етсе, алар асуымыз биік болары сөзссіз.
Жансая НҰРЕКЕШ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университетінің 4 курс студенті