Студенттерге мемлекеттік органдардан тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер жасалуда
Мемлекеттік жастар саясатының басты міндеттерінің бірі – жастарды Қазақстанның бәсекеге қабілетті аса маңызды әлеуеті ретінде қалыптастыруға бағытталып отыр.
Биылғы Жастар жылы аясында жастардың мемлекеттік қызмет саласына қызығушылығын арттыру мақсатында мемлекеттік органдарда тәжірибеден өткізу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Мемлекеттік қызмет саласы – халыққа қызмет көрсетуші, халықпен тікелей байланыстағы қызмет екенін ескерсек, тек кәсіби маман болып қана қоюдың жеткіліксіздігі, оған қосымша халықпен араласу, қатынас жасай білу мәдениетінің қалыптасуының маңыздылығын арттырады.
Жалпы жастарды мемлекеттік органдарда іс-тәжірибеден өткізудің мақсаты - жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру, жастарды мемлекеттік қызмет саясатымен таныстыру, ұжыммен тіл табысу, іс-қағаздармен жұмыс жасау, қоғамдық өмірге белсенді араластыру, коммуникативтік қасиеттерін арттыру болып табылады.
Студенттер өздерін мемлекеттік қызметкер ретінде көру үшін мемлекеттік органдарда тәжірибеден өткенді жөн санайды. Облыстағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Болашақ университеті және Ақмешіт гуманитарлық институтының биыл бітіруші 1275 түлегінің 199-ы, яғни 15,6% мемлекеттік органда іс-тәжірибеден өтті.
Биыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінде Сүлеймен Демирел атындағы университеттің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті және Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 4 курс студенттері өндірістік тәжірибеден өтті.
Елбасымыз айтқандай, біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек.
Өткен жылы облыста "Мемлекеттік қызмет мектебі" құрылған болатын. Мектепке қабылданған студенттер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы базасында бір апталық оқу курсынан өтіп, Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тест тапсырды. Осыдан кейін, студенттер мемлекеттік органдарда 2 апталық іс-тәжірибеден өтіп, облыстық мекемелердің жұмысымен танысты. Мемлекеттік қызмет мектебінің жұмысы биыл өз жалғасын таппақ.
Білімді ұрпақ – ел келешегі. Жоғары оқу орындары студенттерін мемлекеттік органдардан тәжірибеден өткізу жастардың мемлекеттік қызметке көптеп келуіне септігін тигізері анық.
Мақпал АБТИКЕРОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы