Зор міндет жүктейді
Елбасының биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да жастар мәселесі ескерусіз қалмаған. Жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып, 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.
Жастар қандай кезде де, қай қоғамда да аса белсенді буын. Халқымыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп жастардың бойындағы бұлқынған қуатты күшті саңлақ санамен саралай білген және оның адамгершілік тұрғыда өсіп-өркендеуіне баса мән берген. Бүгінгі Тәуелсіз елімізде жастардың жасампаздық рухы тіпті асқақтай түсуде, мемлекет жастар саясатына пәрменді қолдау көрсетіп келеді. Осының айқын дәлеліндей 2019 жылдың 23 қаңтарында Елбасының қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанаты болып бүкіл қазақстандықтар теледидардан тамашалады.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың: «Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық. Есілдің жағасында еңселі елордамыз Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік. Жүзеге асырылып жатқан шараларадың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр. Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Біз қазір жасап жатқанның бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз үшін сіздер өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық мәнде жүзеге асыра алуларыңыз үшін жасалып жатыр», – деген сөздері бойымыздағы күш-жігерді арттыра түсті.
Президент ел жастарының жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді. Еліміздің ірі қалаларында жастар үшін 1 мың пәтер салынатынын және ауылға көшіп барған жастардың жәрдемақысы бұрын 70 айлық есептік көрсеткіш болса, соны 100 айлық көрсеткішке дейін көтеру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, Үкіметке «Бизнес – 2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлерге бөлінетін қаражат көлемін екі есеге арттыруды міндеттеді. Қоғамның түрлі саласында белсенді қызмет атқаратын ерікті жастардың мәселесі де Елбасы назарынан тыс қалмады. Шара аясында жұмыссыз жастардың санын жылына бір процентке қысқарту үшін тиімді мүмкіндіктер жасау және жастар туризмін дамыту жайы да назардан тыс қалмады.
Арманы асқақ, рухы азат, мақсаты айқын жастар – жаңғырудың негізгі тірегі. Олай болса атаулы жыл жастарға мол мүмкіндік сыйлайды, ел келешегін нығайту жолында зор міндет жүктейді.
Талант НҰРМАХАНОВ