Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көз бен көңілден алыстаған аэропорт

Көз бен көңілден алыстаған аэропорт

Елу жылда – ел жаңа. Қазалы ауданында да тәуелсіздік алған жылдардан бері талай оң өзгерістер болды. Оны көпқабатты тұрғын үйлер мен мектеп, ауруханалардың бой көтеруіне қарап бағамдауға болады. Кенттің кейбір көшелерін есепке алмағанда ауыларалық жол мәселесін шешу үшін де жүйелі жұмыстар жасалуда. Себебі аудан тұрғындары оның үстімен жүйіткитін жаңа заманауи көліктерді лек-легімен әкеліп жатыр. Түр-тұрпаты түрлі темір тұлпар ауыл тұрғындарының аудан орталығына келіп-кетімін қамтамасыз етіп отырғаны айтпаса да белгілі. Ал кешегі Кеңес үкіметі кезінде қазалылықтар алыс-жақын елді-мекендерге жолаушылар көлігімен емес, ұшақпен қатынағанын білесіз бе? Қазіргі күні біріктіріліп, үлкен қалаға айналғалы отырған Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығында 12 жолаушыға арналған ұшақтарды ұшыратын аэропорт жұмыс жасаған деседі. Мезгілінде үлкен сұранысқа ие болған транспорттың заман қазіргідей даму даңғылына түскен тұста қолданыстан шығып қалуы өкінішті. Сол себепті оның тарихы мен пайдалы һәм зиян тұсын зерттеп, оқырман қауымға жеткізуді жөн көрдік.

Ең алғаш 1963 жыл­дан бас­тап 5-ші кварталда, жол мекемесінің ауласы орналасқан жерде ұшақ қонатын арнайы алаң жасақталған. Бұл туралы бізге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов айтып берген еді.


– Жергілікті аэродромның комменданты Зиядин Махамбетов деген азамат болды. Ұшу алаңы бес жыл шамасында халыққа қызмет етті. Кейінірек қала мен кенттің ортасындағы туберкулез ауруханасына қарама қарсы орынға көшірілді. Орталығы Арал ауданына қарайтын мұндағы аэропорт та 1988 жылға дейін жұмыс істеп, белгісіз себептермен жабылып қалды. Қазір оның орны ипподромға бейімделіп, ара-тұра ат шаптырылып, көкпар ойнатылады, – дейді ол.


Бұдан бөлек, «АН-2» әуе көлігін сол жылдары егістіктегі қаптаған зиянкестерді жою мақсатында да пайдаланған. Егіншілердің өтініш-тілегімен бірнеше шақырым жерге тыңайтқыш сеуіп, шаруашылықты есепсіз шығыннан құтқарған.


Қазалы қаласында бұрынғы аэропорт саласының ардагері Сәдірбек Қаниев есімді ақсақал тұрады. Ол 1976 жылдан бас­тап Қызылорда облысының Арал авиаотрядына жұмысқа қабылданған. Айтуынша аэропорттың тек Қазалыда ғана емес, Бекарыстан би, Қызылқұм, Сарбұлақ, Кәукей, Шәкен, Аманөткел, Райым, Қаратерең, Ақбасты, Құландыда да ұшақ қондыру бекеттері болған. Ол кездері халықты тасымалдауға «АН-2» ұшағы ғана қатынайтын. Ал Сәдірбек аға Қызылқұм совхозында аэродром меңгерушісі болған. Сол уақытта аптасына үш рет, дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері ұшақ көкке көтерілетін. Жол ақысы аудан орталығынан Қызылқұмға дейін 3-5 сомға дейін болған. Қызылқұмнан Аралға дейін 12 сом төлеген. Сондай-ақ пошта қызметтері – зейнетақы мен әлеуметтік көмекке төленетін ақша ұшақ арқылы әрбір ауылға таратылды. Жергілікті жердің ауа райын орталыққа баяндап, оны күтіп алып, шығарып салу жұмысын істеген С.Қаниев он жылдан аса уақытын жолаушылар тасымалына арнаған.

Ақсақалды аэропорт туралы әңгімеге тартқанымда, сөзді бір кездері Қазалыда орын алған ұшақ апатынан бастады. Өткен күнді есіне алған ол: «Осында 1969 жылы қараша айында аэропорт ашылған уақытта Қызылқұмға қатынайтын ұшақ құлады. 12 адамға шақталған әуе көлігіне 20 адам мінген. Оған өздерімен бірге базардан олжалаған дорбаларын қосыңыз. Барлығы қызылқұмдық екен. Оның бір бөлігі жан тапсырса, тағы бірнешеуі мүгедек болып қалды. Аэропорттың мың пайдасы болған болса, соның бір «әттеген-айы» осы еді», – деді.
Сәдірбек аға біраз жылғы қызмет барысында кездескен қиындықтарымен қатар қызықты сәттерімен де бөлісті.

– Қызылқұм мен Қазалының арасына сол кездері қыстыгүні көлікпен шықсаңыз 2-3 күнсіз жете алмайсыз. Ал ұшақтың кереметі жарты сағаттан астам уақытта аудан орталығынан бір-ақ шығатынбыз. Менің станциямның шақыру аты «Бурабай» еді. 1980 жылдардың шамасы болуы керек, жауын-шашын барын айтып орталыққа шықтым. Қонуға қауіпті екенін ескерттім.

Түс ауа демалып жатсам, ұшақтың дауысы естілді. Үйден шықсам «АН-2» ұшағы қонатын жер таппай шыр айналып жүр екен. Дереу мотоциклмен жедел жетіп, қонатын тұсты көрсеттім. Ол да мені күтіп тұрғандай әй-жайға қарамай денесін жерге тастап жіберді. Ырғалып келіп, батпақтың қақ ортасына тұра қалды. Ішіндегі азаматтарды бірден таныдым. Әуелі ауданның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев жерге түсті. Іле-шала облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұртаза Ыбыраев пен тағы бір жас жігіт көрінді. Елекең соңғысына қарап: «Сен жүрген жер оңбайды, осы. Біз қайтып келеміз дегенше ұшақты мына жерден шығарып қоятын бол», – деп тапсырды. Олар кеткеннен кейін совхоз директоры келді. Сәл ғана үнсіздіктен соң жігіт өзін таныстырды. «Мен Қазалы су шаруашылығының директоры Қуаныш Көләнов деген ағаң боламын. Әңгімені естідің ғой, не істейміз» деді. Содан ауылда түйенің үлкені – лөгі бар азамат бар-тын. Оның түйесін алып, ауыл мектебінің директоры Күзенбай Есқалиевке барып, мән-жайды баяндадым. Ол кісі де үш бірдей сыныптың оқушыларын ертіп келді. Көп уақыт өтпей ұшақты ұшар басына шығарып қойдық. Екі-үш сағаттан кейін Елекең келіп: «Ооо, жарайсың, Көләнов. Міне, азамат!», – деп еді Қуаныш та марқайып қалды. Сонымен көп ұзамай олар ұшып кетті. Кейін жылдар өтіп совхоз тарағаннан соң Қуекеңді кездестіріп, соның қарамағында жұмыс істедім. Зейнет демалысына да осы жерден шықтым, – дейді Сәдірбек аға.


Ұшақтар жұмысы тоқтағаннан кейін Оразғали Бекбанов кент әкімі болып тұрған тұсында қала әкімі Мырзахмет Толыбай екеуі ойласа келе Аралдан істен шыққан ұшақтарды әкелуді қолға алады. Көздегендері – өскелең ұрпақ ескі техниканы тамашалап, өткенді біле жүрсін деген ой еді. Сонан Аралда төрт күн жатып, ұшақтарды бөлшектеп жеткізеді. Ол жерден әкелінген үш ұшақтың біреуін Қазалы қаласына, екіншісін қазіргі Әйтеке би көшесіне, тағы біреуін «Жеңіс» саябағының ішіне орналастырған. Әдепкіде ескерткіш есебінде қойылған дүниенің күтімі мен жарықтандырылуына кететін шығынды өз қалталарынан шығарған. «Осыдан кейін балалар ұшақтың ішіне мініп, сейілдеп қызыққа батқаны әлі есімде», – дейді ауданның бас ардагері. Алайда қазіргі таңда оның бір де бірін қойылған орнынан таппайсыз. Ұшақ қаңқасының қайда жоғалғаны жөнінде де ешкім дөп басып айта алмайды. Оразғали аға сол ұшақтар қазір де ескерткіш ретінде тұрған болса, қанша адамды кешегі тарихпен бетпе-бет кездестіргендей болар еді деген қынжылысын жеткізді.

Ал кент тұрғыны Ғани Әбибулла ойын қуған балалық шағының бір бөлігі саябақтағы ескерткіш ұшақта өткенін айтады.
– Кішкентай кезімізде достарымызбен сонда барушы едік. Қателеспесем, ұшақ бірнеше жыл тұрды. Біріміз ұшқыш болып, енді біріміз оның көмекшісі, жолаушы болып ойын ойнайтынбыз. Кейін сол қатарластарымның бірі Ақтөбедегі Авиация академиясына оқуға түсті. Жалпы ескерткіштің өскелең ұрпаққа берері көп еді. Оның жанындағы түрлі коруселдер де қазір жоқ, – дейді.

Тарихи жәдігерлерге атүсті қарау – болашаққа немқұрайлы қараумен тең десек қателеспейміз. Өткеннен сабақ алып, келешегін бағамдайтын қазақ көненің көзін көздің қарашығындай сақтаса керек еді. Кімге өкпе артамыз? Ал өркениет толық дамымай тұрған сәтте болған цивилизация уақыттың осы тұсында бой көрсете алмай тұрғаны өкінішті. Әрі-беріден соң келешекте ауданда аэропорт салынар болса, бұл кезінде халық игілігіне жараған ұшақжайдың ізбасары атанатыны анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

27 наурыз 2019 ж. 909 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 82

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930