Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тындырымдылығымен танылған

Тындырымдылығымен танылған

"Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деп бекер айтылмаған. Бас ауырып, тіс қақсағанда безілдеп, білікті мамандардың алдынан бірақ шығамыз. Жанымыз көз ұшына келгенде олардың көмегіне жүгініп, жабысқан дерттен тездетіп айығудың амалын іздейміз.

Сондай ақ халаттылардың қатарындағы Ғалымжан Оңболсынұлының қызметіне жүгінуге тура келеді. Ол осыдан он жыл бұрын М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде білімін шыңдап, тіс дәрігері маманы атанған. Сырқаты жанына батқан науқасты емдеу ісі терең оқу мен ұзақ тәжірибе арқылы келетіндіктен интернатурадан соң мақсатшыл жас сол жақта стомотология кабинетінде еңбек етті. Бұл саланың қыр-сырына қанықты. Туған жерге келгеннен кейін аудандық ауруханаға стомотолог болып орналасты. Бұдан соң "Ақназар" ЖШС-нің стомотология кабинетінде жұмыс істейді. Қай жерде жүрсе де алдына келген сырқаттарға жылы қабақ танытты. Жұмысына тиянақтылығы мен қолының жеңілдігі сезілгендіктен оның қызметін тұрақты тұтынушылар қатары да көбейді. Сондықтан жігерлі жас жеке тіс емдеу кабинетін ашуды мақсат етеді.

"Ерінбегеннің еңбегі жанады" дегенді ұстанған Ғалымжан өз күшімен қаражат жинайды. Арманын жүзеге асыру жолында құралған азын-аулақ ақшаға қосымша ретінде банктен несие алып, "Нұрсаят" стомотология кабинетін іске қосты. Қазір халықты жүйелі қабылдап, сапалы ем жүргізуде. Мұнда арнайы жабдықтармен жабдықталған залалсыздандыру, емдейтін және құралдарды жуатын бөлме бар. Тісті қалпына келтіруге арналған жаңа аппаратпен қамтамасыз етілген. Заманауи қажетті құрал-саймандармен қызыл иек пен тісті емдеу, жұлу, ағарту мен пломбалау және тас алу, сондай-ақ жасанды тіс салып, жақты рентгенге түсіру қызметін де көрсетеді. Екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Тіс технигі Жасұлан Раманқұл жасанды тістерді жасаса, медбике Ләйлә Тәжденова іштің тазалығын бақылап, құрал-жабдықтарды дайындайды.

Емделушілердің оған айтар алғыстары мол. "Ғалымжанға ылғи тісім ауырғанда келіп қаралғанды жөн көремін. Қолы өте жеңіл. Ем алу үшін оған толық сеніммен келемін. Жұмысын сапалы істейді. Кәсібі бұдан әрі өрлей берсін", – дейді кент тұрғыны Ақмарал Орынбекова.

Көптің көңілін тапқан Ғалымжан Төлегенов қалаған кәсібінен нәсібін тапқан осындай тиянақты жан.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
16 наурыз 2019 ж. 1 877 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930