Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақ халатты Айбасовтар әулеті

Ақ халатты Айбасовтар әулеті

Қазіргі таңда төл мерекесінде де дұрыстап демала алмайтын мамандық иелерінің бірі дәрігерлер десек қателеспейміз. Ала таңнан қара кешке дейін жанына дауа іздеп келген науқастың қас-қабағына қарап, ем-домын жасаумен жаны қалмайтын ақ халаттылардың мәртебесі жер бетінің қай түкпірінде де жоғары екені сөзсіз. Ол аз десеңіз беймезгіл уақытта ауруханаға науқас түсіп, ота жасалу керек болса абзал жандардың түн тыныштығы тағы бұзылатынын білеміз. Елеулі еңбектері мен жылы жүректі мейірімділігімен халықтың ақ батасын алып жүрген олар қандай мақтауға да лайық. Ел тілегін жанына демеу етіп, Гипократтық антына адал дәрігерлер біздің ауданымызда да жеткілікті. Солардың бірі ақ халатты Айбасовтар әулеті.
Әрбір бала ер жете келе қиялшыл болатыны анық. Осы арман адамды асу-асу шыңдарға жетелейді. Ал біз айтқалы отырған әулет отағасы Серік Айбасов дәрігер болуының себебін балалық шағында көп ауырғандығымен байланыстырады. «Басқа түскен қиындықты науқастың өзінен артық түсінетін жан жоқ. Қатты ауырған күндерімде келіп, ем-дом арқылы ауруымды басатын дәрігерлер кішкентайымда құтқарушылар секілді көрінетін. Содан ер жеткесін бүлдіршіндердің бақытты күлкісіне себеп болатын мамандық иесі болғым келді», – дейді дәрігер. Мектептен кейін Серік Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Оқу ордасында жүріп өмірлік жары Гүлнар Жалғасовамен танысып, отау құрады. Өмірге екі бала келгеннен кейін, отағасы Ақтөбе қаласындағы медициналық академияға оқуға түсіп, білімін шыңдайды. Қолына дипломын алысымен туған жеріне оралып, балалық шақтағы арманын орындауға кірісіп кеткен. Қазіргі таңда Қазалы аудандық ауруханасында балалар дәрігері болып қызмет істейді. Ал дүниеге 5 бүлдіршін әкеліп, көп балалы ана атанған Гүлнар Жалғасова қазіргі таңда аудандық емхананың хирургия бөлімінің шаруашылық мейіркеші болып еңбек етуде.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді дана қазақ. Еңбекте қажырлы, ісіне ұқыпты Серік пен Гүлнар балаларына жақсы үлгі көрсете білуде. Олай деуіміздің себебі Айбасовтар отбасының Қайрат, Талант және Балауса атты үш перзенті ата-ананың ізін қууға бекініпті. Үлкен ұлы Қайрат Айбасов Қызылорда қаласындағы «Ана мен бала» орталығында дәрігер-лаборант, оның зайыбы балабақшада бала тәрбиешісі болып қызмет істейтінін білгенде бұл үлкен отбасының балаларға деген махаббатының бөлек екенін түсіндік. Ақ халаттылардың екінші ұлы Талант аудандық СПИД-пен күрес орталығында эпидемиолог көмекшісі болып істесе, таңдаған жары Айнұр Бисеналиева аурухананың хирургия бөлімінің ота мейіркеші. Отбасының ортаншы қызы Балауса ағымдағы жылы Астана қаласындағы медакадемияны тәмамдайды. Ол да әуелі ата-анасының, одан соң алдыңғы буын ағаларының жолын таңдап, науқастарды емдеп, жылы лебізге бөленетін дәрігер болсам дейтін көрінеді. Айбасовтар әулетінің кенже балалары Күмісбек пен Алтын армандарын басқа мамандық иесі болумен ұштастырмақ. Егіз болып дүниеге келген олар халыққа қызмет көрсету саласында еңбек етуді қалайды.
Осындай үлкен әулеттің ұйытқысына айналып, түтінінің түзу шығуына себепші болып отырған Гүлнар Дәрікерқызы өзінің отбасы туралы: «Біздің әулетімізде дастарқан басындағы әңгімемізге дейін ортақ. Адам денсаулығы үшін отбасы болып қызмет ететініміз қуантады. Балаларымызға жақсы үлгі көрсете білдік деп ойлаймын. Бірақ, өмірлік мамандықтарын өздері сүйіп таңдады», – дейді.
Қай заманда болса да адам баласы бірінші байлық – денсаулық екенін естен шығармақ емес. Алайда бұл қағиданың орындалуы үшін білікті мамандардың да рөлі ерекше. Сондықтан түн ұйқысын төрт бөліп, науқастардың айығып шығуына себепші болып жүрген ақ халатты абзал жандарды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, халық денсаулығын жақсарту жолында қайраттарыңыз қажымасын дегіміз келеді.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
15 маусым 2018 ж. 1 781 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930