Ұлттық киімді ұлықтаған ұстаздар
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейдің оқушылары мен мұғалімдері қазақтың ұлттық киімдерін киім, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуде. Олардың үстеріндегі оюмен оқаланған камзол, тақия, күрте сондай жарасымды көрініп, көз сүйсіндіреді.
Ұлттық киім – тарихтың көзі. Жыл санап жұрт ішінде оларға деген сұраныс артқанымен, белгілі бір мейрамдарда ғана тұтынатыны бізді қынжылтады. Сондықтан да Сейілхан Бердібекұлы басқаратын білім ордасындағы жағымды жаңалықты естіген соң асығыс сонда жеттік. Айтса айтқандай, мектеп-лицейдегі шәкірттер мен ұстаздар қауымына ұлттық нақыштағы киімдер ерекше әдімілік сыйлайды. Тіпті, балалардың бастарына тақия киіп алғанын көргенімізде қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалғандай болды. Білім ордасының басшысынан мұның мәнісін сұрағанымызда, ешқандай құпиясы жоқ екенін жеткізді. Оның айтуынша, соңғы уақытта көпшіліктің санасында "қазақтың ұлттық киімдерін Наурыз мерекесінде ғана кию керек" деген теріс пікір қалыптасқан. Осы стреотипті бұзу үшін апта басынан бастап лицейдегілердің барлығына ұлттық киімді пайдалануға бейімдеу жөнінде ұсыныс айтылған. Амандық болса, мектепке келушілер наурыз айының соңына дейін ұлттық киім кигендерді көретін болады.
Мектеп директорымен әңгімелесу барысында тағы бір жақсы жаңалыққа қанық болдық.
– Мен жақында ғана мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтқан ұлттық мейрамды өзгеше тойлау туралы пікірді қолдаймын. Әсіресе, Наурыз бүлдіршіндердің мерекесі болуы тиіс деген сөзі өте орынды айтылған. Осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында біз мектеп-лицейдегі 100 оқушыға сыйлық дайындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері бар қалташаларға жент, құрт, ірімшік, талқан, сөк сияқты тәттілерді саламыз. Осылайша өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелейміз деп ойлаймын. Бүгін сыйлық алған бала, келесі жылы да дәл осындай кәде алуға асығады, – дейді Сейілхан Бердібекұлы.
Одан бөлек, мектеп мұғалімдері оқушыларға еліміздің бірқатар өңірлерінде 14 наурыз күнінен бастап тойланатын Амал мерекесі туралы да кеңінен түсіндіруде.
– Бұл күні жасы кіші үлкен адамның үйіне барып көрісіп шығады. Міндетті түрде кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек деген ырым бар. Әсіресе алдымен құдайы көршіге кіріп шыққан жөн. Көрісе отырып, бір-біріне "Бір жасыңмен!", "Жасың құтты болсын!", "Жасың қайырлы болсын!" деп айту керектігі жас жеткіншектерге үйретіліп жатыр. Бүгін менің бастауышта сабақ берген 7 "Г" сыныбының оқушысы Назерке Тоқтамұратова өзінің бірнеше үй мен сыныптастарын ерекше құттықтағанын естіп қуанып қалдым, – дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлсайран Баймаханова.
№266 мектеп-лицейдегі үлгілі үрдісті аудандағы өзге білім ордалары да жалғастырып жатыр. Аудандық білім бөлімінің жетекші маманы Батырбек Тәңірбергеновтың айтуынша, №249 мектеп-лицей мен №95, №94, №216, №276, №88, №90, №25, №103 мектептің мұғалімдері де оқушыларға ұлттық киіммен сабақ беруде.
«Ең әдемі киім – ұлтыңның киімі», – деп ұлы адамдар бекер айтпаса керек-ті. Қазақтың ұлттық киімдерінің түрі де, үлгісі де еш халықтан кем болған жоқ. Тек кешегі қылышынан қан тамған Кеңес Үкіметі тұсында өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды жоғалта жаздағандай болдық. Ал, бүгінде Қазақ деген халық азат, еркін. Сондықтан да бізге ұлттық киімімізді киіп, ұмытылған салт-дәстүрлерді жаңғыртуға ешкімде кедергі бола алмайды. Қайта ұлттық сананы өрістетемін дегендерге ерекше қолдау көрсетіледі.
№266 мектеп-лицейдің оқушылары мен мұғалімдерінің бастамасын бүкіл аудан жұртшылығы қызу қолдау көрсетіп жатса нұр үстіне нұр дер едік.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ