Тақия киіп жүру енді сәнге айналды
Алматыда ерекше киінуге жаны құмар жандар асыға күтетін сән апталығы басталды. Жұртқа үнемі не киюді айтып жүретін отандық дизайнерлер бұл жолы ешкім күтпеген тосын әрекетке барды. Олар үкі мен тақияны подиумға шығарды. Әдетте Еуропаға еліктегенді жақсы көретін сәнқойларымызға бұл жағдай ұнай қойды ма? Қымбат көйлегін көрсетпесе мазасы болмайтын қала сылқымдары сән апталығына қандай киіммен барды?
Алда-жалда болатын Қазақстан сән апталығына бренд пен тренд қуалағандардың бірі қалмай келген. Бірі құндыз, енді бірі қабылан терісінен тігілген киімдерін киіп, бірінен бірі асқан. Елден ерекше көрінгенді жақсы көретін әйгілі дизайнер Сәкен Жақсыбаев та сирек кездесетін аңның терісінен сөмке ұстап, қыз-келіншектердің ішін күйдірді.
Сәкен Жақсыбаев, дизайнер:
-Жұрттың бәрі қара, сұр түсті киім киіп келетінін білдім. Сол үшін осылай ерекше киіндім. Бұл джинсыді мен Нью-Йоркте сатып алдым. Шалбары 20 доллар, күртеше 30 доллар тұрады. Осылайша, отандық киімді үгіттеп жүргендер тек Америкада ғана киінетіндерін айтып қалды. Десе де, бізде де сауда жақсы болып жатқан сыңайлы. Өйткені өнімдерін ұсынған дизайнерлер көбейген. Ең жасы - небәрі 17-де.
Лааль Ауғамбаева, дизайнер:
-Адамдардың әр жағдайға әртүрлі киім киетіндері ұнамайды. Өйткені, ол барып тұрған шығын. Мен ұсынатын киімдерді салтанатты кешке де, әрі көшеге де, жұмысқа, тіпті достармен кездесуге де киіп бара беруге болады. Яғни көп киім сатып алып, ақшаңызды құртпайсыз.
Дегенмен, бұрыннан жүрген дизайнерлердің бұл жас қызбен келіскісі жоқ. Олар бар тапқан-таянғанды сәнді киімге жұмсағанды дұрыс деп санайды. Сондықтан да, көрсетілімге көптеген көйлек алып келген. Бірақ та, көпшіліктің назарын шүберек емес, тақия аудартты. Бұған дейін шапанды сәнге айналдырғандар енді ұлттық бас киімге ден қойыпты. Қазақ балаға көз тимес үшін кигізетін үкілі тақияның қай түсі болса да биыл сәнді. Сонымен қатар, тоқылған сөмкеңіз болса, міндетті түрде тастамай ұстап жүріңіз. Көрсеткен киімдері көпшіліктің есінен шығып қалмасын деді ме, дизайнерлер биылғы сән апталығына тойдағыдай әншілерді шақыртып, шоу жасады. Ашық-шашық киінген әншілер, әрине, әп-сәтте көрерменнің назарын жаулап алды. Әрі, жылтырақ киімдер биыл сән болып тұр. Егерде мұның бірі де сізде болмаса, көңіліңіз түспесін. Өйткені мамандар биыл қызыл, жасыл, көк түсті киімдердің бәрі сәнді деп отыр.
www.ktk.kz