Қайырымдылық қоғамды құтқарады
Қазіргі таңда қоғамда жаппай қайырымдылық жасау үрдісі қалыптасып келеді. Біреудің мұң-мұқтажын сезініп, оған моралдық, материалдық көмек көрсететін жандар да көп.
Өйткені қазақ адамның қайғысы – заманның зары деп білген. Тіпті кешегі Кеңес үкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, келген өзге ұлт өкілдеріне кең құшағын ашып, алдына асын тосқан. Осындайда көмекке мұқтаж жандарды көре тұра рақат өмір сүруді ар санаған ұлтымыз қандай көрегенді еді деген ой туатыны рас. Ел арасында қызу қолдауға ие болған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да бір негізі осы болмысымызға қайта оралуды көздейді десек артық айтқандық емес.
Ел болғасын әлеуметтік жағдайы әр түрлі отбасылар бары анық. Бастысы имандылық қасиетті жоғалтпай – қиналғанға қол ұшын созу. Біздің ауданда да тағдырдың тәлкегіне түскен, төтенше оқиға салдарынан түрлі қиындықтарға тап болғандар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бергісі жақсылыққа жаны құмар жастардың, одан әрі меценат кәсіпкерлердің назарынан тыс қалған емес. Ал мұндай игі іске тәртіп сақшыларының да жанашырлықпен, білек сыбана кіріскенін көріп, іштей риза болдық. Өйткені жақында аудандық полиция бөлімінің басшысы Еркін Сағымбаев бастаған бір топ полиция қызметкері тұрмысы төмен бірнеше отбасыға барып, жағдайларын білді.
Кент тұрғындары Ж.Смайлов пен Л.Төлешбаева бүгінгі күні он бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Отағасы балаларының нәпақасын табу үшін жалданып жұмыс істейді. Оған үлкен ұлы қолқанат. Ал жұбайы бала тәрбиесі мен үй шаруасынан босамайды. Өздерімен бірге базарлығын ала келген аға-апаларды көргенде балалардың жүздері бал-бұл жанды. Тәртіп сақшылары өз кезегінде «тәртіпті болыңдар» дегенді айтып, түрлі ойыншық-сыйлықтарын үлестірді. Балаларының риясыз қуанышына куә болған ата-ана да тебіренісін жасырмады.
– Шынына келсек, құдай берген он баланың қажеттілігін толық өтеу біреу айтқандай оңай шаруа емес. Осы кішкентайлардың келешегі үшін жүргеніміз рас. Ертең өсіп, ержетсе халқына қызмет етеді емес пе?! Бір ұлым осы кісілердей полиция қызметкері болып, тәртіп бұзғандарды жөнге саламын дейді. Ал тәртіп сақшыларының бұл жақсылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Олардың жұмысы қауырт екенін көріп жүрміз. Соған қарамастан уақыт бөліп, қолдан келген көмегін көрсетіп отыр, – деді шаңырақтың отағасы.
Ұйымшыл ұжымды үлгілі іске ұйымдастырған полиция басшысы Еркін Сағымбаевпен тілдескенімізде: «Қиналғанға қайырымдылық жасау – әрбіріміздің адамгершілік борышымыз. Оның ішінде халықтың санын көбейтіп, ел мүддесіне қызмет ететін ұл-қыздарды өсіріп отырған мұндай отбасыларға демеу көрсетуіміз керек. Қазіргі таңда Елбасы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруді назарда ұстап отырғанын білеміз. Біз де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, осылай жасайық деп шештік. Полиция қызметкерлерінің арасында алдағы уақытта да бұл үрдіс өз жалғасын табатын болады», – деді.
Тәртіп сақшыларымен жүздескен тұрғындар арасында сезімге ерік беріп, көзге жас алғандар да болды. Олардың басындағы қиындығын түсіну үшін бір сәт жанында болсаңыз жеткілікті.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ