Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жомарт жүрек жақсылыққа жеткізеді

Жомарт жүрек жақсылыққа жеткізеді

Ортамызда туған жердің өркендеуіне елеулі үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қол ұшын созып жүрген атымтай жомарт азаматтар жетерлік. Айналасына жанашыр меценаттарға, бизнес-құрылым өкілдеріне, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Осыған орай, өткен аптада аудан әкімдігінде “Жомарт жүрек” сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Әлімжан Жарылқағанов бұл шараның мән-маңызына тоқталды.
– Республикалық деңгейде өткізілген байқаудың шарттары бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарияланды. Біздің ауданда да оның қорытындысы анықталып, бүгін марапаттағалы отырмыз. Ондағы мақсат мейірімді азаматтардың бойларындағы елдік ұстанымды аудан жұртшылығына кеңінен насихаттау, ұрпаққа үлгі ету, үздік тәжірибесін көпшілікке тарату болып табылады.
Отанға деген сүйіспеншілік алдымен туған жерге деген махаббаттан басталатыны белгілі. Елбасы “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында бағдарламаны жүзеге асыруға елім, жерім деген әр азаматтың үлес қосуы керектігі айтылған. “Атамекен” кіші бағдарламасы аясында “Мектепке тағзым”, “Өмір баға жетпес сый”, “Мейірім әуені”, сол сияқты “Жомарт жүрек” акциялары болашақта елін, жерін, Отанын сүйетін керемет ұрпақтың тәрбиеленіп шығуына септігін тигізетініне кәміл сенімдімін, – деген Әлімжан Мұратбайұлы бірқатар азаматтар мен ұйымдарды дипломдармен марапаттап, ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
“Жомарт жүрек” сыйлығының “Жыл меценаты” номинациясына туған жерде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, аз қамтылған, көп балалы отбасыларға, ата-анасының қарауынсыз қалған жетім балаларға, мүгедектерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, зейнеткерлерге қайтарымсыз көмек көрсеткен “Сыр маржаны” ЖШС директоры Мнажадин Өтеев ие болды. “Туған өлке” номинациясы елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын реконструкциялау және салу, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырған “Қазалы жолаушы” ЖШС директоры Бекқали Бекбауыловқа табыс етілді. Ал, “Жыл тұлғасы” номинациясы белсенді азаматтық ұстанымы, әртүрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметтеріне байланысты “Жылу ХХІ” ЖШС директоры Көпжан Бижановқа, “Жылдың үздік ұйымы” номинациясы әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды және акциялар ұйымдастырып қайырымдылық көмек берудің жаңа тиімді түрлерін енгізгені және қоғамдық маңызы бар шараларға бас демеушілік жасаған “РЗА” акционерлік қоғамына, “Ерен еріктілік” номинация­сы волонтерлік қызметтерге белсенді қатысқаны үшін Думан Нұрыллаға табысталды.
Салтанатты шарада аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Талайлы Бөріқұлақов құттықтау сөз сөйлеп, “Жомарт жүрек” сыйлығына ие болған азаматтар мен ұйымдардың қандай құрметке де лайықты екенін жеткізді.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
17 шілде 2018 ж. 3 261 0

Жаңа министр ант берді

10 мамыр 2024 ж. 59

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031