Жарияланбаған соғыстың жауынгері
Жанкент ауылдық кітапханасында Ауған соғысының ардагері Бимырза Айзақовпен «Жарияланбаған соғыстың жауынгері» атты кездесу өтті. Онда жуырда ғана өмірден өткен қазақтың «қара майоры» атанған қанды шайқастың ардагері Борис Керімбаев пен сонда көкөрім шағында шейіт кеткен жауынгерлер рухы бір минут үнсіздікпен еске алынды.
«Сананы шаршатып, талай жанды сарсаңға салған сол бір сұрапылдың да келмеске кеткеніне 30 жыл толып отыр. Бірақ соғыс зардабын шегіп, елге жаралы болып оралған жалын жүректі жігіттер Ауған жерінде қалған қаруластары мен соғыс жаңғырығын мәңгілік ұмытпайды», – деп сөз сабақтаған Б.Айзақов жауынгерлік жылдар жайлы сыр шертті. Кітапхана оқырмандары Отан, туған жер, бейбітшілік және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған жырларды оқыды.
Еңбек ардагерлері Қашқынбай Нысанов, Аманкелді Қилыбаев, Сейіт Мырзағұлов, Бекболат Әбжәлиев №104 мектептің әскери даярлық пәнінің мұғалімі Азамат Жиенәлиев, болашақ ұрпақтар соғыс өртін көрмей, бейбіт заманда бақытты өмір сүре берсін деген тілегін білдірді. Кешті ауыл кітапханашысы Несібелі Нұрадин қорытындылады. Клуб меңгерушісі Болатбек Рсалы «Аман бол, ағаларым» әнін нақышына келтіре орындады.
Жәмила ӘЛИМАЕВА