Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл – уақыттың шешімі еді

Бұл – уақыттың шешімі еді

Тарих жылнамасына зер салсақ, ХХ ғасырдағы айтулы нәубеттің бірі – Ауған жерінде он жылға созылған соғыс. Қос алпауыт держава АҚШ мен КСРО арасындағы қырғи-қабақ қақтығыс, қанды қырғынның куәгері, оқ пен оттың ортасынан аман оралған санаулы азаматтардың бірі, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері, жерлесіміз – Күмісбай Серікбаев.
Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толған айтулы дата қарсаңында зұлматты күндер куәгерімен жүздесудің сәті туды. Бұл тақырыпты қозғау оңайға соққан жоқ. Қойған сұрақтарға барынша қысқа жауап қайтарған интернационалист жауынгердің сөздерінен жанға жара салған ауыр да азапты күндерді қайта ойға алу қиындық тудырғанын аңғардық.
Соғыстың жақсысы болмайды
«Одан бері бірнеше жылды артқа тастағанымызбен, Ауғандағы азапты күндер салдарын ұмыту мүмкін емес. Соғыстың жақсысы болмайды.
1978 жылы Ауғанстанда сәуір айында төңкеріс болып, оның соңы зұлмат соғысқа ұласты. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, оған сырт мемлекеттердің қатысуымен де ұзаққа созылды. 1979 жылы Кеңес әскерлерінің санаулы сарбаздан тұратын арнаулы бөлімдері Ауғанстанға кірсе, артынан әскерилер бағыты түбегейлі өзгерді», – деп сөзін бастады.
Он жылға жуық жүрген қанды қырғынға 860 сырбойылық азамат аттанса, олардың 69-ы қазалылық қайсарлар. Бойларындағы бұлқын­ған бұла күшін ортақ Отанды қоғауға жұмылдырған жігіттердің іс-әрекетін көз алдымызға келтірген естеліктен көп нәрсе ұғыну мақсатымен, кейіпкеріміздің сөзіне ерекше ден қоя түстік.
Ауған жеріне аттанар сәті туралы Күмісбай Серікбайұлы үлкен тебіреніспен баяндады.
«Қазіргі Өзбекстан Республика­сының Самарқан қаласына 1983 жылы ауыл шаруашылығы институтына оқуға қабылдандым. 1984 жылы күзде сол жердегі темір­жол әскери комиссариатынан Мәскеу маңындағы Горький облысы, Дмитриевский ауданы, Молина поселкесіндегі №06709 артел­лериялық полкіне түстім. Мұндағы барлаушылар бөлімінен алдын ала барлау пункті (ПРП-З) ауыр әскери көлігін тізгіндеп, сержант шенін алып шықтым.
1985 жылдың көктемінде Ауған жеріне аттандық. Алдымен Ташкентке жетіп, сол жерден Шыршыққа жіберілдік. Шыршықта болған күн­дерде ауа райына бейімделіп, әске­ри машыққа дағдыландық. Он күннен соң Өзбекстанның Термес қаласынан 3 күн жаяу жүріп, Ауғанстанның Хайратон деген қаласы маңына барып, бөліндік.
Аман-есен ораламын, туған жер
«Ердің сөзі – сынбас серті» дейді халық тәмсілі. Кейбір қару­ластарымыз біз ауған даласына соғысқа аттанып жатқанымызды білмедік деуінің де өзіндік сыры бар. Ол туралы сәл кейінірек айтып беремін», – деп сәл іркілді. Үнсіздікті: «Ауған жеріне өз келісімдеріңізбен бардыңыздар ма?» деген сұрағым бұзды.
«Бізден ешкім келісім алған жоқ. Өз басым ол кезде қайда, не мақсатпен бара жатқанымды бағам­дай алатын он тоғыз жаста едім.
Майданға бара жатып туған жерімнің үстінен пойызбен өттік. Бұл айтар ауызға оңай. Ал шынайы сезіне алған адамға жүрекке салмақ түсіретін сәт болды. Ол күн дәл кешегідей көз алдымда».
Ресейден шыққан отарба қазақ даласына кіргенде Күмісбай өзін туған анасының жұмсақ алақанымен аялағанындай күйге енеді. Жусаны, жыңғылы, әр бұтасы, тіпті ұшқан шаңы мен топырағы да «Сен менің баламсың» дегенді ұқтырғандай болады.
Қазалының теміржол вокзалы­ның жанында балалар алаңқайы орналасқан. Айналасы жасыл ағаш, алқызыл гүлмен көмкерілген мекен­нің туған жері екенін айтқанында, әскери достары таң-тамаша қалады.
«Қанша намысқа тырыссаң да, бағытың белгілі. Туған жермен қайта қауышар, қауышпасың беймәлім. Ауылдан біреуге кезігіп, өзімнің Ауғанстанға бара жатқанымды айтып кетсем деген мақсат кеудемде қылаң берді».
Қазалы вокзалында жауынгер Өтепберген Бозғұлов есімді қазіргі Әйтеке би кентінде тұратын ағасының жақын көршісін көріп, қуанып кетеді. Вагон есігі аузында амандасып, өзінің мән-жайын айтып, туысының үй телефонының нөмірін береді. Ақау табушы болып жұмыс істейтін танысы туыстарына жедел телефон шалса, олармен қоштасуға уақыт та жеткілікті, мүмкіндік те бар еді. Алайда әлгі кісі Күмісбайдың сөзіне дұрыс мән бермеді ме, әлде анық ести алмады ма, жазып берген нөмірді таңертең жұмыстан қайтқанда Өтепбергеннің үйіне: «Бір бала беріп кетті», – деп апарып беріпті.
Ата қонысы №99 разъезд тұсына жеткенде пойыз ұзақ тұрып қалады. Беймезгіл уақыт. Ауылдастардың бірі болмаса, бірі көрер деген үмітпен терезеге телміргенімен, онысынан ештеңе шықпайды. Әйтсе де өзінен бір белгі қалдыруды ойлайды.
Бұдан бұрынырақ жабық әске­ри бұйымдар шығаратын зауытта жұмыс істеген шағында сол жердегілердің сыйға тартқан аты жазылған саптыаяқты болат жолы бойына лақтырып кетеді. Бұл әркетті тәртіп бұзушылыққа санаған әскер басшысына жағдайын түсіндіреді.
«Мақсатым текке кетпеді. Ыдыс­ты теміржол бойынан біреу тауып алып, туыстарыма табыс етіпті. Саптыаяқ арқылы оның қай пойыздан қалғанын болжап, пойыз бағытына сәйкес жақындарым менің Ауғанстанға кеткенімді топшылаған көрінеді.
Қатты қиналсам да, намысқа тырысып: «Аман-есен ораламын, туған жер», – деп іштей серт бердім.
Бір айдан кейін хат жібердім».
Ауған асуы
Екі жақты соғыс қайнаған кез. Құрамында Серікбаев бар гарнизон Ауғанстанның солтүстігіндегі Құндыз қаласында майданға түседі. Құндыз – аймақтағы стратегиялық маңызы бар тас жолдар тоғысқан мекен. Сондай-ақ бұл жер Тәжікстанмен шекарада орналасқандығымен де ерекшеленеді.
Барлаушылар ротасында суыт ұрысқа кіріскен жаңа әскери құрамға соғысты қабылдау мен саналарына сіңіру оңайға соқпайды. Бұл туралы Күмісбай Серікбаев: « Біз ауылда өскен қойшының баласымыз. Мал сойып, қан шығып жатқан жайт бізге таңсық болған жоқ. Бәрін салқын қабылдауды жастай үйрендік. Ал Мәскеу қаласында өскен бір жігіт қанды көрініске алғаш ұшырасқанда ақыл-есін жоғалтып алды. Бұл жерде психиканың әлсіздігі де әсер етеді. Жан досының көз алдында өлім құшқанын көріп, сана-сезімі мүлде өзгеріп кеткен роталасымыз да болды. Кейбіреулер құсып жататын», – дейді өткенді ойға оралтып.
Жат жердегі мұндай жағымсыз жайт, көріксіз көріністер, артиллерияның толассыз гүрсілі бейбіт өмірден келген жігіттерді алдымен есенгіретсе, артынша есейте түсті.
Тәжікстан шекарасы маңындағы ахуалды анық бақылау, тау жотасында жасырынған жауды бекіністен ығыстыру бұлардың міндеті саналатын. Бұл жер Кеңес әскерлері үшін үлкен маңызға ие орын. Ондайда орын алған ұсақ-түйектің өзін қалт жіберудің соңы үлкен қиындық туғызатынын ұғынған сарбаздар әрбір іске байыптылықпен қарайды.
Таулы жерде жаумен шайқасу тұрмақ, жүрудің өзі азапты.
Дұшмандар күндіз тыныштық тапса, түнде шабуылын үдетеді.
Ауғандықтарға қарсы талай жедел жоспарлар түзіліп, оларға Күмісбай да батыл күш-жігерін жұмылдырады.
«Соғыс – көркем баяндалатын ертегі емес, өмір шындығы. Жау жағын катюша, бомбамен талқан­дадық. Қарсыластардың екі түрлі винтовкалары болды. Олар тіке келсе, бронды техникаларды тесіп кете береді. Кейбір жағдайда біздің қаруды қолға түсіріп, өз оғымызды қайтарып атқан кезі болған. Олар қаруды қажет етпейді. Соғыс қимылдарына әбден жаттыққан халық. Рельстің не құбырдың екі жерін бір-біріне қиюластырып, қолдан жарылғыш миномет қоюға әбден машықтанған. Ауғандардың 90 проценті қару атып үйренген. Әйелдері де қару асынады. Төрт-бес жасар бала автоматты көтере алса, атып үйренеді», – дейді кешегі жауынгер.
Айтуынша, «жасылдар» аталатын жалдамалы қызметкерлер 3 жыл әскерде борышын өтемейді, қызмет етеді. Өмірлері үшін ақша тігіледі. Бәсті өсіруге өздері құқылы. Аз ақыға қолдарына қару алмайды, ал айтқандарын орындаса, өлімге ойланбай бара алады. Түсініктерінше туған жерді қорғау мақсатында жау арасында өзін жарып жіберу жиһад саналады.
«Ауған әскерлері заң үстемдік орнатады дегенді мүлде саналарына сіңіре алмайды. Ішінара байланысқанымызда бұйрық беріп тұрған командирдің әрекетін ерсі көреді. Мұның сырын түсіндір­генімізде: «Тең құқылы болсаңдар, сен оған неге бағынуың керек», — дейді. Отбасымыздың суретін көрсетіп, өз тұрмысымыз туралы айқанда, барлығын жалғанға санайды. Ұғынғаным, олардың ешбірі бейбіт тірлікті елестетіп, болашақтарына байыппен болжам жасай алмайды.
Ауғандар өте жұпыны тірлік кешеді. Оқу оқымайды. Бидай егіп, мал бағып, күнелтеді. Үйлеріне тулақ жайып қояды. Кілем, киізді көп үйден кездестірмейсің. Ал жиһаз дегенді мүлдем білмейді. Тастың арасына да, тегіс жерлерге де саз кірпіштен үй сала береді. Ішіне кірсең қуыс-қуыс бөлмелер арқылы бір көшеден келесісіне шығып кете бересің».
Бауыржан Момышұлының: «Батыр­лық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланыс­ты қалыптасады» дегендей, Ауған асулары Серікбай үшін үлкен өмір мектебіне баланды. Темір тәртіпке бағынған Кеңес жауынгерлері қата­­рында жауапкершілік пен шап­шаңдығын ұрыс сәтіне үндес­тіріп, қаруластарының жеңіске жетуіне үлесін қосады. Ұтқырлық пен ұқыптылықты ұшқырлыққа ұлас­тырған қазақ жігітінің қағілез мінезі қаруластарды талай тығырықтан алып шығады. Жарақат алуы да алғы шепке шығып, жаумен ашық айқасқа түскен кезінде орын алған.
Аяғын алыс жерде қалдырды
Жауынгерлік жорық кезінде түрлі оқиғаға тап болған. Ауған соғысы ардагері қаруластарының жанкештілігін терең күрсініспен баяндады.
«Бірде кезекті шайқаста аяғына дұшпан оғы тиген полктегі қырғыз жігіт жан түршігерлік оқиғаға тап болды. Оң жақ аяғына тиген оқ оты гүрзі етікті бойлап, жоғарыға кеулей жөнелді. Еті өртеніп жатқанда не болғанын бағамдап үлгірмеген жауынгердің айғайлап жүгіргені көз алдымнан кетпейді.
Теледидардан көрсеңіздер кейде танк төбесіндегі люк ашық келе жатады. Оның сырын қарапайым көпшілік түсіне бермейді. Танкке оқ не мина жарқыншағы тисе, осындай кішкентай құрылғы ішкі тепе-теңдікті реттеп, қысымды жоғарыға шығып кетуге мүмкіндік туғызып, тұтас техниканы жарылаудан алып қалады. Танкті тізгіндеген Талғат Мүсірепов деген азамат ұрыс үстінде люкті ашып болғанынша, жарылыс жалыны аяқтарын шарпып кеткен еді.
Осылай қос аяғын тарпаң басып, туған жерден аттанған мен білетін екі жігіт елге мәңгілік мүгедек болып оралды. Мұндай жайттар ауған даласында көптеп орын алды. Өмірін енді ғана бастаған жап-жас, көрсең көзің, сезінсең көңілің тоятын замандастардың біразы кебін киіп оралды. Аман қалғандарының да денсаулықтарын жақсы деуге болмайды.
Ақиқаты әлі де беймәлім
Аталымыш соғысқа қазалы­лылық алпыс тоғыз азамат қатысқан. Олардың әрбірі қаһарман, әрібірі ерліктің ерен үлгісі.
Кейде: «Қаншама адам Ауған­станға аттанса да, жеңе алмады, оны ешкім ала алмайды» деген пікірді құлағымыз шалады. Бұл туралы сол оқиғаны көзбен көріп, жүрегінен өткізген Серікбайдың Күмісбайынан сұрағанымызда: «Ауған соғысынан келгенімізді ұзақ уақыт айта алмадық. Ол әскери құпия саналды. Ауғанды тып-типыл етіп тегістеп, бірде-бір адамын қалдырмауға Қазақстанның қаруының өзі жетеді. Алпауыт Америка бір айдың ішінде басып алды. Халқын қырып тастауға олар да қауқарлы. Бірақ халықаралық Женева келісімшартында: «Жер бетінен бір ел, бір халық құрып кетпеуі керек» деген бітім бар.
Біз қандай мемлекеттік саясат арқылы барғанымызды жіті түсін­бейміз. Бұл жоспарлы қақтығыстар. Ұғынғанымыз, Одақ ұстанған ұсы­ным қару-жарақ, әскери күшті сынау, соғыс тәсілдерін үйрену, шыңдалу, тәжірибе жинауды мақсат тұтты.
Он жылдан кейін әскерді Ауған жерінен шығаруға қарар қабылдады. Мүмкін сынап болдық дегені ме, әлде халықтың балаларын әскерге жіберуге деген наразылығынан туындады ма, шешімнің түп-тамырының қайдан туындағаны бізге әлі де беймәлім.
Біз елді қорғадық деген түсінікте болдық. Саяси ағыммен аттандық. Бұйрық бойынша ұрысқа түстік. Қалай десек те, Ауған соғысы – уақыт шешімі болды. Біз соның куәгері атандық», – деді өзі қатысқан соғыс туралы түсінігін жайып салып.
Күмісбай Серікбаев әскерден оралысымен оқуын жалғастырып, бейбіт өмірдің түлеуіне өз ықпалын тигізеді. 1990 жылы мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, Қызыл­орда қаласындағы ғылыми зерттеу зертханасында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді.
2011 жылы «Ер туған жеріне» дегендей, Қазалыға оралып, аудандағы қорғаныс істері жөніндегі бөліміге ауысып, сол мекемеде инспектор болып қызмет етуде.
«Әскерге бармауды індет етпей, баруды міндет етуі парыз. Ердің ісі – елін қорғау» деген ұғымды ісімен де күшімен де жас ұрпаққа ұғыныдырып келе жатқан бүгінгінің батырына жерлестері құрметпен қарайды.
«Қазақта «Өнерді үйрен де, жирен» деген сөз бар. Әскери қимылдар да өнер түрі. Оны меңгеріп, қажет жағдайға жауға тойтарыс беруге дайын болу ешкімге ауыртпашылық әкелмейді. Десе де біздің тілек – қару-жарақ дайындықтар мен азат шеруде ғана атылса екен», – деді ол бізбен қоштасарда.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
19 ақпан 2019 ж. 1 114 0

Ынтымағы жарасқан

03 мамыр 2024 ж. 45

Қазақ тілі трендте

03 мамыр 2024 ж. 56

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031