Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нейрохирургтар миға қансыз ота жасауда

Нейрохирургтар миға қансыз ота жасауда

Шығыс Қазақстан Облыстық мамандандырылған медициналық орталығының нейрохирургтары 8 пациенттің миына күрделі ота жасады. Шығысқазақстандық дәрігерлерге кеңес беріп, шеберлік сағатын өткізуге Астана қаласының Ұлттық нейрохирургия орталығының қантамыр және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты нейрохирург дәрігері Ербол Махамбетов келді.

Білікті маманның арнайы келуі Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта рентген-эндоваскулярлы зертханасының ашылуымен де байланысты болды. Профессордың қолынан ем алуға аневризмнің ерекше және ауыр түрлеріне шалдыққан пациенттер дайындалды. Науқастың мидағы қан тамырлары аруларын уақытылы анықтап, қалыпты өмір салтына қайта оралтуды мақсат тұтқан нейрохирургтар сегіз пациенттің өмірін сақтап қалды.

«Жас келіншек басының жиі ауырып, қимыл-қозғалысының ауырлап, бойында әлсіздіктің пайда болғанын айтты. Оған инсульт алу қаупі төнген екен. Оның алдын алу үшін пациентке қан ағымын бағыттайтын қалқанша орнатылып, базилярлы артериясындағы үлкен аневризма ашылды», - дейді Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың нейрохирург дәрігері Мұқтар Қорабаев.


Облыс орталығының 32 жастағы тұрғынына жасалған ота үш сағатқа созылды. Дәрігерлердің айтуынша, ота жасамаған жағдайда жігітке жарық дүниемен қош айтысу қаупі төнуші еді. Оның миындағы үлкен аневризма күрделі орналасқандықтан дерт ошағына қарапайым әдіспен жету мүмкін болмады. Осы себепті оған маңызды қантамырлардың бітелуінен және бүйірленіп шығуынан қорғайтын біріктірілген эндоваскулярлы ем-дом қолданылды.

«Менің мұнда келудегі басты мақсатым – тәжірибе алмасу. Ары қарай қантамыр нейрохирургиясының нақты осы бөлігін дамыту қажет. Мәселе өте күрделі, өйткені соңғы уақытта аневризмалық қанқұйылуға көбіне жас адамдар ұшырап жатыр. Бұдан адам мүгедек болып, не болмаса көз жұмады. Біздің басты міндетіміз – аталмыш дертті уақытылы анықтау. Бұл бағытта елімізде инсульттің алдын алу бойынша бүтіндей бір бағдарламалар бар», - деп қосты профессор Ербол Махамбетов.

Бұдан бөлек, профессордың жетекшілік етуімен Семей қаласындағы Медициналық университеттің докторанты, медицина ғылымдарының магистрі Жандос Уап та екі ота жасады.

Бұл жолы жасалған оталардың бір ерекшелігі бас терісінің кесілмей, сүйегінің алынбай жасалуында. Екі тәуліктен соң барлық науқастар жақсы көңіл-күймен үйлеріне қайтарылды. Естеріңізге салсақ, бұрын мұндай ота түрлері еліміздің ірі емханаларында ғана жасалатын. Енді бұл Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың ота жасау бөлімшелерінде де жасалатын болды.
13 ақпан 2019 ж. 1 119 0

Киелі мекен - Жанкент

19 сәуір 2024 ж. 43

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930