Бюджет қаржысымен шетелде емделу үшін қандай құжаттар өткізу керек
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Лаура Ахметниязова бюджет қаражаты есебінен шетелде емделуге құқылы азаматтардан қандай құжаттар қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасының азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелге емделуге жіберу мәселесін шешу үшін республикалық денсаулық сақтау ұйымы жұмыс органының қарауына мынадай құжаттарды енгізеді. Олар: пациенттің жеке басын куәландыратын кұжаттың көшірмесі, медициналық ұйым ұсынған, 30 жұмыс күнінен аспайтын диагностика және емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес жүргізілген барлық зерттеулердің және консультациялардың нәтижелерін қамтитын пациенттің сырқатнамасынан үзінді және осы қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес пациентті шетелдік ұйымдарға емделуге жіберу туралы республикалық денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы», - деп жауап берді Лаура Ахметниязова «ҚазАқпарат» тілшісінің ресми сауалына.
"Ал шұғыл ота жасау қажеттігі туындаған жағдайда, өтінім беру, жауабын күту секілді құжат жұмыстары уақытты кешіктіріп жібермейді ме?", деген сұраққа Лаура Ахметниязова: "Шұғыл емдеуді қажет ететін пациенттер болған жағдайда комиссия төрағасы кезектен тыс отырыс өткізеді", - деп жауап берді.
Айта кетсек, Қазақстан азаматтарын бюджет қаражаты есебінен шетелдік медициналық ұйымдарға емдеуге жіберу мәселесін комиссия шешеді. Ол комиссияның құрамында уәкілетті органның өкілдері, арнайы мамандандырылған дәрігерлер, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері кіреді.
Еске сала кетсек, бұған дейін министрлік өкілі бюджет қаржысы есебінен шетелде емделуге құқылы азаматтардың тізбесін жолдаған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылы Қазақстан азаматтарын шетелге емдеуге жіберу үшін 1,6 млрд теңге бөлінген (2017 жылы - 1,59 млрд теңге).