Күн кезбелері

Сол сезім есейгеннен кейін де қалмады. Қайсыбір жерден кездестіріп қалсам, оларға ұнамсыз көзбен сынай қараймын. Бұл топ-топ болып жүретін жұмбақ жұрт шығыстық па? Әлде Батыс елінің өкілдері ме? Азатсүйгіш ұлт неге ән айтып, би билеп, өнерін пұлдамайды? Қайыр тілеу олардың салты ма, әлде оңай олжа табудың жолы ма? Осы тақырып үнемі қызықтыратын.
Азатсүйгіш арландар
Сығандар – өз мемлекеттігі жоқ, бүкіл планетада өмір сүретіндігімен ерекшеленеді. Ұлттың негізгі аты – люли. Көне аңыз кедей отбасында дүние есігін ашқан Лю есімді ер бала мен Ли есімді қыз бала атауымен байланыстырады.
Аңыз желісіне ары қарай бойласақ, сол кезде жаугершілік жағдай орын алып, салдарынан екеуінің ата-анасы тұтқынға түсіп, өзге аймаққа айдалады. Естерін білген кезде бауырлар ата-анасын екі бағытта іздеп шығып, тағдырлары ажырайды. Арада біраз жылдар өткен соң қайта жолыққан қыз бен жігіт бір-бірін танымай, отбасын құрыпты. Бұл әрекетіне налыған халық «Ғасырлар бойы қол жайып, қайыр тілейтін қайыршылық бұйырсын» деген лағынет айтқан деседі.
Зерттеушілердің айтуынша, «сығандар» «славяндар», «кавказдықтар» сияқты ұжымдық термин. Этикалық тұрғыдан алғанда, олар друидтық қоспасы бар арийлердің ұрпақтары саналады. Шыққан жері Үндістанның территориясы.
Ұлттың этнонимдері джуги, мугат, рома, гурат, мултони деп түрліше айтылады. Шартты түрде шығыс пен батысқа бөлінетін ұлттың тілдері санскриттен шыққан. Деректер лолылардың Орталық Азияда пайда болуын жаһангер Ақсақ Темірдің Үндістанға жасаған жорығымен байланыстырады. Жазбаларда осы уақыттан бастап лолылар туралы деректер жиі ұшырасады.
Әдетте еркіндікті сүйетін адамдарға қатысты «Сығандар жаны» деген ұғым айтылады. Сыған ері әскерде қызмет етпейді. Ұғымдарынша еркін ұлттың өзге елді Отан деп тануы ар саналады.
Кеңес Үкіметі олардың мәселесін реттеуге байланысты жүйелі жұмыстар жүргізген. Алдымен кезбе халықты тұрақтандырып, білім беріп, коммунизм идеясын саналарына сіңіруді мақсат тұтады. 1925 жылы «Бүкілресейлік сыған одағы» құрылып, оған Өзбекстаннан Мизраб Махмудов мүшелікке сайланды. Ол тарихта люлилердің атынан сайланған алғашқы саяси сала маманы саналады. 1920-30 жылдары сығандарды біріктіруге арналған ұжымшар мен кеңшарлар ұйымдастарылды, ауыл шаруашылық артельдері іске қосылды. 1929 жылы Ферғанада «Махмудов атындағы» және Ташкентте «Янги турмуш» атты ұжымшар құрылды. 1930-40 жылдары күштеп тағы Өзбекстанда 13 сыған ұжымшары ашылды. 1928 жылы Самарқандта 31 сыған қызмет еткен әйгілі «Мехнаткаш люли» ұжымшары іске қосылады.
Екінші дүниежүзілік соғыста олар қайтадан кезбелікке салынып, қайыр тілеуді жалғастырып кетеді. Соғыстан кейін Кеңес Үкіметі қайтадан күшпен люлилерді түрлі қоғамдық жұмыстарға тартып, қызмет берді. Алайда бұл қарекеттердің ешбірі люлилерді тарихи танымынан бас тартқыза алмаған.
Шындыққа көз жүгіртсек, сығандардың көптеген ғасырлардан бері тұратын елінен қуылғандығына кезігеміз. Мұндай мәжбүрлі көшіру бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Егер аталмыш ұлттың бір өкілі отандарында туса, оған азаматтық беруден бас тартатын елдер әлі де кездеседі.
Сығанның сынбас салты бар
Сығандар ондаған этникалық топтарды қамтиды. Негізгілері гитарада ойнап, цирк өнерін көрсетуге дағдыланса, бір тобы металл, ағаш бұйымдарын жасауға маманданған.
Ұлт өкілдері шаштарын қимай, бос жібереді. Себебі олар үшін қысқа шаш қорлау болып саналады.
Журналистика, көше және ғимарат тазалау, зауыт-фабрикадағы жұмысты да сығандар адамды қорлайтын кәсіптер деп есептейді. Олар мұндай іске жақындаған тайпаластарын орталарынан қуып жібереді екен.
Бүкіл әлемде сығандар қалаға келгенде, олар ерлер мен әйелдерді азғырады. Сөзімнің басында айтқандай, сығандар үйлердің айналасына келсе қызылды-жасылды киім, айла-әрекетімен әйелдерді арбайды. Назары түскен нәрсені, соның ішінде балаларды ұрлайды деген түсінік бар. Оның негізі люлилердің ұрлық-қарлықпен айнылысып, әртүрлі өнерді меңгергендігінен туындаса керек-ті.
Кейбір сыған еркектер құлақтарына сырға тағып жүреді. Бұл отбасында жалғыз ұл екендігін білдіретін нышан. Өзбек пен тәжікке ұқсап киінгенімен, лолы әйелдерін салпыншақтарға ерекше құмарлықтарынан айыруға болады.
Люлилердің ата-бабасынан қалған дағдысы, бүлінбеген салт-дәстүрі бар. Олар үйлену салтына ерекше көңіл бөлген. Сыған тобырында жастарға жұптарын таңдауда еркіндік берілген. Ал тым ерте отбасын құруды қалайтын перзенттеріне қалыңдықты ата-анасы таңдап береді. Сыртқа қыз беру сирек байқалған. Қызды 12-15 жасында күйеуге береді. Қыз үшін көп мөлшерде қалыңмал төленеді. Балалары мен қыздарын жастайынан қайыр тілеу мен көшіп-қонуға бейімдейді. Егер екі жас бас қосса, ел кезіп, «жылу» жинап, қалыңдықтың қалыңмалы ширпулиді өтеп, той жасайды. Жиын-қуаныштарда міндетті түрде әтеш төбелестіріп, әңгі есек таластырады. Күйеу жігіт қыздың үйінде тұратын болады. Салтында жаңа түскен келіннің мойнына дорба асады. Ол күйеуін өмір бойы қайыр тілеумен асыраймын деп ант береді. Көбіне қыстың күндері сыған әйедері балаларын ертіп ел-елді аралап қайыр тілейді.

Жерлеу дәстүрі де аздап біздікіне ұқсайды. Қазаға қырық күн аза тұтып, күні-түні жоқтайды. Бір жыл бойы көк түсті киім киеді. Күйеуі өлген әйел әшекей бұйымдар тақпайды.
Көп әйел алу кең тараған. Көп балалы отбасы болғанымен, бала өлімі көптеп кездеседі.
Түйін
Өмір жолында қанша нәсілдік кемсітушілік пен қиындыққа кезіксе де, сағын сындырмай, ұлттық ұстанымын жоғалтпаған күн сүйген кезбелердің тағдырлары терең қатпардан тамыр алады. Олардың санының нақты қанша екенін ешкім білмейді. Солай бола тұра көшпелі өмір салтын дамытқан, өнерлері әлемдік мәдениетке берік дәстүрлерімен өз ықпалдарын тигізген.
Көше бойында қол жайып тұрған сығандарды көрсеңіз, салт-дәстүріне құрметпен қараңыз.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА