Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Басты байлық – адам капиталы

Басты байлық – адам капиталы

Қазақстан Президенті халыққа арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ел дамуындағы алдағы жоспардың кезекті айтулы сатысын айқын, көрсетіп берді. Жолдаудың негізгі бағыты – экономикалық-әлеуметтік саланың дамуын меңзейді. Өйткені, Қазақстан заман көшінен қалмауы тиіс. Бизнесте, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында жоғары технологияларды енгізу, оларды игеру, сондай-ақ, сандық салада өз стартаптарымызды дамытуға жағдай жасау жалғаса береді.
Президент Жолдауында әлеуметтік салаға тұтастай басымдық беріліп отыр. Ешкімге де құпия емес, қаржылық дағдарыс, әлемдік валюталық қор саясаты, мұнай бағасы сынды факторлар салдарынан дүние жүзінде инфляция көрсеткіші тұрақтар емес. Біз де ғаламдық нарықтың белсенді бір ойыншысы болғандықтан, осы өзгерістің «суығынан» тысқары қала алмаймыз. Әйтсе де, елімізде зейнетақы мен жәрдемақы және басқа да төлемдер көлемі мүмкіндігінше әрбір жыл сайын өсіп келеді.
Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан астам кезеңінде саяси-экономикалық ахуалын жоғары деңгейде орнықтырған Қазақ елі дамудың даңғыл жолында бұған дейін де жемісті жұмыстар атқарған. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында да мемлекеттігімізді нығайту, Қазақ елін одан ары біртұтастық белдеуіне дейін жеткізу мәселелеріне үлкен назар аударған болатын.
Демек, Президенттің бастамасы мен жоспарлары қашанда Қазақстан халықтарының мән-мазмұнына айналуы тиіс. Әлемдік тәжірибе алдымен экономиканы көтеріп, бұған халықтың күш-қуатын жұмылдырып, қоғамдық идея ретінде жүзеге асыратындығына көзімізді жеткізді. Бұл игіліктер экономикадан бастау алған. Елбасының бұған дейін ұсынған «Орталық Азия барысы», бәсекеге қабілетті экономика, индустриялық-инновациялық даму бағытындағы саясаты бүгінгі әлеуметтік жаңғыру идеясының баспалдағы һәм алғышарттары болды. Бұл әрбір азаматтың әлеуетіне қозғау салып, мемлекеттік ауқымда жүзеге асуы керек.
Ұлт көшбасшысының маңызды және заманауи тапсырмасын, ең алдымен, еліміздің әр азаматы мақсатты түрде жетістікке жету жолы деп қабылдағаны абзал. Ал биік мәдени парасат жоқ жерде үлкен өркениет құру мүмкін емес.
Мәдениеттің экономикалық дамуы сол мемлекеттің көркеюі мен тұралап қалуының көрсеткіші. Кез келген халықтың іргелі, ұлтты ұлт етіп ұстайтын экономикалық, саяси, рухани, діни дәстүрлері болады. Осы тағылым сол ұлттың ерекше дарынды адамдарын дүниеге әкеледі. Оған әлем елдерінің даму ерекшеліктерінен көптеген мысалдар келтіруге болады. Мәселен, М.Ганди көне Үндістанның рухани дәстүрлеріне сүйене отырып, саяси-әскери күшке күш қолданбай қарсы шығу ағымын дүниеге әкелді, сол арқылы үнді халқының саяси-мәдени дәстүрін байыта түсті. Бұл арқылы экономикалық-әлеуметтік гүлденудің алғышарттары белгіленді. Мәдениет факторымен санаспай, бір мемлекеттің көркеюі мен құлдырауын бағамдасақ, сырт бетін ғана көрген боламыз, оның ішкі мәніне бойлай алмаймыз. Мәдени-экономикалық даму – табиғи процесс.
Батыс оқымыстыларының зерттеу нәтижелері экономикалық-әлеуметтік даму тұтас ұлттың, яғни, бір мемлекеттің келешегі мен тағдырын белгілейтінін дәлелдейді. Сингапурдың қаржы министрі Ли Гуаң Яу мырза ілгеріде Американың тілшісін қабылдағанда осы түйінді баса айтыпты. Оның пікірінше, қоғамды алға бастыратын шешуші күш – экономика. Одан басқа ештеңе емес. Осыған орай, Қазақстан көшбасшысының: «Біз дәстүрлілікті ту еткен қоғамнан қазіргі заманғы қоғамға бет бұрдық. Сол себепті, біз үшін әртүрлі мәдениеттердің өзара қақтығысына жол бермей, ұлттық дәстүрлер мен модернизациялық қағидалардың үйлесім табуын қамтамасыз етудің маңызы зор», деген пайымы көпшілігімізді ойлантуы тиіс.
Қоғам тек ғана нарықтық экономикалық қатынастардан тұрмайды. Нарық пен қоғамды шатастыруға болмайды. Қоғамның негізі – ұлттық болмыс. Рухани құндылығынан айырылған қоғамда ешқандай арман болмайды. Әлемнің әр тарабында бой алдырып жатқан түрлі төңкерістер халықтың рухани және әлеуметтік саладан кенжелеп жатқандығын көрсетеді.
Еуропаның қай елі болмасын, Қазақстанды ең бірінші мұнаймен елестетеді. Ал біздің толағай тарихымыз, салт-дәстүріміз бен мәдениетіміз жөнінде аса көп біле бермейтіндігі анық. Оның да ыңғайы енді келгендей. Ұлтымыздың мәдениетін шетелге таныстыра отырып, елді дамытуға жаратсақ, қазақтың ұлттық рухы XXI ғасырға сәйкес қайта өркендері анық. Сондықтан қазақ ұлтының мәдени брендін қалыптастыруда мемлекеттік тұрғыда бағдарлама қабылдау қажеттігі сұралуда.
Бүгінгі таңда адамзат тарихындағы табиғи жолмен қалыптасқан экономикалық-әлеуметтік даму процесі қоғамды алға сүйреуде. Елбасы Жолдауы – елімізді биік белесін бастаған аса маңызды құжат болып отыр. Онда Президент ел дамуының жаңа тың бағыттары белгіленген. Бұл ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын күшейтуге ықпал етеді.
Президент Жолдауынан көңілге ұялаған алғашқы ұшқыр ойлар осындай, белгілеген міндеттер жоғары. Оны жүзеге асыру – елдікке, әр деңгейдегі мемлекеттік органдар басшылығына сын, әр азаматқа парыз.
Елбасы көпшіліктің көкейіндегі маңызды мәселелерді дөп баса отырып, оны шешудің айқын жолын көрсетіп берді. Жолдаудың басты мақсаты әр қазақстандық азаматқа қолдау жасауға бағытталған. Қоғамның барлық саласы қамтылған, негізгі мақсаты адамның өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру. Себебі мемлекеттің басты байлығы адам капиталы. Мемлекетті дамыту жөніндегі Президент ойларының нақтылығы осынау күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан халықтың көңіліне сенім ұялатты.
Қазақстанның стратегиялық жетістіктерінің бастауында Елбасының тереңнен пайымдай білетін көрегендігі, кең ауқымды саясаты және жасампаз жоспарлары мен халықты ортақ мүддеге жұмылдыра білген маңызды бас­тамасы тұр.
Жаһандағы өзгерістер мен проблемалар және адам еңбегіне талаптың күшеюіне байланысты адам ешқашан өзін дамытуды тоқтатпауды талап етіп отыр. Мемлекетте әрбір адам өзін дамытушы, ізденуші тұлға ретінде таныта білсе, сонымен қатар, ізденісінің нәтижесін қолдана отырып әрекет жасаса, еліміздің әл-ауқатының жақсаруы жоғары деңгейге жететіні айқын.
Халық табысының өсуі ертеңімізге деген сенімді оятады. Тұрғындардың тұрмыс деңгейі халықтың табысы мен шығысын, білімі мен біліктілігі дәрежесін, тіршілік шарттары мен қоршаған орта жағдайын танытатын күрделі әлеуметтік-экономикалық категория. Халықтың өмір сүру деңгейін арттыру дамыған қоғамның негізгі мақсаты болып табылады. Халық табысының өсуі қоғамдағы экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, халықтың ұзақ, қауіпсіз және әл-ауқатының табысты шарттарын қалыптастырады.
Қоғамда тұрмыс сапасы мағынасы кең ұғым. Ол материалдық әл-ауқаттың құрамдас бөлшегі болып табылатын өмір сүру деңгейі. Аталған жайттың әрбірі адамзат үшін маңызды. Адамның материалдық жағдайы, әлеуметтік мәртебесі мен құзыреттілік деңгейін көрсетеді. Өмірге көзқарас адамның жеке басы мен қоршаған ортаға эмоциялық қатынасын реттейді. Бұл құбылыстың толыққанды қалыптасуы адамның өмірлік болашағын жүзеге асыруға жетелейді.
Бүгінде Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына жеткізу басты мақсат болып отыр. Осы орайда елдегі тұрақтылықты, азаматтардың барлық конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп, қоғам мен мемлекетті басқарудың ең тиімді жүйесін іске асыра алатын қазіргі заманғы демократиялық басқару формасына көшу міндеті қойылған. Бұл мақсатты іске асыру жолында елімізде корпоративтік басқарудың, өнімділіктің, ашықтықтың және есептіліктің қағидаттарын негізге алған сапалы жаңа модель құрылуда. Бұл – бізді болашақ мұратқа апаратын жол болмақ.
Мінәжадин ӨТЕЕВ,
облыстық мәслихат депутаты,
«Сыр маржаны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры
05 ақпан 2019 ж. 1 539 0

Тиісіп қоймады ғой

15 сәуір 2024 ж. 81

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930