Ұстазды ұлықтаған ұлт озады
Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы көптің көкейінен шықты. Мемлекет пен халық-егіз ұғым, әрдайым бірін-бірі толықтырып тұрады. Сондықтан халықтың әл-ауқаты түзелмей, мемлекет жаңа жетістіктерге қол жеткізе алмайтыны хақ. Сондықтан Елбасымыз осы кезге дейін тәуелсіз қазақ елінің ішкі-сыртқы қауіптерден сақтандыру шараларын жүргізді. Қоғамның әрбір саласының жан-жақты дамуына көңіл бөлді. Шекарасын нықтап, іргесін бекітті.Президент өз сөзінде, «Экономикасы қарқынды дамып келе жатқан заманауи прогрессивті мемлекет құрып, бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз еттік» дей келе, халықтың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуы тиіс екенін атап өтті. Жаңа Жолдау қоғамның бар саласының дамуын қамтып, алдағы уақытта атқарылатын соны міндеттерді белгіледі. Әсіресе, бізге ұнаған тұсы «Тұрмыс сапасын арттыру» тарауындағы білім беру саласына аса мән бергендігі. Қай заманда да, қай мемлекетте болса да білімнің алар маңызы зор. Дала оқымыстылары, Ыбырай, Абай, Шоқан жаққан білім шырағы осынау бейбіт заманда да ұлт ұрпағының санасына сәуле болып таралуы тиіс. Ғылымның кәусарынан қанып ішкен ұлы ғұламаларымыздың жас ұрпақты ілім-білімге үндеген аталы сөздерінің мән-мағынасы заман өткен сайын тереңдей береді.
Қазір білім беру саласында үлкен реформа жүріп жатқаны белгілі. Оған сол саланың қызметкерлері ғана емес, қоғам болып назар аударуда. «Мұғалім» деген тұлға мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Жаңашыл жобаларға жанын салып, инемен құдық қазғандай бейнетті істің бел ортасында қажырлылық танытып келе жатқан хас тұлғаларды қолдап, демеген Елбасы Жолдауы мұғалімдер қауымының жүрегінен жылы жол тапты. Келесі 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеудің жолға қойылуы көңілге қонымды бастама болып отыр. Ғылыми оқыту жүйесінде, ақпараттық технология қарыштап дамыған халықаралық білім беру жүйесін игерген жаһандану дәуірінде мұғалімнің беделі неге күрт төмендеп кетті? Керісінше, ұлт болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздың ұстыны қай заманда да асқақтамаса, аласармауы керек еді ғой. Бұл тамыры терең мәселе. Міне, осындай олқы тұсымыздың күрмеуін тапқан Елбасы мұғалім мәртебесін көтеруге бастама көтерді. Өйткені мұғалім беделі жоғарыламай, білім беру ісінің көкжиегі кеңімейді. Арнайы Заң қабылданбай, мұғалім абыройы көтерілмейді, құқығы қорғалмайды. «Қағазбастылық, түрлі қоғамдық жұмыстар, тексерулер ұстаздар қауымын шаршатып, қажытқаны рас. Сондықтан болашақта «Педагог мәртебесі туралы» Заң шығарылса, көптеген мәселенің түйіні шешілер еді.
Сонымен қатар, қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты болғандықтан, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысын орта есеппен 35 пайызға көбейтетіні айтылды. Бұл да болса, мұғалімдердің әл-ауқатының жақсаруына оң ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Мектепке дейінгі білім сапасын түбегейлі жақсартуды көздеген Президент осы бағыттағы біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарауды назарға алды. Орта білім беру мекемелеріне Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болатынын, бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңіне айналатынын, жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін атады. Бұл Қазақстандық білім беру жүйесінің үздіксіз дамуының айқын көрінісі.
Сондықтан білім беру ісін дамытуға, білім қызметкерлерінің еңбегін бағалауға, олардың мәртебесін көтеріп, тұрмыс сапасының жақсаруын қамқорлыққа алған Елбасыға ұстаздар қауымының алғысы шексіз. Қашанда ұстазын ұлықтаған ұлт озады. Себебі ұлтымыздың болашағы – ұстаздарымыздың қолында.
Эльмира ЕРЖАНОВА,
аудандық білім бөлімінің әдіскері