Өрелі істің өркені
Қазалы стансасындағы тоғыз жолдың торабында орын тепкен локомотив жөндеу зауыты осы сала бойынша еліміздегі байырғы кәсіпорынның бірегейі саналады. Іргетасы сонау өткен ғасырдың басында қаланған қара шаңырақтағы еңбектің отына жылынған жайсаң жандардың өрелі істері жан жадыратады.
Жақсы жаңалықтың жетістікке бастайтынын Қазалы локомотив жөндеу зауытының жұмысшы-қызметкерлері ынты-шынтымен түсінеді. Сонан да шығар, мұнда жаңа индустриялық-технологиялық бастамаларды өндіріске енгізу мәселелері кеңінен жолға қойылған. Арнаулы цехтар түгелдей дерлік жұмыс істеуге, қолайлы етіп жабдықталған.
Бұл күндері ынтымағы жарасқан ұжымда 430-дан астам адам еңбек етеді. Жұмыс кестесі төрт ауысымда ұйымдастырылып, тәулік бойы толастамайды. ФГУП «ЦЭНКИ» «Оңтүстік» космос орталығы, «Казцинк», «Казхром», «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС, «Арселлор Миттал Теміртау», «Соколов – Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Жәйрем кен байыту комбинаты» акционерлік қоғамдары сияқты мекемелерден тұрақты тапсырыс қабылданып, өндірістік табыстың көлемі арта түсуде. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» АҚ тарапынан өндірісті модернизациялау бағыты мен еңбеккерлердің жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында локомотив жөндеу зауыты бойынша 2019-2022 жылдарға болжам жасалып, іс-шара бекітілген.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген зауыт ұжымы өткен 2018 жылды қомақты табыспен қорытындылады. Ортақ мүдде десе ішкен асын жерге қоятын олар 15 тепловозға күшейтілген техникалық қызмет көрсетсе, «ТЭМ 7» тепловозын күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен бірге «Арселлор Миттал Теміртау» АҚ-нан келген «ТЭМ 7А» сериялы маневрлік тепловозына күрделі жөндеуді Қазақстан бойынша алғашқы болып қолға алды.
Қай нәрсені де бастау қиын. Осы тұста зауыт басшылығы мен техникалық мамандары Мәскеу облысының Коломна қаласындағы тепловоз жөндеу зауытымен әріптестік байланыс орнатты. Тиісті маман шақырылып, өзара тәжірибе алмасылды. Ресей елінен жетіспейтін құрал-сайман, қажетті артық бөлшектер жеткізілді. Соның нәтижесінде заманауи қондырғылармен қамтамасыз етіліп, жаңғыртылған, өте ауыр салмақты құрамаларды сүйреуге мүмкіндігі мол қуатты темір тұлпар тапсырыс беруші орынға дер кезінде тапсырылды.
Осындай ауқымды шаруаның ойдағыдай жүзеге асуына техникалық директор Қайрат Мошанов, инженер-технолог Ғалымжан Қосуақов, жөндеушілер Асылбек Таңжанов, Руслан Оңғаров, Тасболат Шазындаев, Оразғали Шамшиев, Бақтияр Түменбаев тағы басқалары белсене атсалысты.
Бұл жөнінде Қазалы локомотив жөндеу зауытының директоры, Құрметті теміржолшы Нұрлан Әлмағамбетовпен жолығып, пікірлескенімізде:
– «Елде болса ерніңе тиеді» дейді дана халқымыз. Сондықтан біздің алға қойған басты мақсатымыз – зауыттың ортақ тайқазанын тасыта түсу. Бұған мамандардың білім-біліктілігі мен күш-жігері жеткілікті.
Қазіргі күні «Соколов – Сарыбай» кен байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамынан тағы да «ТЭМ 7А» тепловозының 3 данасын жөндеуге тапсырыс қабылданды. Бұл тұрғыда біршама тәжірибе жинақтаған жігіттердің үйреніскен жұмысты дөңгеленте атқарып, уәде үдесінен табылатынына сенімім мол, – деді.
Сахи ҚАПАР