Теміржолшылардың мерекеге тартуы
Аудандағы теміржолдың қара шаңырағы, тарихы тереңде жатқан Қазалы локомотив жөндеу зауыты ұжымы Наурыз мерекесіне тамаша тартумен жетті. Сөйтіп мұнда Қазақстан бойынша алғаш рет «Арселлор Миттал Темиртау» АҚ-нан жеткізілген ТЭМ7А сериялы қуатты маневрлік тепловозына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл тепловоздың ерекшелігі – барлық электрлік сызбалары заманауи түрде жаңғыртылған, микропроцессорлық басқару жүйесі енгізілген, жылдамдығы жақсартылған, шанағы күшейтілген, электрлі динамикалық тежегіш орнатылған, өте ауыр салмақты құрамаларды тартуға мүмкіндігі мол, уақытпен тексеріліп түрлі сынақтан өткен сенімді машина. Сонымен қатар, машинист кабинасына ерекше талғаммен жаңадан қондырғылар – «КТГ-Э-6» маркалы кондиционер, АНД типті бейнебақылау жүйесі (тепловоздың алдыңғы және артқы қашықтықтары бақыланады), ЭТ «Радуга5МГ» автоматты өрт сөндіру құрылғысы, дыбыс өткізбеу қабілеті жақсартылған, оңтайлы кресломен қамтылған және қондырғылар электронды қашықтықтан басқарылады. Заман талабына сай заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген бұл техниканы игеруге зауыттың жұмысшы-қызметкерлері біліктіліктерін қалыптастырып, жоғарғы кәсіби шеберліктерін жетілдіруі арқылы қол жеткізді.
Іргелі ұжым аудан экономикасының дамуы мен өндірістің өсіп-өркендеуіне өнімді істерімен аянбай атсалысып келеді. Индустриялық және техникалық жаңалықтарды енгізіп, жаңа технологиялық игіліктермен қамтамасыз ету бағытында жұмыс көрігін қыздырған олар үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысымен 496 253 мың теңге көлемінде табыс табуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, негізгі тапсырыс берушілермен, басқа сыртқы мекемелермен келісім шарттар жасалып, 206 939 мың теңге табыс түседі деп межеленуде. Осыған орай ФГУП «ЦЭНКИ»-Космический центр «Южный», «Қазығұрт жолы» ЖШС, «Қазхром» ЖШС, «Арселлор Миттал Темиртау» АҚ мекемелерімен қоян-қолтық жұмыстар атқарылуда.
Зауыттағы жұмысшы-қызметкерлердің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еселі еңбек етуіне білікті басшы, «Құрметті теміржолшы» Нұрлан Әлмағамбетов іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін аянбайды. Көп жылдар бойы осы салада басшылық қызметте келе жатқан ол еңбек тәртібін қатаң сақтай отырып, жастарға дұрыс жол көрсетуді ешқашан естен шығарған емес. Еңбекқор азамат «Қазақстанның ең жақсы адамдары» энциклопедиясына енгізілген.
Иә, темірдей тәртіпті ұстанған Қазалы локомотив жөндеу зауыты ұжымы алдағы уақытта да ел игілігін еселеп арттыруға лайықты үлесін қоса береріне сенім мол.
Қанай ЖАМБЫЛОВ