Тәтті кәмпит – табыс көзі
Қазалы десе, көпшілігі ең алдымен бала күнінде Қазалының кәмпитін жегенін еске алады. Талайды тамсандырған кәмпит өткен ғасырдың екінші жартысында Қазалы ауданындағы кірпіш зауыты жанынан өндіріліп, күллі Қазақстанға тараған. Қазір зауыт жұмысын тоқтанқанымен, байырғы өндірістің қыр-сырын меңгерген қазалылықтар кішігірім цехтар ашып, Қазалының кәмпитін жер-жерге жеткізуде.
Кезінде әжелеріміздің «қонаққа» деп сандықтың түбіне сарымайдай сақтайтын кәмпиттерінің бүгінде өтімділігі ұлғайған. Мәселен, Қазалыда тәттімен табысын еселеп жүрген тағы кәсіпкер бар. Ол – қазалылық кәсіпкер Гүлзада Кадіршева. Кәмпит өндіруді әуел баста күріш зауытының карамель кобинатында жұмыс істеп жүргенде үйренген екен. 1998 жылы цех жабылғанда жеке іс бастап, үйінен кәмпит шығаруды қолға алған. Бүгінде «Ақмарал» кәмпит өндіру шағын цехында кәмпиттің сегіз түрі дайындалады. Олардың қатарында барбарис, жалбыз, соломка, рокс, ләмпаси және тағы басқа түрлі тәттілер бар.
Тәттіден табыс тапқан кәсіпкер отбасын да осыған баулыған. Қыздары мен келіндері де кәмиттің түр-түрін жасайды. Шағын цехта еңбек ететін төрт адам тапсырыс бойынша кәпмит өндіреді.
«Кәмпиттің бірнеше түрін жасай аламын. Дегенмен, бәрі бірдей сұраныста емес. Тұтынушылар барбарис, жалбыз кәмпиттерін жиі іздейді. Біз бұрынғы әдіспен әзірлейміз. Қазанға қайнатылған қант қамыр секілді иленіп, бабына келген тұста созып, үзе бастаймыз. Сапасына аса мән береміз. Әр кәмпитті жасаудың өз технологиясы бар. Сондықтан жұмыс барысында өзім боламын», – дейді кәсіпкер.
Осылайша, қазалылық кәсіпкерлер Қазақстанның «тәтті нарығында» өздерінің елеулі орны барын дәлелдеуде.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА