Сұрау салттарын білеміз бе?
Жолым түсіп, Батыс Қазақстан облысына барғанмын. Оралдың орысшаға бейім тұрғындары мені таң қалдырды. Қазақшалары да қызық. Әпкеміздің отбасына қонаққа шақырылған жақын құрбыларының бірі өзінің жақында ғана жаңадан түскен келінін ерте келіпті. Ол есіктен кірер-кірместен: «Мен арнайы жас келінімді бірге ерте келдім. Кәне, байғазы беріңдер»,— деді. Лезде бәрі жандарынан ақша шығарып, «байғазың» деп беріп жатты. Қазақтың байғазысы мен көрімдігінің мағынасы басқа екенін айтқанымда, «Бәрі жақсылыққа ғой», — деп ақталған болды. Салтымыздағы сұрау салттарын Батыста ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де ажырата алмайтындар кездесіп жатады. Газетіміздің бүгінгі санында тәрбиелік маңызы зор солардың біразына тоқталуды жөн деп таптық.
Сүйінші
Сүйінші – бұл әлдекімнің басына келген жақсылық пен қуанышты іске сүйіну, сол жақсылық иесін қуанту мағынасындағы жоралғы. Халқымыз осындай қуанышты жаршылап, екі өкпесін қолына ала «сүйіншілеп» келген адамға қашан да «қалағаныңды ал» деп, қолында барды аямай, сүйіншісін атап отырған. Ал бақуатты адамдар кейде ат-атан мінгізіп жіберетін кездері де бар. Ал қол қысқалығына қарай бір тал түйме де сүйінші орнына жарай беретін болған. Алайда «сүйіншіні» дүние аңсағандық емес, қайта рухани көңіл-күйдің салты деп қабылдаған дұрыс.
Түйе мұрындық
Бұл да қазақ тұрмысында қалыптасқан бір кәде. Қызы ұзатылып көшіп келе жатқан көш көрші ауылдың тұсынан өткенде, сол ауылдың әйелдері, көш алдынан арқан керіп тосады да, алдыңғы түйенің бұйдасынан, мұрындығынан мықтап ұстап алады. Оны жүргізбей «түйе мұрындық» деген атпен кәде сұрайды. Көш бастап келе жатқан кексе әйел оған жол өтеп, көйлек беріп құтылады. Оны қазақ кәдесінде «түйе мұрындық» деп атайды.
Базарлық
Өзінің аты айтып тұрғандай, базарға шыққан адамның не үлкен қалаларды аралап, басқа елдерде болған кісінің күтіп алушыларға сый- құрметі саналынады. Балалар тәттіге, ойыншық, елең еткізетін заттарға әуес, ал қыздардың көзі жүзікке, моншаққа әшекей заттарға түскіш. Базарлық әкелетін кісі, жол-жоба білетін игі жақсылар мұны қалт жібермесе керек.
Сарқыт
Тойдан, айт мейрамынан ырымдап кәмпит, құрт сияқты дәмнен алып, үлкен кісілер (негізінен әйелдер) үйдегі балалары мен келіндеріне әкеліп ауыз тигізеді. Сол сияқты үлкен табақтан қалған етті де “сарқыт” деп, оны да жастар үлкен кісілердің жолын, абыройын берсін деп ырым қылып жеген. Бұрын "сарқыт қайтады" деп келіндер үлкендердің табағын әдейі күтіп отыратын болған. Қазақ салтында сарқыттың ырымдық әрі танымдық дәстүрлік маңызы орасан.
Сыбаға
Құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет мүшелері, тағам. Соғым кезінде ауыл адамдары бір-біріне сыбаға берген. Сыйлы қариялар жасы үлкен ел ағалары жер шалғайынан, яки денсаулығына байланысты не басқа себептермен өзін сыйлайтын үйге көп уақыт келе алмауы мүмкін. Сондай жағдайға туыс-туғаны не сыйластары сойылған соғымнан сүбелі мүшелерін салып сыбаға жібереді. Оның да өз жөн-жоралғысы бар. Әдетте ақсақалдарға, құдаларға, өзге де жолы үлкен адамдарға бас, жамбас, жая, ірі малдың омыртқалары тартылады. Сондай-ақ құдағилардың жамбас, қыздар мен күйеулердің төс, балалардың бүйрек, құлақ, жүрек сияқты сыбағалары болады. Бұл құрметтің, сыйластықтың белгісі. Сыбаға әкелген табаққа тиісті сыйлығын салып қайтаратын дәстүр бар.
Бүйрек
Соғым сойғанда үлкенге сыбаға жіберу, соғым басына шақыру ежелгі жақсы дәстүрлердің бірі. Сонымен бірге, мұндай кездерде жас балалар да ұмытылмайды. Жақын, таныс, көрші адамдар соғым сойғаннан кейін бір-бірінің балаларына әдейі арнап «бүйрек» жібереді. Яғни балаларға лайықтап жүрек, бүйрек араластырып шағын сыбаға жолдайды. Бұл да балалардың көңілін өсіретін, ағайын, туыстықты жақындататын халық тәрбиесінің бір түрі. Бүйректің сыбағадан жолы да, мөлшері де төмен.
Көрімдік
Жаңа туған нәрестені сондай-ақ жаңа түскен келінді алғаш көрген мезетінде берілетін сый. Ұзатылатын қыздың жасауына күйеу жағынан келген құдалардың тартуы түрінде берілетін сыйды да көрімдік дей береміз. Ондайда да сый тартқан адам өздерінің ұялып қалмау жағын, жол-жорадан жығылмауын да ойластырады.
Байғазы
Жасы кіші адамның көбінесе балдырғандар мен жас балалардың үлкендерден, ағалары мен апаларынан алатын сыйлығы. Жаңа киім киген сәтінде не болмаса көңіл қуанатын заттарға ие болған жағдайда еркелетіп келіп, «апа, жеңеше, көке байғазы бер» деп жүріп сұрап алады. Ондайда өзі де қуанады, өзгені де қуантады. Қолма-қол сый ұсына алмаған жағдайда үлкендер «байғазым мойнымда» деп ізгі тілек айтып, қуаныш білдіріп жатады.
Тәбәрік
Елдің ақылгөй жақсылы-жаманды көрген, ұзақ жасаған, қадірлі ата, әже болған кісілердің өзінен кейінгілерге берер жоралғысы. Ол ақша, зат, мал не киім түрінде болуы да мүмкін. Бұл ниетте, әлбетте, жастардың үлкендерге жақсы адамдарға еліктеуі де көрініс табады.
Жолдық
Мұны әдетте жеңгелері жаңа үйленген қайындарынан сұрайды. Оның жөні былай, алғашқы неке түні жігіт пен жас келінді жеке бөлмеге кіргізіп, төсек салып, алаңсыз, жайлы жатуына жадай жасайтын әйел адам әдетте жігіттің жеңгесі болады. Ол жастарға бақыт тілеумен қатар, әзіл-қалжыңын араластыра жүріп, жас жұбайларға ерлі-зайыптылық өмірдің әдет-ғұрпын түсіндіреді. Ал таңертең қайнысына «жолымды бер» деп әзілдейді. Жөн білетін қайны мұндайда жеңешесі риза болатындай етіп, жолдығын береді.
Әзірлеген Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ.