Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » » Отыз жылдық ойлы ғұмыр

Отыз жылдық ойлы ғұмыр

«Жұртқа жақсылық жасаған адам – жақсы адам, өзгеге жасаған жақсылығы үшін жапа шеккен – өте жақсы адам...» – депті ұлы француз моралисі Жан де Лабрюрер. Ұлы ойшыл айтқан тұжырым әдетте тура ұстаздарға қаратып айтылмағаны анық. Себебі, ұстаз өз шәкірттеріне ешқашан жамандық тілемейді.
Жақсылық – азаматтық парасаттың туы. Оның үлкен-кішісі болмайды. Сүрінгенде жолдасыңа қол ұшын беріп, игілігі мол іс үшін қалтқысыз қызмет ету де жақсылық. Ал алдына ең алғаш барып, өмірдің алғашқы әліппесін танып, білім нәріне сусындатқан ұстазды қалай құрметтемессің! Міне, сондай ұмытылмас жайсаң азаматтың бірі ұстазымыз – Жақсылық Қабылов еді. Дүниеден көшкенмен санадан өшпейтін абзал ұстаз әр оқушының жүрек түбінде аяулы сезім, ұлы сағыныш тудыратыны бар. Уақыт өткенмен сағыныш түбегінен сыздықтап мұң шығарады. Қолыма қалам алсам, біздің балалық шағымыз көз алдыма қайта оралады.
Соңымызға қарасақ, бізде алты ондықты бағындырып, аталық жасқа келіппіз. Бірақ ұстаз алдындағы кішік қалпымызды әлі өз бойымызда сақтап келеміз. Ол шын мәнінде үлкен тәрбие мектебінен өткен ұстаздар әулетінде дүниеге келді. Сондықтан да болар, оның жанына киік отына жиналған көбелектей жастар көп топтасатын. Өзі де өзге мұғалімдерімізден жас болғасын ба, Жақсылық ағайымыз бізді құрдастарындай аялап, қамқорлығына алып жүретін. Әсіресе, бірге оқыған дос­тарымыз Жұбаныш, Кенжебай, Орынбасарлар ағайымыздың барлық тапсырмаларын бұлжытпай орындап, қолғабысын көрсетіп жататын. Ол біз оқитын Алтынсарин атындағы №421 мектепке Алматы көркемсурет училищесін бітіріп келіп, сабақ берді. Жаны нәзік, тұлабойы ізгілік нәрінен тұратын асыл жанды сол тұстағы оқушылармен бірге барша мұғалімдер ұжымы да сыйлағанын білеміз.
Жалпы, өнер құдіреті сұлулықты қалайды. Сол азаматтар бүгінде Жәкеңнің бастап берген ізгі істерін жалғастырып жүр. Бүгінде артымызға қарасақ, мектеп бітіргелі де 45 жылға жуықтапты. Бірақ, бәрі кешегідей көз алдымызда сайрап тұр.
Жақсылық ағайымыз өзі өмірден ерте өтсе де, соңына өшпестей рухани мол мұра қалдырды. Ол – небәрі 30 жыл ғана өмір сүріпті. Бірақ мағыналы өмір кешті деп айта аламыз. Ең өкініштісі сол, Жақсылық ұстазымыздың – 30 жасында өзінің туған күнінде өмірден өтуі болды. Айтпақшы, атақты ақын Байрон да, ұлы композитор Моцарт та 30 жыл ғұмыр кешкен еді.
Өмірдің әртүрлі ағыстары адамды шыңдап, алға жетелей түсетіні бар. Ұлы Жаратушы біреуді еңіске, біреуді тегіске салып сынайды. Ол осы сын дәуірінен кеудесіне адамдық сезім, санасына сәуле қалыптастырып, абырой биігіне көтерілу арқылы елдің ыстық ықыласына бөленіп өтті. Сөзінің төркінінде ұлыс пен ұлт тұтастығын түгендер ақыл мен парасат бар азаматтың тәрбиесі көпке үлгі болып қалды.
«Әр адам, ерте ме, кеш пе, өзі үшін мынау менің өмірім деген тарихты ойлап табады», – депті Макс Фриш. «Расында бір адам жерде із қалдырады, 100 адам – соқпақ салады, 1000 адам – жол салады», – дейді халық даналығы.
Өмір сүрген шағында ол өнер туындыларымен көбірек танылды. Қыл қалам шебері өз еңбектерімен ауданымыздың барлық саласында өшпес қолтаңбасын қалдырды. Мектеп, қырман, әлеуметтік сала оның күнделікті үйіне айналды. Біз соның бәрін көріп өстік. Арманы көп болғанын да сезетінбіз. Отбасын құрып, апайымыз Ферузаны мектепке ертіп келгенде, ойпырмай, қандай жарасымды жұп деп таңқалатынбыз. Сөйткен Жәкеңе Перуза апайымызбен 8 жыл ғана өмір сүру жазылыпты. Амал нешік... Ал апайымыз болса, 40 жылдан астам медицина саласында қызмет атқарып, абырой-құрметпен еңбек демалысына шықты.
Иә, ол кіндік қаны тамған өңірін сүйіп өсті. Сондықтан өзі сырттай оқыған Алматы педагогикалық институты қызметке шақырғанда туған жерін қиып, тастап кете алмады. Қадам жері қасиетті, сүйем жері сүйкімді Қазалы – ол үшін бәрі де, нәрі де болды. Адамның жаны қалаған жұмыстың, яғни қызметі оның жүрегіне ем деп жатады. Одан ләззат алса, ол кісінің өмірі ұзақ болады деуші еді. Кім білген, көз-тіл тиді ме, ажал оғы оны отызында қыршынынан қиып түсті.
Қайтеміз, «Абайсызда сізді көрген ажал­дың, айбалтасы түсіп кетсін қолынан!» деп аһ ұрғанымыз есімізде қалыпты.
Өзінің ұлы істері үшін өмірін сарп еткен жанның адамзат үшін атқарған еңбегі, жаңа металь ашқан немесе көгілдір отын шыққан жерді тапқан жанға атын берген зерттеушіден әлдеқайда артық көрінеді. Максим Горький Сүлеймен Стальский туралы: «Ұлы халық бар, өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсетете алатын, сондай-ақ, өзінің кішкентай халықтарын ұлы етіп таныта алатын ұлы ұлдар болады», – депті. Оны осы шеңберге сыйатын асыл азаматтардың қатарына қоссақ әбден жарасады.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстан Мәдениет қайраткері, Халықаралық Ақпараттар
академиясының академигі.

25 маусым 2018 ж. 1 456 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930