Назарбаев университетінің ғалымдары саумал негізіндегі отандық өнімді нарыққа шығармақ
Құрт ауруын емдеуде қазақ халқы саумал мен қымызды, шұбатты ішкен. Алайда қала тұрғындары үшін бұл сусындар көбінесе қолжетімсіз. Осыны ойлаған Назарбаев университетінің ғалымдары саумал негізіндегі отандық өнімді нарыққа шығармақшы. «Saumet» деп аталатын биологиялық белсенді қоспаның бүгінде құрамы жан-жақты зерттеліп, адам денсаулығына пайдалы тұстары дәлелденді. Төрт түліктің ішінде биенің сүті ғана альбуминдік қасиетке ие. Демек, саумал ананың сүтімен пара-пар.
Бие сүтінде адам ағзасына қажетті шамамен 40 биологиялық компонент бар. Оның құрамындағы ақуыз, май және көмірсутегілер басқа сүтпен салыстырғанда ерекше пайдалы. Осыған орай Назарбаев университетінің ғалымдары саумал және түрлі өсімдік сығындыларынан тұратын «saumet» биологиялық белсенді қоспасын жасауға бел буды.
Самат Қожахметов, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері:
– Метабиотик дегеніміз – зат алмасу өнімдері. Ол қабылдағаннан кейін бірден жұмыс істей бастайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, пробиотиктің әсерін 6-8 сағаттан кейін ғана сезе аласыз. Сондықтан метабиотик өте тиімді. Оның құрамы табиғи заттардан болғандықтан, организмге жеңіл сіңеді және бәрінен де көп мөлшерде күш-қуат береді. Саумал негізіндегі өнім асқазан-ішек ауруларынан айығуға, иммундық жүйе жұмысын қайта қалпына келтіреді.
Университет ғалымдары бір жыл бойы өнімнің құрамын жан-жақты зерттеді. Былтыр желтоқсан айында Қарағанды облысы Жансары ауылындағы кәсіпорында пилоттық жүйе негізінде «saumet-тің» алғашқы топтамасы шықты. Қазіргі уақытта өнімді тіркеу және штрих код алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша дәрумен 2019 жылдың соңында нарыққа шығуы тиіс. Самат Қожахметов, Назарбаев университетінің ғылыми қызметкері: – Қазір біз негізгі өнімді шығардық. Сонымен қатар биыл бірнеше формула бойынша жасалатын басқа да биологиялық белсенді қоспаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Алдын ала болжам бойынша 3-4 формула. Оның бірі семіздіктен туындаған проблемаларды шешуге бағытталса, екіншісі қант диабетіне шалдыққандарға арналады. Отандық өнім еліміздің дәріханаларында сатылады. Оның құны шамамен 4-7 мың теңге аралығында болады. Осылайша қадір-қасиеті мол өнім салауатты өмір салтының сырына айналмақ.
Айнұр Ақылбайқызы, Арман Ақшабаев