Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаңтардан – қаңтарға дейін...

Қаңтардан – қаңтарға дейін...

Ит жылы тамыры терең, тарихы кенен – Қазалы үшін табысты болғаны бәрімізге белгілі. Осы жылы көптен күткен нысандар тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілсе, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінің арасын қосу жолындағы іргелі іске қадам жасалынды.
Жаңа жыл қарсаңында 2018 жылдың қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейінгі ауданда атқарылған маңызды шаралар мен оқиғаларды оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Қаңтар
Ит жылы Қазалы ауданының тұрғындары қуанышты жаңалықпен бастады. Қаңтар айында жаңа замануи аудандық аурухана пайдалануға берілді. Көптің қуанышымен облыс әкімі Қ.Көшербаев бірге бөлісіп, медицина саласы қызметкерлеріне сәттілік тіледі.
Үш қабаттан тұратын 4 корпуста 150 төсектік орын бар. Мұнда тұрғындарға білікті 30 дәрігер мен 200-ге жуық медбике қызмет көрсетеді.

Ақпан
Аудан орталығынан 3D кинотеатр ашылды. №266 мектеп-лицей жанынан ашылған “Smile” деп аталатын бұл кешенде 41 адамға арналған кинозал бар. Мұнда фильмдерді 3D форматында көру үшін арнайы көзілдіріктермен қамтылған.

Наурыз
Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алған атыраулық делегация Қазалы ауданында іссапармен болды. Атырау облысынан келгендер “Сыр маржаны” ЖШС-ның мал бордақылау алаңы, “РЗА” АҚ-ның сүт фермасында және “СПК” Қызылорда балық” серіктестігі жұмыстарымен танысып, тәжірибе бөлісті.

Сәуір
Біздің даңқты жерлесіміз, Лондонда өткен жазғы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы бокста қола медальға қол жеткізген Марина Вольнова туған жерде тұрғындармен кездесті. Қазалы қаласындағы спорт мектебінде бокс үйірмесіндегі шәкірттерге шеберлік сағатын өткізді.
Осы айда Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Корей елі өкілдері бірлесіп, қала тұрғындарына 1757 түп алма ағашы көшетін табыстады.

Мамыр
Мамыр айы аудан спорты үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Мәселен, Абылайхан Жұбаназар Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өткен самбодан жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарды. Осылайша самбо күресінен Қазалы ауданынан шыққан тұңғыш Азия чемпионы атанды.
Мамыр айының 12-17 күндері Астана қаласындағы «Дәулет» спорт кешенінде өткен бокс бәсекесіне қатысқан №17 Қазалы аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің шәкірттері 69 келі салмақта бақ сынаған Ақерке Бақытжан чемпион атанса, 75 келідегі Айда Оңдаш күміс, 57 келіде жұдырықтасқан Дәметкен Келімбет қола медаль иеленді.

Маусым
Тіректі елді мекендердің қатарына жататын Жанқожа батыр ауылында типтік жобадағы 120 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Оның салтанатты ашы­луына Қызылорда облыстық мәслихаттың хатшысы Нау­­рызбай Байқадамов, аудан әкімі М.Ергешбаев қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Шілде
Осы айда облыс орталығынан біздің өңірге қатысты жағымды жаңалық жетті. Ол – Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында халық қалаулыларының Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылын Жанкент атауына өзгерту жөніндегі ұсынысты мақұлдауы болатын. Ауылға тарихи атаудың қайта оралғанына тұрғындар дән риза. Енді олар атағы жер-жаһанға әйгілі Жанкенттен екенін мақтанышпен айтып жүреді.

Тамыз
Қызылорда қаласында өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен брифинг өткізді. Онда аудан басшысы Қазалыда биылғы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарға тоқталып, жан-жақты айтып берді. Уақыт ағымынан қалыс қалмау бағытындағы толымды тірліктер жалғасын табатындығын тілге тиек етті.

Қыркүйек
Қыркүйек айында аудан орталығы – Әйтеке би кентінен 300 орындық №276 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Биыл алғашқы қарлығаштарын қабылдаған білім ордасы соңғы үлгідегі замануи жабдықтармен қамтылған. Талапқа сай салынған ғимарат 2 қабаттан, А, Б және В блогтарынан тұрады. Онда оқу сыныптары, спорт залы, кітапхана, 80 орындық мәжіліс залы, 102 орындық асхана, медициналық кабинет, әкімшілік және мұғалімдер бөлмесі бар.

Қазан
Қазалы аудандық орталық кітапханасы “Көше кітапханасы” атты қанатқақты жобаны қолға алып, аудандар арасынан алғашқы болып көше кітапханасын ашты. Ашылу салтанатында аудан әкімі М.Ергешбаев сөз сөйлеп, алғашқы оқырманның бірі болды. Игі істі ұйымдастырушыларға үлкен алғысын білдірген аудан басшысы кітап оқу заман талабы екенін баса айтты.
Әзірге аудан орталығында үш көше кітапханасы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта оқырманның сұранысына орай кітапхана санын көбейту жоспарда бар.

Қараша
Ғани Мұратбаев мемориалдық музейінің ашылғанына – 50 жыл толу мерекесіне орай ауданымызда ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Облысқа белгілі қолөнершілердің және Қазалы аудандық «Жас прожект» жобасы аясында жұмыс жасай-
тын шеберлердің көрмесі өтті. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы музейлердің рөлі» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция отырысы да өткізілді. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен ұлт руханиятына өз үлестерін қосып жүрген профессор-ғалымдар, қол­өнер шеберлері қатысты. Ғалымдар өздерінің баяндамаларында музейдің қоғам өміріндегі ерекшелігіне тоқталды.

Желтоқсан
Әдетте жылдың соңы жағымды жаңалықтарға толы болатыны жасырын емес. Қасиетті Қазалы жері үшін де желтоқсан айы табысқа толы.
Қазақтың төбе билерінің бірі – Әйтеке би бабамызға кент пен қаланың ортасынан еңселі ескерткіш орнатылды. Сон­дай-ақ, осы маңнан “Рәміздер алаңы” да ашылды.
Аудандағы Қ.Пірімов, Ақсуат, Ақтан батыр ауылдарынан орталық саябақ пайдалануға берілді.
Бір топ қаза­лылық оқушылар Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен халық­аралық ғылыми жобалар байқауында топ жарды.
Жеңісбек АЙЫМҚҰЛОВ
04 қаңтар 2019 ж. 1 609 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930