Қазалының сәулеті қуантады
Қазалы өңірі ел ардақтысына айналған талай батырлар мен билерді, әлемге танылған өнер жұлдыздары мен ғалымдарды өмір аспанына қанат қақтырған қасиетті мекен. Ондағы жүзін күн қақтап, еңбегімен жалпақ жұртына танылған озаттардың қатары да жетіп артылады.
Соңғы жылдағы аудандағы оң өзгерістер мен жақсы жаңалықтар жан жадыратады. Жаңадан түрлі құрылыстар салынып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығын қосуға бағытталған жобадағы игі жұмыстар да қарқынды жүргізілуде. Осы орайда жақында Әйтеке би бабаға еңселі ескерткіш қойылып, рәміздер алаңы ашылды. Болашақта осы жерден әкімшілік, мәдениет үйі және көпқабатты тұрғын үйлер салынады. Мұның бәрі ауданның әлеуметтік жағдайының өркендей түскенін көрсетеді.
Барша қазалылықтарды Жаңа 2019 жылмен құттықтай отырып, елімізге тыныштық, отбастарыңызға құт-береке тілеймін.
Дәулет БАРҒАНАЕВ,
2000-2005 жылдардағы Қазалы ауданы әкімінің орынбасары