Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Балтабектің бұйымдары

Балтабектің бұйымдары

Жақын адамыңызды туған күні немесе қуанышты кештерде, мерекелік салтанат кезінде ерекше сыйлықпен қуантқыңыз келсе, аудан орталығындағы «Береке» сауда үйіне барыңыз. Ондағы Балтабек есімді жігіттің қолынан шыққан керемет сыйлықтар сіздің талғамыңызға дөп келіп, таңданысыңызды тудырады.
Балтабек Әлисламов Әйтеке би кентінің тумасы. Әкесі Әліби Балмағамбетов теміржолда машинист, ал анасы Бақытгүл Жаншораеева Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепте мұғалім. Отбасындағы үш баланың кенжесі Балтабекке ата-анасы мен ағасы Рысбек, әпкесі Ботакөз үнемі қолдау көрсетеді. Мектептің 9 сыныбын бітірген соң, Ақтөбе көлік және коммуникациялар колледжінен «Көлік қозғалысын басқару және тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығын алды. Алғашқы еңбек жолын «Жантәңір» фотосалонынан бастаған Балтабек болашақта кәсіп ашуды көздейді. Арманын жүзеге асыруды мақсат еткен жас ең бірінші саябақта гироскутер жалға берді. Кәсіпкерлік саласына осылайша қадам басқан Балтабек Әлібиұлы биылғы жылдан бастап, «Береке» сауда үйінен бутик жалға алып, сәнді аксессуарлар, әмиян, сөмке, браслет, қол сағат және түрлі сәнді қолғаптар сатады. Балтабектің сауда сөресінде өзі жасаған сыйлық қорапша мен пакеттер де бар. Бұндай қорапша көлеміне қарай түрлі қабатта дайындалады. Бірінен соң бірі ашылатын оның ішіне фотосуреттер салынады. Әр бөлігі түрлі дизайнмен безендірілген бұл бұйым тарту етушіңізге ерекше сый, естен кетпес естелік болары сөзсіз. Бізге фотоальбом кейпіндегі қорапшаны ұсынған Балтабек оны алғашқыда интернеттен қарай отырып, қызығушылықпен қарапайым қатырма қағаздан жасап көргенін айтты. Бұл ісі сәтті шыққан соң сапалы материалдан қорапша жасап, сатылымға шығарған.
Сыйлық салуға арналған қалталар да әсемдігімен көз тартады. Сыртында «Туған күніңізбен!», «Аяулы анашыма», «Сүйікті құр­быма» деген секілді ыстық лебіздер жазылған қалташалар сіздің құрметіңіздің бағасын одан әрі асырып, сыйлық таңдаудағы талғамыңызды танытады.
«Бұрыннан кәсіпкерлікке деген қызығушы­лығым басым болды. Басқа мамандық бойынша білім алдым. Алайда кәсіпкерлік саласына үнемі бүйрегім бұрып тұратын. Ойлана келе, сауда-cаттықпен айналысуды жөн санадым. Бастапқыда мені қандай бұйым сұраныста болатындығы ойландырды. Өзім ер адам болғандықтан жігіттердің, жалпы ер кісілердің қолданатын дүниелерін сатуға шешім қабылдадым. Ерлерге арналған сөмке, қол сағат, әмиян, белдік әкелдім. Маған көбіне сыйлыққа зат іздеген жандар келетін. Бір жолы тұтынушылардың бірі «Сізде қыздарға арналған қол сағат бар ма?» деді. Сол сәттен бастап, қыз-келіншектерге арналған аксессуарларды неге алып келмеске деген ой келді. Қазір көріп тұрғаныңыздай бұл жерде бәрі бар. Сыйлық та, өзіңізге түрлі аксессуар да таба аласыз», – дейді Балтабек Әлібиұлы.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

08 желтоқсан 2018 ж. 1 771 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 97

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930