Мемлекеттік қызметшілер әулеті
Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен мемлекеттік қызметке 20 жыл толуына орай конкурс ұйымдастырылды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыстағы мемлекеттік қызмет династияларын таныстыру мақсатындағы бұл шарада мемлекеттік қызметшілер өз отбасы туралы әңгімеленген бейнероликтер ұсынды.
Сындарлы сынақта Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев «Мемлекеттік қызметшілер әулеті» тақырыбындағы бейнероликтер байқауының жеңіс тұғырына көтеріліп, жеңімпаз атанды. Оған департамент басшысы Абзал Мұхимовтың грамотасы мен естелік сыйлығы тапсырылды.
2017 жылдың тамыз айынан Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиев 1978 жылы Берік Бисембаев пен Қантай Жұмағазықызының шаңырағында дүниеге келген. Әліби осыған дейін аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болған. Оның әкесі көп жылдар мемлекеттік қызметте еңбек етіп, Қазалы ауданының дамуына ерекше үлесін қосқан абыройлы азамат.
Әліби Берікұлының ата-анасы балаларын «Үлкеннің алдында иіліп сөйле, кішінің алдында сызылып сөйле, иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді, сызылып сөйлегеннен сөзің үзілмейді» деп тәрбиеледі. Оның бауырларының бірі бүгінгі таңда мемлекеттік қызметте болса, енді бірі заңгер, экономист, мұғалім, дәрігер мамандығымен елге қалтқысыз қызмет етуде. Бұлар осындай өсіп-өнген өнегелі әулет.
Ж.АЙТУҒАН