Көлік қызметкерлері құрмет төрінде
Аудан орталығындағы оқушылар үйінде ел мен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік қызметкерлерінің мерейлі мерекесіне орай салтанатты кеш өтті. Мезгілдің ыстығы мен суығына, уақыттың күні мен түніне қарамай, еселі еңбек етіп жүрген темір жол тарландарының ел экономикасын еселеудегі қосар үлесі зор. Темір жол темірдей тәртіпті, жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Осындағы жүктелген міндетті мінсіз, тапсырманы тиянақты орындап жүрген сала мамандары қандай мақтауға да лайықты.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысып, көлік қатынасын өрге сүйреп жүрген көлік қызметкерлерін құттықтаған аудан әкімі М.Ергешбаев: «Құрметті көлік қызметкерлері! Дәстүрге сай, біз тамыз айының алғашқы жексенбісінде Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтеміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында егемен елімізде көлік атаулының қандай түрі болса да тиімділігі мен өнімділігін арттырып, халқымызға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Біз оны күнделікті өмірімізден көріп жүрміз. Қай жаққа сапар шексек те көлік қызметі дайын тұрады. Бұл – ел Тәуелсіздігінің жарқын бір көрінісі. Сондай-ақ, осы салада аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі деп білемін. Көлік инфрақұрылымының аса маңызды құрылымдары кәсіпорындар мен халықты жолаушы және жүк тасымалы қызметімен қамтамасыз етіп отырған темір жол торабы. Соңғы жылдары ауданымызда көлік саласы қарқынды дамуда. Сонау Түрксібтен бастау алатын теміржол саласының маңызы бүгінде артып, жаңа реформалар мен әлемдік үлгіге сай қызмет көрсетуге қадамдар жасалуда. Бұның барлығы Сіздердің маңдай терлеріңіз бен еселі еңбектеріңіздің нәтижесі.
Құрметті көлік қызметкерлері дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, атқарып жүрген жұмыстарыңызға толағай табыстар тілеймін», – дей келе, мерекеге мерейлі жеткен мақтаулы мамандарға «Алғыс хат» тапсырды.
Сондай-ақ, 100 жылдан астам тарихы бар темір жол бойында жүздеген, мыңдаған адам еңбек етіп, құрметті атақтар мен абыройға бөленді. Ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет атқарып, өз іздерін басып, істерін жалғастыратын лайықты буын тәрбиелеген аға ұрпақ өкілдеріне, яғни, Қазалы темір жолы тарихына өзіндік қолтаңбаларын қалдырған темір жол майталмандарына шексіз алғысын білдірді.
Салтанатты шара соңы темір жол мен автомобиль көлігі саласы қызметкерлері құрметіне қойылған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА