Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерен еңбек жемісі

Ерен еңбек жемісі

Қабылдың әкесі Жетес жер-ананы идірген, «Еңбек Қызыл Ту» орденді даңғайыр диқан болған. Сырдарияның төменгі ағысындағы қазіргі Бекарыстан би ауылында көп жылдар бойы күріш егіп, ел молшылығын жасауға араласты. Маңдай терін тамшылата төгіп, қар талдыра еңбек етіп, үнемі озаттар сапынан көрінді.
Жасынан жанына жақын жанның өнегесін үлгі тұтып, дастарханның сәні мен берекесін келтіретін ұлық ас – нанның оңайлықпен өндірілмейтінін көкірегіне тоқыды. Жоғарғы сыныпқа көшкен кезде жүрек түкпірінде «Ауыл шаруашылығы саласының маманы болсам, шіркін!», – деген арман бой көтерді. Талабы тас жарып, Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына түсіп, агрономдық диплом алды. Мамандығына сәйкес туған ауылында гидротехник, агрономдықты атқарды.
Іскерлігімен танылған жас 1986 жылы Қызылту, осы күнгі Жалаңтөс баһадүр ауылында бас агрономдықтың тізгінін ұстады. Дала еңбеккерлерінің алтын астық тауларын тұрғызып, белгіленген межелер үдесінен шығуын қамтамасыз етті. Кейін Кеңес одағы ыдырап, іргелі шаруашылықтар таратылды. Бұл осы тоқырау кезеңінде де қалаған кәсібінен қол үзбеді.
Агроөнеркәсіп саласының небір ыстығы мен суығын бастан кешіріп, өмірлік тәжірибесі толысқан Қабекең 1996 жылдан бері Жалаңтөс батыр жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің №1 бригадасына жетекшілік жасайды. Ынтымағы жарасқан ұжымда тәжірибелі дихандар мен механизаторлар баршылық. Олар «Бірлік бар жерде, тірлік бар» қағидатын берік ұстанады. Бригада мүшелері көгілдір көктемнен қоңыр күзге дейінгі толастамайтын тынымсыз шаруа үстінде ұйымшылдықтың арқауын үзбейді. Ортақ істе бір-бірінен көмегін аянбайды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығар¬ғандықтың арқасы шығар, береке¬лері тасып, абыройлары артып келеді.
Осы орайда дихандар Медет Көшербаев, Марғұлан Әметов, Талғат Жұбанов, Сәдуақас Көкелеков, Нұрхан Жидебаев, Бақытбек Құманәлиев, механизаторлар Марат Маханов, Жарылқасын Қабылов, Төрехан Мылтықбаев¬тың қажырлы еңбектерін айрықша атап өткен орынды. Бұлардың бірі дархан дала төсінде жайқалта егін егіп, мол өнім өндірсе, енді біреулері қиындықпен өскен егінді төкпей-шашпай қамбаға құю жолында аянбай тер төгіп жүрген жайсаң жандар. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын абзал азаматтар 2017 жылы 300 гектар ескі жоңышқаны күтімге алып, 150 гектар жоңышқа, 100 гектар бидай, 430 гектар күріш егіп, жиын-терімді үлгілі жүргізуге белсене атсалысты. Бүгіндері алдағы маусымның қамын жасауда.
Еңбек – ер атандырады. Әріптестерімен жылы тіл табысып, ел ырзығын тасытуға лайықты үлесін қосып жүрген Қабыл Жетесұлының мерейі үстем. Ол жуырда Тәуелсіздік мерекесінде Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Біз мұны еңбек адамына көрсетілген әділ баға, көп жылғы ерен еңбегінің жемісі деп бағалаймыз. «Тауық жылына өкпеміз жоқ. Менің алған марапатым – біздің ұжымның жетістігі», – дейді Қабыл.
Сахи ҚАПАР.
03 қаңтар 2018 ж. 1 826 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930