«Сұлутам» кентті көріктендіруге қауқарлы ма?
Тұрғылықты үй-жайды мерзімімен күтіп қарамаса уақыт өте оның тозығы жетеді. Әсіресе, көпқабатты үйлердің жай-күйін бір орталықтан бақыламаса, көше келбетінің сұрқы қашатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан тоқсаныншы жылдары Счастнов пен Жанқожа батыр көшелерінің бойында орналасқан бес қабатты үйлерді күтіп-қарау мақсатында «Сұлутам» пәтер иелері кооперативі құрылған.
Қазіргі күні аталған ПИК-ке Әлмұрат Аманов басшылық етеді. Ол келгенде 5 қабатты үйлердің халі мәз емес-ті. Алғашқы күннен-ақ, Әлмұрат Әйтеке би кенті әкімдігімен қойын-қолтық жұмыс істеп, жауапты мекемелер арқылы коммуналдық қызметтерді реттеді. Кезең-кезеңімен пәтер иелеріне қажетті жарық, су, жылу, кәріз жүйелерін бір ізге келтірді. 2011-2020 жылдарға арналған «Термо жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тұрғындардың келісімімен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шатырлар бітеліп, жертөлелер тазартылды. Үй-жайлардың іші-сырты әктеліп, сырланды. Подъездерге дыбыстың әсерімен жанып-сөнетін жарық және кодпен ашылатын темір есіктер орнатылды. Ауладағы демалыс орындары ретке келтіріліп, тазалық барысы қалыпқа түсті. Осындай жауапкершілікті ұғынған іскер азаматқа «Мелориатор» ықшам ауданының санитарлық-тазалығын бақылау осы жылдың шілде айында қоса тапсырылып, үлкен сенім білдірілді.
ПИК деген не және оған не үшін ақша төлейміз?
Осы мәселе халыққа түсінікті болуы үшін алдымен – жеке меншік пәтер иелері кооперативінің қызметі мен міндеті жайлы аз-кем сөз қозғасақ. Аталған ПИК – меншік иесі емес, тұрғындарға қызмет көрсетуі тиіс менеджер. Бұндағылар ағымдағы жөндеу ісіне қолдау көрсетуі тиіс. Мәселен, жертөлелерді, дәліздерді үй маңындағы аумақты тазалау, подъезге кіреберіс есікті жөндеп, ұстауға мүдделі. Тұрғындар тарапынан төленетін ақша ағымдағы жөндеу жұмыстары мен қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалады.
Әр жылдың аяғында ПИК төрағасы тұрғындар алдында есеп беріп, қаражаттың еңбекақы қорынан басқа қандай мақсаттарға жұмсалғанын айтады. Жұртшылық қанағаттанбаған жағдайда, бақылау комиссиясының тексерісін тағайындайды. Оның құрамына жеке меншік пәтер иелерінің жалпы жиналысында сайланған адамдар кіреді. Комиссия ПИК қызметінен ақау тапса, сотқа жүгіне алады. Дайындалған есебі бір парақта болмайды. Онда квитанциялар мен есеп шоттарының бәрі қоса тіркеледі. Бақылау комиссиясы мардымсыз жұмыс істесе және тұрғындар оның қорытындысымен келіспесе, аудит қызметіне жүгінеді. Ол – ақылы. Бұған лицензиясы бар кез келген аудит фирмасы жарайды. Аудитті сот арқылы тағайындатуға болады, бірақ ол да тұрғындардың есебінен жүргізіледі.
ПИК көп қабатты тұрғын үйді ұстау бойынша барлық мәселелерді шешеді. Тұрғындар жалпы қолданыстағы орын-жайларды – дәліз, кіреберіс, шатырдың асты, жертөлені күту мен аймақты жинау шығындарын төлейді.
Қолқаны қапқан иіс, сұрықсыз көрініс
Бұл «Мелиоратор» ықшам ауданының бұрынғы сиқына берілген баға. Қазіргі кейпі тым бөлек. Ешқандай заңды құжаты дайындалмастан ретсіз салынған күркелер бұзылып, темір вагондар алынуда.
Төрағаның айтуынша, «Мелиораторда» 23 екі қабатты үй бар. Сондағы тұрғындардың өздері мұндай өзгеріске іштей разы. Олар бірінің үстіне бірі тақалып салынған сарайлардан арылып, кең тыныстап жүргендерін жасырмайды. Жан-жағындағы жағымсыз иістер де жайлап басылуда. Септик сыртына сарылдап ағып жататын сасық су тазартылып, уақытылы тартылады. Маңайдың сәнін кетірген 57 әжетхана бұзылып, жойылды. Оның орнына типтік үлгіде салынған 6 әжетхана пайдалануға берілді. Қолданыстағы 4 септик жөнге келтіріліп, бітеліп қалған алты метрлік тағы біреуі қоқыстан арылтылып, іске қосылды.
- Көрініп тұрғандай ықшам ауданның жан-жағы тазартылып, ретке келтірілді. «Қазалы Көркем Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Нәтижесінде тұрмыстық қатты қалдықтар тасталатын 20 контейнер қойылды. Серіктестік аптасына бір мәрте қоқысты алып тұрады. Тазалыққа 5 жұмысшы жауапты. Олар «Мелиоратор» аумағы мен әжетхана тазалығын қадағалайды. Контейнерді бақылайды. Жоспар бойынша биыл подъезді сырлап, әктеп, шатырды бүтіндеу керек болатын. Күн суытуына байланысты бұл шаруа келесі жылға қалды. Сол кезде қосымша адам алу жоспарлануда. Алдағы уақытта термо жаңғырту бағдарламасымен 11 үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, домофон есігін қоюды көздеп отырмыз, – дейді Ә.Аманов.
Бұл бағдарламаға бюджеттен белгілі мөлшерде ақша бөлінеді. Оны пәтер иелерімен келісе отырып, 7 немесе 17 жыл аралығына бөліп төлеу шарты жасалады. Әрине, қаржы жүрген жерде дау-дамай болары сөзсіз. Сондықтан кез келген кіріс пен шығыс арнайы журналға тіркеледі.
Қазір кооперативте есепшілер: Индира Пірімбетова, Марина Аманова, сантехниктер: Көптілеу Батырбеков, Алпысбай Жүсіпов, электрик-дәнекерлеуші Ерлан Жақсылықов, кассир Алмагүл Ысқақова және 4 тазалықшы жұмыс істейді. Осының барлығын бригадир Жанат Берекет бақылап, қадағалайды. Ол тазалыққа және тәртіпке жауап береді. Ал тәртіпке бағынбағандарға айыппұл салғызады.
- Тұрғындар күн-түн жүрген еңбегімізді түсіне бастады. Талапты орындамағандарды түсінігі бар азаматтардың өздері әшкерелейді. Кейбірі әлі де мойынсұнғысы келмейді. Жұмысшыларға ауыр сөздер айтып, балағаттап жатады. Ондайлардың үстінен арыз жазып, сотқа жүгінеміз. Біреулерге ескерту беріп, кешіріммен қарадық. Ендігі жерде өрескел әрекеттерге шара көрсетіледі. Қоршаған ортаны ластағандар қатаң жазаланады, – дейді Ж.Берекет.
Жаңа жоспар, келісті аула
Аудан әкімі М.Ергешбаев бастаған топ осы жылдың тамыз айында «Мелиоратор» ықшам ауданының жай-күйімен танысқан болатын. Сол жолы аудан басшысы айналаның көркін кетіріп тұрған сарайларды жөнге келтіруді тапсырды. Оған қажетті техника да бөлінді. Міне, содан бері біршама жұмыстар атқарылып, 10 тоннаға жуық үйінді арнайы полигонға апарылды. Келешекте бос алаңға жаттығу-сауықтыру құралдарымен жабдықталған орталық орналастырылады. Балалар ойын алаңын да салу жоспарда бар.
Сондай-ақ, бұзақылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында бейнекамера құрып, жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Келешекте жер қатынастары бөлімі арқылы барлық тұрғынға белгіленген мөлшерде гараж немесе сарай тұрғызуға заңды рұқсат берілген құжат дайындалады.
Алға қойған мақсатымен бөліскен Әлмұрат Аманов мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, кооперативті қажетті техникамен қамтамасыз етуді де ойлап жүргенін жеткізді.
P.S. Әйтеке би кентіндегі «Мелиоратор» мөлтек ауданының санитарлық тазалығын жақсартып, кент келбетін ажарландыруға атсалысқан «Сұлутам» пәтер иелері кооперативі ұжымының тірлігі мығым. Ондағылардың алға қойған міндеттер үдесінен шығарына сенім мол.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА