1368 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды
Қызылорда облысында биыл 1300-ден астам әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Аталмыш деректер жергілікті дәрігерлердің тұрғындарды скринингтік тексеру шаралары арқылы белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мамандары бұл мақсатта арнайы шаралар өткізіп келеді. Скринингтік тексерістің маңыздылығын тұрғындар арасында түсіндіреді. Биыл осы мақсатта «Ескерту - түзетуден оңай» ұранымен 10 күндік акция болып өтті. Ол жылма-жыл тұрақты түрде қолға алынып келеді. Үстіміздегі жылы 22 мыңға жуық әйел тексеруден өтті. Олардың арасында 1368 нәзік жандыдан сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Оның ішінде 70-і қатерлі ісіктің алғашқы сатысында тұрғандар екен.
«Жалпы, аурудың пайда болу себептерін зерттеп көргенде, оның төмендегі жағдайлардан туындағанына көзімізді жеткіздік. Әйелдер уақытылы тамақтануға назар аудармайды. Сондай-ақ, сәбиді емізуді ерте тоқтатып, дене қозғалысына көп көңіл бөле бермейді», - деді Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Гүлзат Есболова.
Дәрігерлер осындай жағдайларға баса назар аудару қажеттігін айтады. Оны асқындырып алмай, ерте анықтауға мүмкіндік бар. Ол аурудың алдын алады.