Байланыс жүйесінің білікті маманы
Қазалы аудандық телекоммуникация торабы өткен жылдың қараша айынан бастап Қызылорда облыстық телекоммуникация дирекциясының Қазалы желілік цехы болып атауы өзгерді. Яғни, Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекциясы ретінде ауысты. Басты орталықтары Шымкент қаласында орналасқан. Оған Тараз, Шымкент және Қызылорда облыстары біріктірілді. Осы аталған облыстардың ішінде 34 аймақтық бөлім қарамағындағы аудандар мен елді мекендерге үздіксіз қызмет көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазалы желілік цехында отыздан аса оператор, электромонтер мен электромеханик тынымсыз тер төгеді. Солардың бірі – білікті маман Ғалымбек Жанәділов жайлы айрықша айтуға болады. Ол «Қазақтелеком» акционерлік қоғамында тапжылмай 24 жыл электромонтерлік қызметін сапалы орындап келеді.
Қазалының тумасы Ғалымбек Рахымұлы зайыбы Роза екеуінен өрбіген 3 қыз бен 1 ұл тәрбиесіне араласып отырған бақытты жан. Ол аудандағы қалааралық телефон байланысының жақсаруына және ай сайынғы жоспардың мерзімінде орындалуына сүбелі үлесін қосуда.
«Бүгінде аудандық «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына өз ісінің майталманы Шамшадин Өксікбаев басшылық етеді. Қазалы желілік цехында барлығы елуге жуық маман халыққа қызмет көрсетеді. Мұндағы электромонтерлер мен электромеханиктердің жұмыс сапасын жетекші инженер Нұрлан Нұрманов пен жетекші маман Баян Сералиева қадағалайды. Біздегі қызметкерлер қолданыстағы жабдықтарды цифрлық жабдықтарға ауыстыру жолымен байланыс жүйелерін жаңғырту, ұялы, жинақы және басқа байланыс түрлерін енгізумен айналысады.
Телекоммуникацияның негізгі телімдерін жаңғырту шеңберінде «Интернет аймағы» қызметі көрсетіледі. Ол телефоны мен модемді компьютері бар тұтынушылардың интернетті пайдалануына жол ашты. Бұл күні аудан бойынша 8038 телефон, 5473 интернет, 567 IDTv құрылған. Сонымен қатар, «Алтел» ұялы байланыс операторымен «Қазақтелеком» АҚ-ның бірлескен қызмет түрі бар. Соңғы 2 жылда «Алтел» ұялы байланысының пайдаланушысы – 1325 абонентке жетті», – дейді Ғалімбек Жанәділов.
Оның айтуынша, Оңтүстік өңірлік телекоммуникациялар дирекциясы арасынан Қазалы ауданының желілік цехы берілген тапсырманы уақытылы атқарып, жоспарды толық орындауда. Атап айтқанда: 2018 жылдың қаңтарында жұмыс істеу қарқыны бойынша төртінші орында болса, сәуір мен мамыр айларында бірінші және екінші орынға көтерілді.
Бекарыстан би, Ақсуат, Ақтан батыр, Басықара, Бірлік, Жалаңтөс батыр, Жанқожа батыр, Қожабақы, Қ,Пірімов ауылдарында қалааралық автоматты телефон станциялары іске қосылған. Осылайша тұрғындардың дүние жүзімен сандық телефон байланысы жолға қойылды. Ал жол қатынасы қиын шалғайдағы және халық аз қоныстанған елді мекендерге байланыс қызметін көрсету үшін «СДМА» ұлттық спутниктік байланыс желісі орнатылды. Қызметкерлердің тынымсыз еңбектерінің арқасында аудандық «Қазақтелеком» АҚ-ның табыс көзі 1 айда 24 миллион теңгені құрайды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА