Заңғар заңның үстемдігі
Осыдан тура жиырма үш жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Еліміздегі жоғарғы құқықтық құжат арқылы Қазақстанның кез келген азаматы өзін қауіпсіз сезінуіне жол ашты. Себебі, оның ел территориясындағы құқығы мен міндеттемелері тайға таңба басқандай анық көрсетілген еді.
Ел экономикасының тұрақты түрде өсуін қамтамасыз етіп, ұлттардың үндестігін қалыптастыруда Конституцияның дүниеге келуі аса қажет. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде: “Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін бізге бүгінгі өмір шындығымен және алдағы уақытпен бірге қадам басып, өткен ұрпақтың іс-тәжірибесі мен жарқын болашаққа деген сенімін жинақтаған Негізгі Заң қажет болды. Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын”, – деп еске алады. Бүгінгі күні сол армандардың алыс еместігіне көзіміз жетіп отыр. Еліміздегі ережелер орнықты жолға қойылып, құқықтық институттар қалыптасты. Бала құқығынан бастап, жұмысшылар, кәсіпкерлер сияқты барлық жеке тұлғалардың құқықтары қорғалуда. Қазіргі таңда Ата заңды негізге алып, оның тұтастығын қадағалайтын ұйымдар облыс, қала және аудандарда жүйелі жұмыстар атқаруда. Олар қазалылықтардың мұң-мұқтаждары мен талап-арыздарын қарап, әділдікке болысады.
Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаевтың берген мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылы прокуратура арқылы 1037 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған. Еңбекақысы кешіккен немесе мүлде ала алмай жүрген 586 қызметкердің 3809000 теңге көлеміндегі жалақылары өндірілген. 402 азаматтың денсаулық сақтауға байланысты құқықтары қорғалып, 44 тұлға заңсыз жауапкершіліктен босатылған.
Қазақтың ардақты перзенті Бауыржан Момышұлы: “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды”, – дейді. Бұл жауынгерлік рухы көптеген елдің әскери жасағына үлгі ретінде дәріптеліп жүрген батырдың сөзі. Ата заңның абыройын асқақтатып, оның тұтастығы мен өткірлігін сақтау арқылы әлемдік аренада үздіктер қатарынан табылатынымызды, сол арқылы әр азаматтың, бір сөзбен айтқанда, бақытты ғұмыр кешетінін естен шығармағанымыз абзал.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ